Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Француз Республикасы Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі Құрлықтық Еуропа департаментінің директоры Флоранс Манженді қабылдады.
Д.Назарбаева Франция Қазақстанның Еуропалық одақтағы саяси және экономикалық негізгі әріптесі болып табылатынын атап өтті. Жүздесушілер екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне де назар аударды. Гуманитарлық ынтымақтастық, атап айтқанда, университеттер арасындағы ғылыми байланыстарды тереңдетудің келешегі талқыланды. Қазақстан мен Франциядағы дінтану пәнін оқытуға қатысты тақырыптар да қозғалды.
Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы пікір алмасылды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.