• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2016

Сәні кеткен сервис

275 рет
көрсетілді

Қоғамдағы ешбір адамның халыққа қызмет көрсету саласын айналып өте алмайтыны хақ. Тіпті қызмет көрсетушінің өзі басқа бір қажеттілігін өтеуде екінші бір қызмет көрсетушінің жұмысына жүгінеді. Бірімен-бірі жіпсіз байланған, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын дөңгеленген дүние. Ал осы дөңгелеген дүниедегі тетіктердің барлығы бірдей мүлтіксіз қызмет атқаруда ма? Өзге жұртта мінсіз болғанымен, дәл біздің елімізде ол мүлдем ақсап жатыр. Дүкенге бардық. Сатушының қату қабағы, орнынан керенау тұрып, сұраған затыңды әзер әперетініне көзі­міз де, бойымыз да үйреніп бара жат­қандай. Іші-сырты жарқыраған, кең сарайдай сауда ойын-сауық орта­лық­тарының өзінде қызмет көрсету әр түрлі. Бірі амандасып: – Не іздедіңіз? – деген сұрақпен қарсы алса, көпшілігі кірген адамның бас-аяғына қарап, көзі­мен шығарып салып жатады. Бірде мына­дай жайттың куәсі болғаным бар. Сауда орталығындағы белгілі бутиктің бірі. Киім өлшеп, айнаға қарап тұр едім, ішке екі адам кірді. Қойған сауалдарына сатушы қыз маған айтылып тұрғандай кейіп танытып жауап бермеді. Мен: – Ана кісілер сұрап жатыр ғой, менің өлшейтін тағы бір көйлегім бар, соған дейін бара беріңіз деп едім, – Ой, қойыңызшы, бәрібір ештеңе алмайтын адам екендері түрлерінен көрініп тұр ғой, – деген әлгі кісілерге естірте. Бұлай жасауға болмайтынын қызға ескертіп кеттім, ой түйді ме, күмәнім бар. Осы әңгімені айтқанымда бір жас қыз: – Апай, қазір екі киімді киіп көріп ұнамай, үшіншісін өлшейін десең кәдімгідей қиналады, ал құдай салмасын, әлгі жерден егер ештеңе алмасаңыз, онда қабағын түйіп, – Алмайтыныңыз бар, неге барлығын кие бересіз деп, қолыңыздағыны жұлқа тартып, ілгішіне іліп жатып сөйлеп тастайды, – деген. Иландым. Ас ішуге әлдеқалай дәмханаға кіре қалсаңыз мәзірді қолыңызға ұстатқан даяшыңыз келіп болмайды. Сіз асығыссыз ба, уақытыңыз тап­шы ма оған бәрібір. Қол бұлғап шақы­рып, тапсырысыңызды беріп, жағдайыңызды айтып, енді дұрысталар, асығар десеңіз де көпшілігінде ойыңыз жайына қалады. Тағы да сол күту. Адамдардың бір-біріне қатыгез­деніп, жылы сөйлеудің орнына жат қабақ танытуы нормаға айналып бара жатқандай. Қызмет көрсетудің қай түрін алыңыз, алдыңызды қаттылық орайды, тіпті аяқ алып жүргізбей барады. Дәрігерге барасыз ба, шапшып тұр, қоғамдық көлікке отырасыз ба, ішіне адам емес, ағаш тие­гендей ойқастап, тарпаң жүріске салғанда шайқалғанды қойып, құлап қала жаздайсыз. Шаштаразға кірсеңіз сіздің шашыңызды сәндеу керектігі ұмытылып, 5 сағат үйдегі баласымен сөйлесіп, мысыққа тамақ беру жайы айтылады. Қайшысы қолында, басын қисайтып қойып телефонмен сөйлесіп тұрған қыз, әлде жігіт, оқыста құлағыңызға қайшысын да тигізіп алуы мүмкін. Ертең дүйім ел келіп, ЭКСПО өткі­зіп, жеті жұрттан адам ағылар, елі­міздің бас қаласы – Астанада қыз­мет түрлері осылай көрсетілгенде бас­қа жерге қандай өкпе айтарсың. Ойы­мыз аспанда, туризмді дамытып, мем­ле­кетіміздің қазынасын қомақты қар­жымен қомпайтқымыз келеді. Мына түрмен шетелдік турист түгіл Қазақс­танның өз азаматы қашып кетердей. Халықтан түскен қаржыдан жа­л­а­қы алып, елге қызмет көрсетеді дей­тін мемлекеттік органдардағы қыз­мет­­керлерді айтсаңызшы. Халыққа қыз­­мет көрсетуші емес, өздерін Үнді­с­тан­ның жоғарғы кастасындағы брах­манындай сезініп, әзер жауап бере­ді. Амандығының өзі сатулыдай. Жады­рап жымиып сәлемдессе, бар шаруаң шешілгендей мәз боласың. Басқаны айтпағанда, түркітілдес бауырларымыз өзбектер мен түріктер бізден көш ілгері. Жайылып жастық, иіліп төсек болып, анасын бір, мынасын бір жадырай алдыңызға тосып, әйтеуір қалтаңыздағы қаржыны қағып алады. Әлде бізге ақша керек емес пе?! Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»