Таиландтағы қайғылы шараларға байланысты Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі қазақстандық туристерден құрмет белгісі ретінде сыпайы киінуді және ел алдында көңіл көтермеуді өтінді.
«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаменті Таиландтағы қазақстандық туристерді қаралы күндері монархтарын аза тұтқан тұрғындарға құрмет ретінде жабық киініп, байсалдылық танытуға, көпшілік орындарда көңіл көтермеуге және қоғамдық орындарда Таиланд корольдік отбасының мүшелерін талқыламауға шақырды. Сонымен бірге, ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті Таиландқа турларды жүзеге асыратын туристік операторлардан елдегі қаралы күндері өзін-өзі ұстау ережерімен клиенттерді хабардар етуді табанды түрде талап етуде», - делінген Туризм индустриясы департаменті директоры Марат Игалидің хабарламасында.
Естеріңізде болса, 2016 жылы 13 қазанда Таиланд королі Пхумипон Адульядет 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 70 жылдан астам тақта отырып, қазіргі заманғы ең ұзақ билікте отырған монарх ретінде тарихта қалды.
Елде 1 жыл аза тұту жарияланды. Таиланд Премьер-министрі Прают Чан-Оча отандастарын алдағы 30 күнде кез келген ойын-сауық шараларынан аулақ болуға шақырды. Басылымдардың хабарлауынша, жеке туристік аймақтар мен кей дүкендер жабылған. Енді бір дүкендер ішімдік сатуды тоқтатты. Аза тұту кезінде Таиланд туристері мейрамханалар, бар, сауда орталықтары секілді ойын-сауық түрлеріне қатысты түрлі шектеулерге кез болуы мүмкін.