Газетімізде соңғы уақыттары ауылдағы ветеринария қызметі, мал дәрігерлерінің жағдайы туралы осы қызметпен шұғылданушылар тарапынан бірқатар мақалалар жарияланды.
Осы мәселеге орай Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ ХАСЕНОВКЕ жолығып, газетте көтерілген ауылдағы мал дәрігерлерінің проблемалары бойынша бірқатар сауалдар қойған едік.
– Сақташ Сатыбалдыұлы, соңғы кездері ауылдағы мал-дәрігерлік қызметпен шұғылданушылар тарапынан осы қызметке қатысты проблемаларды көтерген хаттар редакциямызға жиі келе бастады. Сол хаттарда соңғы уақыттары ауылдағы малдәрігерлік қызметке қойылатын талаптар өзгергендігі, қағазбастылық ауқымы, жоғары жаққа есеп берушілік әуресі әлдеқайда арта түскені, мал дәрігерінің көп уақыты өзінің практикалық қызметімен емес, компьютерде отырып, тиісті есептерді толтырумен өтетіндігі, осы жағдай ауылдағы мал дәрігерлеріне негізгі қызметтерімен шұғылдануына кедергі келтіретіндігі туралы айтылады. Осы жағдайлар рас па? Рас болса, осының себебі туралы не айтар едіңіз?
– Рас, ондай шағымдарды біз де жиі естіп жатамыз. Бірақ бұл – заманның талабы. Ол талапты біз ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) деген бар. Екіншіден, біз Еуразиялық экономикалық одақ құрамындамыз. Мұның сыртында бұдан біраз уақыт бұрын ғана Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өттік. Міне, осы халықаралық ұйымдардың қай-қайсысы болмасын бізге өз талаптарын қояды. Қазіргі ел ішіндегі ветеринарлық тәртіптің өзі осы талаптардан туындайды.
Оның үстіне, Қазақстан өзінің бұрынғы аграрлық-индустриялық қуатын қайта қалына келтіру үшін шетелдерге ауылшаруашылығы өнімдерін, соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін экспорттамай тұра алмайды. Онсыз біз өзіміздің ұлан-байтақ жер байлығымыздың әлеуетін аша алмаймыз. Міне, сондықтан да мемлекет басшылығы қазіргі күні ауыл шаруашылығы саласын дамытуға аса үлкен мән беріп, оған орасан зор көлемде қаржылай және әкімшілік қолдау көрсетіп отыр. Соның арқасында мал тұқымының сапасы жақсарып келеді.
Менің ойымша, ауылдағы мал дәрігерлерінің қазіргі ветеринарлық талаптарға шағым айтуының көбеюіне олардың бұрын компьютермен жұмыс істемегендігі себеп болып отыр. Сондықтан да олар қазірше мұны артық жұмыс деп есептейді. Олар компьютермен дұрыс жұмыс істеуді үйрене келе бұл істің қазіргі тәртіптің негізгі бір бөлшегі екендігін, мұнсыз ветеринария саласының алға баса алмайтындығын ұғатын болады. Сол кезде қазіргі өкпе-реніштер де сейіледі. Жалпы, қай ел, қай жерде болмасын жаңалық атаулының қоғам тарапынан бірден қолдау тауып кете алмайтындығы анық мәселе ғой.
– Қазір кез келген жұмыстың қайтарымы жалақы арқылы өтелетіндігі белгілі. Ауылдағы мал дәрігерлерінің қазіргі жағдайларына көңіл толмайтындығының бір себебінің осы жалақы мәселесіне қатысы бар секілді. Олар қазіргі атқарып отырған жұмыстың жауапкершілігі мен ауқымын жалақы көлемінің өтемейтіндігін айтады. Жастардың малдәрігерлік қызметке барғысы келмейтіндігін, ахуал осылай бола берсе, біраз жылдан кейін ауылдарда мал дәрігерлерінің қалмайтындығын ашына жазады.
– Бәлкім олардың мұндай шағымдарымен келісуге болар. Өйткені, қазір ветеринария саласына қойылар талап пен жауапкершілік артып отыр. Ал жергілікті жерде, жұмыстың алғы шебінде тұрып, бұл міндетті орындаушылардың шекесі шылқып жүр деуге келе қоймас. Бірақ бұл мәселені жеке мен шешпеймін. Оның үстіне, ауылдағы мал дәрігерлері біздің министрлік арқылы емес, жергілікті бюджеттер арқылы қаржыландырылады.
Сізге түсінікті болу үшін айта кетейін, біздің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті негізінен алғанда ветеринария саласындағы инспекциялық жұмыстармен, яғни қойылатын талаптардың орындалуын бақылау және қадағалаумен шұғылданады. Ауылдағы малдарды емдеумен, малдәрігерлік тиісті шараларды жүзеге асырумен біз айналыспаймыз. Бұл жергілікті әкімдікке қарайтын ветеринарлық қызметтің құзыретінде.
Сондықтан да мен әкімдермен, олардың біздің сала бойынша тиісті өкілдерімен кездескен кезімде ауылдағы мал дәрігерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп отыру, жалақыларын атқарған қызметіне, жауапкершілігіне сәйкес көтеру керек екендігін үнемі еске салып жүремін. Өйткені, илегеніміз қалай алып қарағанда да бір терінің пұшпағы ғой. Егер ауылдағы мал дәрігері қызметі жағдайсыздық салдарынан қожырайтын болса, онда біздің ортақ ісімізде қандай мән қалмақ?!
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясында біздің саланың жас маманы ауылға барып жұмысқа орналасқан жағдайда оған 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада бір жолғы көтермеақы беріледі. Сондай-ақ, барған жерінен тұрғын үй салу немесе сатып алуы үшін жылдығы 0,01 пайыздық жеңілдікті үстемемен 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несие алуына болады. Бұл несиені 15 жылдың ішінде қайтарса болғаны.
– Бізбен көрші елдерде ветеринария қызметінің жолға қойылуы қалай? Біздің ел олардан кейін қалып қойған жоқ па?
– Ветеринария жүйесін халықаралық стандартқа көшіру тапсырмасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын аттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында қойылған болатын.
Содан бері ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ветеринарлық қызметті құруға мүмкіндік беретін жүйелі өзгерістерді енгізу бағытында көптеген шаралар атқарылды. Әр ауданда, әр ауылдық округте ветеринарлық пункттері бар мемлекеттік ветеринарлық ұйымдар құрылды. Соңғы жылдары олардың жұмыс ауқымы кеңейтіле түсті, атап айтқанда, жануарларды жұқпалы емес аурулардан емдеу, біріздендіру дерекқорын жүргізу, жануарларға ветеринарлық паспорт және анықтама беру жұмыстарын осы жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринария саласындағы мемлекеттік ұйымның мамандары атқаратын болды.
Жаңадан құрылған ветеринарлық ұйымдарды жабдықтау бойынша бекітілген нормативке байланысты, 2013 жылы оларды материалдық-техникалық жабдықтауға 9,7 млрд. теңге қаржы бөлінсе, 2014 жылы қосымша 6,3 млрд теңге немесе барлығы 16,0 млрд теңге бөлінді.
Сондықтан жоғарыда сіз қозғап өткен проблемаларды, бір есептен алғанда, дамудың проблемалары деп айтуға болады. Қазіргі уақытта бізбен көрші Орталық Азия елдерінің және ТМД-ның көптеген елдерінің ветеринария салаларына Қазақстандағы секілді мемлекет тарапынан көлемді қолдау шаралары көрсетіліп отырған жоқ. Ветеринария саласын халықаралық стандарттарға көшіруде біз олардың көпшілігінен алда келеміз.
– Ветеринария саласын халықаралық стандарттарға көшірудің біздің елімізге тигізіп отырған нақты қандай пайдасы бар? Осыны мысал келтіре отырып айта кетсеңіз.
– Мәселен, 2015 жылдың 28 мамырында Халықаралық эпизоотиялық бюросы Бүкіләлемдік делегаттар ассамблеясының 83-ші сессиясында Қазақстан Республикасы ХЭБ-тың сертификатын алды. Осы сертификат Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, және Солтүстік Қазақстан облыстарынан тұратын өңірлерді аусылдан таза вакцина қолданбайтын ел ретінде танытады. Бұл – осы 9 облыстың отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері мал және ауылшаруашылық өнімдерін сыртқа кедергісіз шығаруға мүмкіндік алады деген сөз.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»