• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2016

Төл теңгеміз – елдігіміздің белгісі

364 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы Ұлттық музейде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Теңге – Тәуелсіз Қазақстанның валютасы» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Қазақстан Ұлттық банкі ұйымдастырған бұл шарада төл теңгеміздің тарихы, оның мән-маңызы кеңінен сөз болды. Теңгенің Тәуелсіз Қазақстан үшін маңыздылығын, қоғамдағы рөлін, сондай-ақ, оның тарихын жұртшылыққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға Ұлттық банк басшылары, қоғам қайраткерлері, Ха­лық­аралық банкноттар қоғам­дастығының, ақша белгілерін өндіру саласындағы шетелдік ком­па­ниялардың, қаржы ұйым­дарының өкілдері, студенттер мен нумизматтар қатысты. Жиынды ашқан Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Ғалиева бірінші кезекте аталған шара­ның ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы аясында өткізіліп отыр­ғанына тоқталды. – Қазақстан тәуелсіздік жылдарында көптеген сынақтардан сүрінбей өтіп, өзінің әлеуетін арттыра түсті. Қазіргі таңда Қа­зақ­стан халықаралық қоғамдас­тықтан лайықты орнын алып, өзінің оң бастамаларымен танылуда. Таяуда біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақты емес мүшелігіне қабыл­дан­ды. Бұл әлемнің біздің бейбіт­сүйгіш мемлекетімізге деген құрметін білдірсе керек. Қа­зақстан жаһандық саяси жә­не экономикалық шара­ларға белсенді қатысып келеді. Со­ның көп дәлелдерінің бірі ретінде еліміздің Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ис­лам ынтымақтастығы ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық еткенін атап өтуге болады, – деді Д.Ғалиева. Одан әрі Ұлттық банк төр­ағасының орынбасары елі­міз­дің 2015 жылы ДСҰ-ға қа­был­­­данғанын, Еуразиялық эко­но­микалық одақ шеңберінде тиім­ді жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, Д.Ғалиева төл теңгеміздің тәуелсіз елі­мі­з­дің басты белгілерінің бірі екенін, оның маңызды рөлін сөз етті. – Қазақстан өзінің ұлттық валютасын қиын-қыстау шақтарда жасап шығарды. Нақтылай айтқанда, ұлттық валютамызды шығару сындарлы кезеңге – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс орындары тұралап жатқан тұста қолға алынды, – деді ол. Оның айтуынша, Қазақстанның өз валютасын шығару күн тәртібіне қойылған кезде осы іске қатысты барлық шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке­лей бақылауында болды. Сонымен қатар, Д.Ғалиева теңгенің бүгінгі өміріміздегі рөлін, оның мүмкіндіктерін кеңінен әңгімелеп берді. Бұдан кейін конференция жұмысы сессиялар бойынша жалғасты. І сессия бойынша Қазақстан Ұлттық банкі Банкнот фабрикасы директорының орынбасары Андрей Шевченко «Қазақстан Республикасындағы банкнот өндірісінің тарихы» тақырыбында баяндама жасады. А.Шевченко өз баяндамасында Банкнот фабрикасының тарихын, қазіргі рөлін, оның зама­науи талаптарға сай жаб­дықталуын, көптеген ірі бай­қау­ларда төл теңгеміздің үздіктер қатарынан көрініп жүргенін сөз етті. – Теңгеміздің алғашқы партиясы Ұлыбританияда басылып шықты. Бұл еліміздің алдында өз теңгемізді өзімізде басып шығару міндеті тұрғанын анық аңғартты. Содан 1995 жылы 19 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қа­зақ­станның Банкнот фабри­касы іске қосылды, – деді А.Шевченко. Одан әрі Қазақстан Теңге сарайының директоры Фарит Туғанбаев «Қазақстандағы теңге өндірісінің тарихы» және Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті «Қар­жы» кафедрасының профессоры Дәуренбек Мәжитов «Тәуел­сіздігіміздің 25 жылындағы Қазақстанның қаржы жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» тақы­рыптарында хабарлама жасады. Олар өз баяндамаларын­да теңгенің алғашқы қолда­нысқа енгізілген сәтіндегі оқиға­ларды айта келіп, ұлттық валю­тамыздың бүгінгі беделі, оның заман талабына сай шығарылып отырғаны жөнінде сөз қозғады. Конференцияның ІІ және ІІІ сессияларында Халықаралық банкнот қоғамдастығының, ақша белгілерін шығару бойынша әлемдік бренд саналатын «De La Rue», «SICPA SA», «KBA-Nota Sys», «LandQart», «Grane Currency», «Giesecke & Devrient», «Oberthur Fidu­ciaire», «Fedrigoni» сынды ком­паниялардың өкілдері хабарламалар жасап, төл теңгеміз тұрғысында әңгіме өрбітті. Олардың сөздеріне қарағанда, Қазақстанның теңгесі барлық талаптарға сай шығарылуда. Олардың қорғаныс қабілеті, дизайны озық үлгіде жасалған. Айта кетейік, конференция шеңберінде қатысушыларға Қазақстан банкноттарының және елімізде шығарылған коллекциялық монеталардың көрмесі ұсынылды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»