АҚШ туралы әңгіме қозғала қалса, сап етіп есімізге алдымен «Азаттық ескерткіші» түседі. Одан соң іле-шала «америкалық арман» қанаттасады. Германия десеңіз, тап-тұйнақтай тәртіпке дағдыланған неміс халқы, автомобилі ойға оралады. Ұлыбритания өзінің ақсүйектік басқаруға негізделген монархиялық сипатымен, халықаралық қарым-қатынас тіліне айналған ағылшын тілімен ерекшеленеді. Жапония десе, самурай, технология, «жоқтан бар жасайтын» ілкімді жапондықтар көңіл түкпірінен атойлайды. Франция десе, сән өнері, Эйфель мұнарасы көзге ұрады. Бразилия туралы сөз қозғала қалса, футбол, Пеле, карнавал менмұндалайды. Бокс Куба елінің басты синониміне айналған. Оның ар жағында «Бостандық аралы» десе, Фидель Кастроның елін басқамен шатастыра алмайсыз.
Қазақ десе, Қазақстан десе, миға алғаш сәулесін түсіретін сөз немесе ұлттың рәмізіне айналған бейресми нышан қайсы? Осыған орай өз пікірімізді ортаға салып көрелік. Айту – бізден, қабылдау – сізден...
Қазақ тарихында «Алтын адамның» орны бөлек. Археологтар 1970 жылы Алматыдан 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан «Алтын адам» «қаңқасын» аршып алды. Біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың екінші жартысында Жетісу өңірін мекендеген сақ тайпасының көсемі, дейді тарихшылар «Алтын адамды». Қорғанда қазба жұмыстарын жүргізу барысында ежелгі тайпалардың біздің заманымызға дейінгі V ғасыр шамасындағы мәдениеті, өнері, діні төңірегінде құнды материалдар да табылды. Бұл біздің бабаларымыздың тарихының қай қиырларға жетелейтінін көрсетеді. Тарихының ғана емес, олардың мәдениеті мен өнері жоғары деңгейде болғандығын «Алтын адам» сияқты құнды жәдігерлер айғақтайды.
Тарихшылардың дерегіне сүйенетін болсақ, сақтардың тіршілігі, тұрмысы, киім киісі Қазан төңкерісіне дейінгі көшпелі қазақтармен ұқсастығы көп көрінеді. Сондай-ақ, зерттеушілер сақ тайпасының бейбітсүйгіш тайпа болғанын айтады. Алайда, жатжұрттықтар тарапынан шабуыл жасалатын болса, сақтар шабындықтарын, сулы алқабын, малы мен баспанасын қаһармандықпен қорғаған. Осылардың барлығы қазақтың қай заманғы да өмірлік ұстанымымен астасып жатыр емес пе?! Олай болса, қазақтың синониміне, бүгінгіше айтқанда, брендіне «Алтын адам» айналып жатса, несі бар!
Қазіргі кезде қазақ топырағынан табылған «Алтын адамды» әйгілейтін насихат жұмысы жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатыр деп айту қиын. Бәлкім, тарихпен әуестенушілер «Алтын адамның» тарихынан хабардар шығар. Алайда, қалың қауым біле бермейді. «Алтын адамды» жан-жақты насихаттау арқылы Қазақ елін дүние жүзіне мәшһүр етуге мүмкіндік туады. Бұл бір жағынан ұлттың тамырын қатпарлы тарих қойнауларына тереңдете түседі. Оның сыртында қазақ топырағындағы мәдениет пен өнердің биік деңгейде болғандығын жаһанға паш етеді. «Дүниенің кілті бізде ғана болған» деп астамсыған Қарт құрлықтың мәдениетіне, сол арқылы Шығыс мәдениетіне деген кейбір солақай көзқарастарын қайта таразылауына тура келеді. Оған қоса, моңғол-татар шапқыншылығына дейін қазақ даласында өркениеттің ордасына айналған қалалардың болғандығын тарих жүзінде әйгілейді.
Осындай тарихи жәдігерлердің дүниенің түкпір-түкпірінен ілуде біреуі кездесетін-ақ шығар. Ал «Алтын адамның» қазақ топырағынан бір емес, бірнешеуі қатар табылып жатса ше?! Бұл сараң тарихтың қазақ ұлтына жасаған мырзалығы ма? 1999 жылы Атырау өңірінде Аралтөбе қорғанынан табылған «Алтын адамды», 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті қорғанынан табылған «Алтын адамды» кездейсоқтық деп айтуға ешкімнің де аузы бармайтын шығар. Олай болса, барды бағалай білу, бабалардың рухын асқақтата түсу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. «Алтын бабаларымызды» ұлттық брендке айналдыру осының алғашқы қадамы болса игі.
Шетелге саяхаттаған адамның сол елден кәдесый алып келетіні белгілі. Мұхиттың арғы жағындағы алып елге табан тіреген жұрт «Азаттық» бейнелі базарлықты алып қайтады. Парижге ат ізін салғандар Эйфель мұнарасының кішігірім нұсқасын сатып алады. Ханзулар еліне барғандардың «Қытай қорғаны» жанында естелікке суретке түспейтіні кемде-кем. Үндістанға жолаушылаған туристердің Аграға ат басын бұрып, Тәж-Махалға тәу етпесе, сонда суретке түспесе, онда сапардың толық болмағаны деп біледі. Мәскеуге ат басын тіреген қонақтардың Кремльді тамашалап, Қызыл алаңды қызықтамайтыны некен-саяқ. Бұлар Ресейдің бойтұмары іспетті. Олай болса, қазақ топырағына табаны тиген туристер «Алтын адам» ескерткіші жанында суретке түсіп, асқақ бейнелі «Алтын адамның» кәдесыйын қоржынына салып жатса, керемет емес пе!
Сөздің қысқасы, «Алтын адам» алаштың ұлттық бренді болуға әбден лайық!
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»