• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Мақтааралдың қауын-қарбызы Еуропа дастарқанында

335 рет
көрсетілді

Жыл сайын мақта егіле бергеннен кейін жер жарықтық та шаршайды екен. Көбірек өнім алу үшін улы химикаттар көп беріледі. Оның үстіне көсекке түсетін құрт секілді мақта зиянкестері көбейіп кетті. Нағыз суарылатын кезеңде су тапшылығы болып, қозапаялардың солып қалатыны бар. Нұржан осының бәрін екшей келіп, бау-бақша өнімдеріне ден қойған. Бірақ, ойланып-толғанып жүргенде көктемнің көп күндерін бекерге өткізіп алыпты. Кеш екті. Ерте көктем­нен пленка астына көшет егіп алғандар қауын-қар­бызын сатып бітіп жатқанда мұныкі енді нышан беріп жатқан. «Біттім» деп ойлады бұл. «Есіл еңбек, маңдай тер, құйылған қаржы бәрі босқа кетті. Банкрот болды деген осы». Өзін өзі жегідей жеп жүргенде қауын-қарбыздары көңілге қуа­ныш ұялатып, сарыала, торыала болып егістікте жайқалып өсіп жатты. – Бір күні бақшалықта жүрген балам жүгіріп келді,– дейді. Нұржан Түбеков. – «Әке, жердің басына «КамАЗ»-дармен орыстар келді. Қожайынды шақырып кел деп мені жіберді» дейді. Бұл келеді. Бақшалық басында бір емес, бірнеше жүк машинасы екі иінінен демалып ентігіп тұр. Ресейлік алармандар. Олар базардан емес, бақшалық басынан піскен өнімдерді үзіп алу үшін Мақтааралға келген екен. Бұ­дан басқалардың қауын-қарбызы әлде­қашан қазан болған. Бағаны да жерге ұрмай жақсы ұсыныс берді. Биылғы күз диқан қауымына берекесімен кірді. Мақта ек­кен­дердің де көңілі тоқ, бағасы жо­ғары. Бақшалыққа өткендердің де ұрты майлы. Олар 28 мың гектар жерден 610 мың тонна қауын-қар­быз алды. Осының 450 мың тон­насы алыс және жа­қын шетелдерге экспортталған. Жыл­дағыдай емес, диқандар биыл өте жоғары өнім алған. Бүгінде Ресей мен Беларусь мемлекетінен Мақтааралдың бақ­ша өнімдеріне сұраныс көп. Бұл жақтың табиғатына қарағанда ол мемлекеттерде күн салқын, жа-уы­н­-шашын көп. Мезгілінде пісіп үлгермейді. Қызық болғанда, Оңтүстіктің бау-бақша дақылдарын тасымалдайтын Ресей және Беларусь кәсіпкерлері бір бөлігін Батыс Еуропаға сатады екен. Сонда Мыр­­зашөл диқандарының бей­нетімен өскен, күн көзінен қуат алған шы­рын қауын-қарбыздардың еуро­палықтар дастарқанының көркі болғаны ғой. Мақтаарал мен Ресейдің арасын айдау жол жасаған кәсіп­керлеріміздің бірі Андрей Соко­лов: «Бұл жақтың қауын-қарбызының дәмі ерекше. Күн көзіне жақын болғандықтан шығар. Ал біздің жақтың осындай бақша дақылдары сырты көз тартқанымен, сөлі кермектеу, қанты аз. Сондықтан, біздің тұтыну­шыларымыз Оңтүстіктен апарған қауын-қарбызға ерекше тапсырыс береді», дейді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы