Тәуелсіздіктің ширек ғасырында шешімін таппаған бір мәселе бар. Әркім әр тарапқа тартып, білгенінше амал етіп келеді. Сонда да қазақ қоғамы нақты бір тоқтамға келіп, кесімді сөзін айтқан жоқ. Әйтеуір әрі тарт та, бері тартпен жүргенімізде 25 жыл да зыр етіп өте шығыпты. Ал біз ала-құла қалпымызда әлі жүрміз. Айтып отырғанымыз, адамның тегіне қатысты мәселе еді.
Қазақтың тегін қалыпқа келтіру мәселесінде Шерхан Мұртазаның бір күнде революциялық өзгеріс жасағанын білетін шығарсыз. «Егемен Қазақстанда» қызмет етіп жүргенінде бүкіл қызметкерімен қосылып «ов» пен «ев»-тен арылып, қазақы түсінік пен қалыпқа сай фамилия қалыптастырды. Дегенмен, бәріміз осыған тоқтадық дей алмаймыз. Одан кейін атасының атына «тегі» сөзін жалғаған, «ұлы» деген ұғымды қолдаған, «немересі» деп те жазғандар болды. Солайша, біз тегімізді әлі бір қалыпқа сала алмай келеміз.
Кеше ғана Олимпиада өтті. Өзге елдердің спортшыларын таныстырып жатқанда фамилиясына қарап, қай елден екенін аңғара беруге болады. Ал біздің көптеген спортшыларымыз осы күнге дейін отарлаушы елдің жалғауынан ажырамаған. Әлемге өзіміздің шын әлпетімізді көрсете алмайтындай не көрінді бізге? Тұтас қоғам бір тоқтамға келіп, барлығымыз тегімізді бір ізбен жаза алмайтындай бірлігіміз жоқ па еді? Әлде осылай ала-құла қалпымызда жүре береміз бе? Тұтас ұлттың бейнесін көрсететін мәселеге бей-жай қарап, немкеттілікпен жүре беруге болмайды деп ойлаймыз. Сондықтан нақты қадамға бару керек.
Өз басымыз Шерағаң ұсынған қалыпты ұстанамыз. Кейбіреулер «аты қайсы, тегі қайсы, түсініксіз, жаңылтпаш сияқты» деуі мүмкін. Айтайық, Джордж Буш дегенде аты мен тегін шатастырмайсыз ғой. Барак Обама десе де солай. Жак Ширак атын естігенде де бас қатырып отырмайсыз. Тіпті, Усама бен Ладен дейтін терроршының аты аталғанда «осының фамилиясы қайсы?» деген сұрақ қоймайсыз. Ал осы ізді қазақы қалыпқа салғанда, аяқасты шатаса қаласыз. Неге? Өйткені, біз аты-жөнімізді жазуда Кеңес Одағы енгізген жүйеден шыға алмай отырмыз. Алдымен тегі, онан соң аты, ең соңында әкесінің аты жазылатын баяғы қалыппен ойлаймыз. Содан келіп шатасу басталады. Фамилиясының соңында жұрнағы жоқ жандарды көрсеңіз «осылар-ақ шатастырып болды-ау» деп отырғаныңыз сосын. Сондықтан адам атын бірінші, әкесінің атын екінші, тегін үшінші жазылатын жүйе жасалуы керек. Балабақшада, мектепте, университетте, қызметте, құжат беретін орындарда, қоғамдағы қай жерде болмасын адам аты алдымен жазылатын нұсқау берілуі қажет. Осыдан соң шатасқан, «жаңылтпаш» деген адам табылмайтынына бәс тігеміз.
Әлдекімге елеусіз, ескерусіз, болмашы дүние сияқты көрінетін шығар. Дегенмен, ұлттың ұстынын көрсететін, шын бет-бейнесін беретін бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әрі-беріден соң тегімізді түзей алмай жүргеніміздің өзі құлдық психологиядан арыла алмай, жалтақ кейіппен өмір сүріп жатқанымыздың көрінісі сияқты қабылдануы бек мүмкін. Өз алдына ел болып, өз қолы өз аузына жеткен дербес, азат, егемен, тәуелсіз елдің ұрпағына мұндай қылық тән болмаса керек...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА