2013 жылы Гарвард университетінің профессоры, америкалық саясаткер-философ Майкл Дж. Санделдің «Ақша не сатып ала алмайды. Нарықтардың моральдық шегі» (Michael J. Sandel. «What money can’t buy. The moral limits of markets») атты туындысы жарық көрген болатын. Кітап айдарынан сезіліп тұрғандай, Майкл Сандел бұл шығармасында нарықтық экономика мен моральдық-этикалық құндылықтар арасына түскен сызаттың бүгінгі таңда тым ұлғайып кеткенін дәлелдейтін мынадай пайымды алға тартады:
«2008 жылғы қаржы дағдарысына түрткі болған үдеріс одан көп бұрын, атап айтқанда, қоғамның өсіп-өркендеуінің, еркіндігінің және табысқа кенелуінің кілті өкіметтердің қолында емес, керісінше, нарықтық экономиканың уысында деп, АҚШ президенті Рональд Рейган мен Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчер жар салған, сонау 1980-жылдары басталған болатын. Соңыра, алдыңғылар секілді Билл Клинтон мен Тони Блэрден де қолдау тапқан әлгі либералдық эйфория 1990-жылдарға дейін жалғасты. Солай бола тұрғанмен, дәл бүгінгі таңда нарықтық экономикаға деген шексіз сенім әлсіреді. Себебі, тым әсіреленіп, асқақтата мадақталып, қоғамды шамасы келмес тәуекелдерге бел буғызған әлгі дәуірдің күні өтіп кетті...».
Шындығында да, М.Санделдің бұлайша түйіндеуіне негіз болатын дәйектер бүгінгі болмыста жетіп артылады. Біріншіден, 2008 жылғы қаржы дағдарысы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында әлем экономикасын жаппай күйретіп кеткен Ұлы дағдарыспен тең түспесе, кем түспегені даусыз. Екіншіден, аталған автор айтпақшы, ХХI ғасырдың бастапқы онжылдығында басталған қаржы-экономикалық дағдарыстың миллиондаған жұртты сансыратып, сондай-ақ жұмыссыздықты шарықтатып жібергені былай тұрсын, адамзат санасын да улап кеткені шындықтан алыс емес.
Осы орайда, кез келген нарықтың қозғаушы күші мен тетігі сұраныс пен ұсыныс дей тұрғанмен, М.Сандел әлгі нарықты мораль мен этика тұрғысынан таразылай келе, оның көлеңкелі астарының да бар екенін оқырман қауымға жайып салады және өз пайымын дәлелдеу үшін келтірген ұтымды дәйектерінің барлығы дерлік көкейге қонады әрі нарықтық экономиканың мораль мен этикадан аттап кететін тұстарын дәл суреттейді.
Айтса, айтқандай-ақ, сұраныс пен ұсыныс қатар жүрген бүгінгі нарық заманында болсын, өткен дәуірлерде болсын, ақшаның сатып ала алмайтын дүниесі мүлде болмаған сияқты әсер қалдырады. Мұның нақты дәлелдерінің бірі ретінде өркениеттер тарихында құлдыққа адамдар сатылған ұсқынсыз дәуірдің де орын алғанын еске түсіру жеткілікті.
Алайда, ол заман өтті, келмеске кетті деу әлі ертерек. Өйткені, саясаткер-философ Майкл Сандел келтірген дәйектердің ішінде бүгінгі таңда да «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деген секілді қағиданы малданатындардың құлақтары қылтиып тұрғанын байқамау мүмкін емес. Заман өзгерді дегенмен, нарықтың заңы – сұраныс пен ұсыныс өзгерген жоқ. Демек, нарық заманының субъектісі – адам да өзгерген жоқ. Тек сатылатын тауар мен қызмет түрлері ғана өзгерді. Бүгінгі нарықтың сұранысына сай, бағасы удай яхталар мен жүйрік спорт автомобильдері де, алтынмен апталып, күміспен күптелген жиһаздар мен көздің жауын алатын алқа, жүзік, сырғалар да, гауһартаспен нақышталған өзге бұйымдар да, таңдаулы өнер туындылары да, құны аспан тіреген жылжымайтын немесе жылжитын мүліктер де, тіпті нарықтан ауылы алыстау білім беру, денсаулық сақтау, отбасылық өмір, қоршаған орта секілді ұғымдарға қатысты қызмет түрлері де ақшаға сатылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі адамзат нарықтық экономикадан нарық қоғамына жаппай сырғып кеткендей әсер қалдырады.
Бұлай демеске негіз жоқ. Өйткені, бүгінгі нарық жұмыртқадан жүн қырқудың айла-тәсілін шегіне жеткізіп игеріп алған. Бұған бір мысал.
АҚШ-та кептелегі көп жолдардан құтылу үшін белгілі бір мөлшерде ақша төлеп, жылдам жолақпен зымырау мүмкіндігін сатып алуға болады. Немесе тағы бір мысал. Нью-Йорк қаласының Орталық паркінде орналасқан Халық театры әр жаз сайын ашық алаңда Шекспирдің пьесаларын тегін қояды. Бірақ көрермендердің көптігі сондай, әлгі паркке бас сұғу оңайға соқпайды. Мұндай кезде паркке кіру билетін сатып алу үшін қарақұрым адам кезекте сағаттап тұрады. Дәл сол кездерде интернет-сайттарға 125 долларлық ақысы төленсе, билет алып беруге дайын алыпсатарлардың ұзын тізімі жарияланады. Бұл ұсынысқа сұраныс та лезде табыла кетеді. Сөйтіп, кезекте тұрған өзге жұрттың құқы бұзылады. Мораль мен этика жайына қалады...
Сонымен, нарық не істетпейді, ақша не сатып алмайды? Саясаткер-философ қойған бұл сұрақтардың жауабын табуды оқырманның өзіне қалдырған дұрыс болар. Бірақ бір шындық мынау: дәл бүгінгі таңда сатып алуға болмайтын шынайы достық пен имандылық, табиғи таза ауа мен таза су, қоспасы жоқ ішім-жем және кіршіксіз мораль мен этика әлемдік нарықтың табанына түсіп, тапталып бара жатқаны күмән тудырмайды.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері