Әріптес туралы алты ауыз сөз
Оның азан шақырып қойылған аты – Тұрарбек. Бірақ Тұраш деген есім оның жас кезінен бастап бірге қосарланып, жанама атына айналып кетті. Сондықтан да мен де оны бірде Тұраш, бірде Тұрарбек деп айта беремін. Және Тұрарбек Асановты өте көптен білемін, әрі көптен сыйласпын. Медеу шатқалындағы әке шаңырағындағы үйінде де болғанмын. Өйткені, ол – әке аманатын жүрегіне тоқыған, Хан Тәңірінің етегінде кіндік қаны тамған, Тұмағаң айтқандай «тауға қарап өскен» ұл.
Тұраш-Тұрарбекпен әңгімелесе қалсаң, салып ұрып, Хан Тәңірі, Лабасы тауы, Кеген мен Нарынқол, Шұбартал, Көмірші, Қарасаз, Шалкөде туралы керемет бір толғанысқа енеді. Сырт келбетіне қарасаң, тау қозғалса орнынан қозғалмайтын мінезі бар. Асып-тасып, күйіп-жанып жүргенін де көп байқай бермейсің. Ал бірақ әңгіме ауаны ел мен жерге ауысар болса, Тұраш балаша масаттанады. Бейнебір сол туған жер баурайында тұрғандай, көңілде жазылып қалған суреттерді жүрек елегінен суырады.
Сонан соң Жетісудің дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров өлеңдерінен өрнек тоқиды.
Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі,
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үй-күлше, құрттың жайған өресіндей.
Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей.
...Телміртіп Текес аса ай туады,
Тайыншаның тарғыл ала зересіндей.
Иә, Тұраш-Тұрарбек мұндайда нұрланып кетеді. Жүзі албырттанып, өңі жасарғандай болады. Кеңдік пен өрлік, салмақтылық пен пайымдылық ұштасып, онсыз да қадір тұтатын замандас бауырыңның бейнесі бұрынғыдан да өсіп, биіктеп кетеді.
...Парламент асханасында жалғыз дөңгелек үстел бар. Әдетте ол жерде Тұрарбек пен Ермұханбет Омаров, Камал Бұрханов тамақтанады. Біз Рамазан Сәрпеков екеуміз осы үстелге жиі қонақ боламыз. Өйткені, оның өзіндік сыры бар. Егер манты жегің келсе, Тұраш-Тұрарбекке құлақдар, етсең болғаны. Қалаған күніңе мантыны пісіртіп, күтіп отырады. Әзіл-қалжыңдасып отырған тамақ та сіңімді, көңіл-күй де көтеріңкі.
Ал асханада Тұраш болмай қалса, әңгіменің қисыны кетіп, тамақ көңілсіздеу ішіледі.
...Бірде үстел басында әріптесім Ермұханбет Омаров жалғыз отыр. Қасына келіп жайғастым.
– Тұраш қайда?
– Үйіне, баласына тамақ беруге кетті.
– Баласы кішкентай ма?
– Жоқ, ә. 35-те.
Иә, Тұраш өте балажан. Сөйтсек, ұлы Астанаға қызметке жаңа ауысып келіпті. Енді сол ұлы қалаға үйренгенше өзі түстендірмек.
Жарасымды, жылы, жанға шуақ құяр сәт еді бұл...
Тұраш-Тұрарбек – бір отбасының жалғызы. Сағындырып, зарықтырып дүниеге келген. Сондықтан да әкесі Мәжіл мен анасы Аухан дүниеге келген ұлды қазақтың ескі әдет-ғұрпымен әжелері Балажанның бауырына салады.
Тұраш айтады: ...Әжем таңға жуық түс көріпті. «Неғып жатырсыңдар, есікті ашыңдар! Үйге бала келді ғой. Тұр, аш!» – дей берсе керек. ...Мені бала кезімде елдің бәрі Тұраш деп атайтын. Яғни, Тұраш – менің екінші атым. Барлық құжаттарыма Тұрарбек деп жазылады.
Иә, Балажан әже Нарынқол өңіріндегі емшілік, көріпкелдік қасиетімен әз-ана аталып, бертін келе Баба деген ат алған қасиеті мол, ескі аңыз-жырларды, ертегілерді, хиссаларды Тұрашының құлағына құйып өсірген, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген ғажайып жан еді.
Тұраш-Тұрарбектің бойындағы поэзияға құмарлық, табиғатқа іңкәр көзбен қарау, дала мен құстың сұлулығына сүйсіну секілді қасиеттер сол әже тәрбиесімен орныққан. Бірақ әкесі Мәжілдің 9 кластық білімі болса да физика, математика, химия пәндерінен мықтылығы арқасында сол пәндерді жақсы игерді. Сан тарап жол, сан соқпақ жол жатты.
Дегенмен, алғашқы құмарлық Тұраш-Тұрарбекті ҚазМУ-дің филология факультетіне әкелді. Бірақ жолы болмады. Тамыр-таныстықтан құралақан ол талабы мұқалып, ауылға қайтты. Тракторшылар курсына түсті. Жұмыс істеді. 1970 жылы қазақ политехникалық институтының металлургия факультетінің студенті атанды.
...Сол студенттік жылдардың бір санадан өшпес суреті бар. Бірде өндірістік практикадан Өскемен қаласынан Алматыға ұшады. Ойында ештеңе жоқ. Алаңсыз. Самолет терезесінен сұлу Алматының көркіне сүйсіне көз салады. Ал қасында отырған еврей ақсақалдың бейнесі көз алдында. Әлдебір таблеткаларды тілінің астына салып, әбігер болып отыр.
– Не болды, сізге? Мазаңыз болмай отыр ғой...
– Әй, бала, көрмеймісің. Алматының үстін екі рет айнала ұштық. Қона алмай жүрміз ғой...
Еш қаперсіз отырған Тұраштың бойын үрей билейді. «Бір шаңырақтың жалғызы емес пе едім? Шынымен, осымен тұқымымыз тұздай жойылар ма екен?» Мың ой, мың сауал. Самолет әуежайға қонады. Еш пәлекет жоқ. Құстарды қуып жүріпті.
Хош. Тұраш студенттік жылдары Шәйзада қызбен танысып, шаңырақ көтерді. Өмірдің үлкен жолы тосып тұр еді. Сол сыннан мүдірмей өткізетін адами қасиет пен кәсіби маман болу ғой. Металлургия министрлігінің арнайы конструкторлық бюросында инженерліктен басталған жол оны Алматы ауыр мәшине жасау зауытының шойын қорыту цехына инженер-технологтық қызметіне алып келді. 5 мың адам жұмыс істейтін ірі зауытта қазақтардың үлес салмағы тым аз еді. Сондықтан да жас коммунист ретінде ұлттық кадрларды тәрбиелеу мәселесі туралы өз ойын партия жиылыстарында ашық айтатын.
Бір күні... Иә, бір күні адамның тағдырында оның болмысын күрт өзгертіп, басқа арнаға салып жіберетін кездейсоқ сәт болады. Тұрарбек Асановтың Алматы ауыр мәшине жасау зауытының активінде сөйлеген сөзі, сол жиынға қатысқан бүгінгі қыздар университетінің ректоры, сол кездегі Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шәмша Беркімбаеваның көзіне түспегенде, ол саясатқа бірден келер ме еді? Жақсы адамдардың өмірде болғаны қандай жақсы. Тұраш аудандық партия комитетінің өнеркәсіп-транспорт бөліміне нұсқаушылық қызметке шақырылып, үш жылда тісқаққан партия қызметкері болып шыға келді. Ш.Беркімбаева қызмет бабымен өсіп кетті.
Тұраш-Тұрарбек өзімен қызметтес болған, өзіне басшы болған адамдардың бойындағы жақсы қасиеттерді айтып жүреді. Біреулер құсап күл шашпайды. Өзінің жүрегіне сақталған сәттерді боямасыз ашық айтады. Мәселен, З.Нұрқаділов «Деньгами любой дурак может работать. Сможете ли без денег что-нибудь сделать», деп жиі айтатын деп еске алады.
Одан кейін Алматы қаласының әкімдігіне Шалбай Құлмаханов тағайындалды. «Бұл азаматтың да іскерлік қабілеті бір басына жетіп артылатын». Ол Алматы ауданына әкімдікке шақырған екен. Бұл 1997 жыл еді.
Желмая уақыт көз ілеспей өтіп барады. Кезінде Т.Асанов Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі болды. Көп кездесулерде үнсіз қалмай, ел мен жер тағдыры туралы әңгіме қозғады. Елбасы саясатын Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде сайлаушылармен кездесуге барған сайын, өзі куә болған сәттерді кірістіре айтып баяндайды. Бұл сайлаушыны ойлантады, жүрегіне жол ашады.
Тұрарбектің азаматтық қырының бірі оның парасаттылығы мен кішілігінде, кісілігінде жатыр.
...Медеу ауданының әкімі болып жаңа бекіді. Ең алдымен әкім ретінде телефон құлағын көтеріп, елдің абыройы мен абзал ағасына айналған Д.А.Қонаевқа телефон шалды.
– Ассаламағалейкум, Димаш аға! – Мен Тұрарбек Асанов деген ініңізбін. Бүгін осы ауданға әкім ретінде қызметіме кірісіп отырмын. Сізге сәлем берейін деп едім...
– Қашан келгің келеді, айналайын...
– Қазір барсам ба деп тұр едім.
– Келе ғой...
Абыз аға кішілік танытқан інісіне риза болды. Батасын берді. Өмірдің биігін де, күйігін де көрген асыл аға өзінің әдеттегі байыпты, салмақты сөзін айтқан. «Тұрарбек, біріншіден, алдыңа келген адамға қолыңнан келмейтін іс болса, «шешемін, көрермін», деп айтпа. Олай десең, адамдар сен бірдеңе дәметіп тұр деп ойлап қалады. Сондықтан ол істі шеше алмайтыныңды бірден айт. Ал егер қолыңда тұрған, «шеше алатын ісің болса, ертеңге қалдырма».
Аталы сөз – баталы. Димаш аға дүниеден өткенше Тұраш-Тұрарбек ол кісімен хабарласып, мерекелерде құттықтап, әртүрлі жиын-шараларға шақырып жүрді. «Кім қалай қарайды, кім қалай ойлайды» деп жалтақтаған жоқ. Бұл азаматқа тән қасиеттілік емес пе?!
Иә, депутат ретінде де Т.Асанов халық сенімінен шығып, абырой биігінен көрініп жүр. Ол заңдардың жобасын талқылауға белсене араласады. Бір комитеттің мүшесі ретінде қаржы, бюджет мәселесі болғанда біз ығысып, Т.Асановқа жол береміз. Өйткені, ол білікті маман, әр цифрға дәйектеп қарайды. Әрқайсымыз ұсынған өзгерістер мен толықтыруларды өз ұсынысындай қорғайды. Сонымен бірге, Үкіметке, құзырлы мекемелерге, ел мен жер мәселелеріне, табиғаттың қорғалуы жөнінде депутаттық сауал жолдап, халық аманатын орындайды. Солардың өзекті-өзекті дегендерін атап өткім келеді:
«Алматы облысының Жалаңаш-Саты-Күрметі-Көлсай бағытындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолы жауыр аттың жонындай шұрқ тесік болып жамап-жасқауға келмейтінін, 31 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін неге ешкім көрмейді». Жол бойында тұратын халықтың мұң-зарын Үкімет алдына осылай қойған-ды.
Атақты Көлсайдың жай-күйі де депутатты мазалайды. Өйткені, мұнда жылына 25 мыңдай турист келеді екен. Ал сол қонақтар келгенде не көреді? Тек сұлу табиғатты ғана. Жайлы қонақ үйі жоқ, инфрақұрылымы жоқ. Ал жол азабы қандай? 293 шақырым жол ойқы-шойқы. Бұл неге Туризм және спорт министрлігін ойлантпайды?
Шарынның жырын айтқанда Тұраш-Тұрарбек тамсана да, таңырқай да, сынай да біледі. Бірі – Америкада, бірі – Қазақстанда ғана бар Шарын шатқалының ғажайыптары, шетен ағашының көз тартар сұлулығы мен ән салатын шағылдарының тылсым даралығы неге ұмыт қалады?
Алматы облысының Нарынқол ауданында 55 елді мекеннің 33-інде ғана су құбыры бар. Ал қалған 22 елді мекеннің тұрғындары ашық су көздерінің суын пайдаланады.
Оңтүстік астана – Алматының сейсмикалық қауіпсіздігін күшейту, метро құрылысын қаржыландыру, лифтілердің техникалық жай-күйі сын көтермейтіні туралы сауалы көзден де, көңілден де кетпейді.
Бұл депутаттық сауалдардың көпшілігі Үкімет тарапынан қолдау тапты. Жол картасы бағдарламасы бойынша әлеуметтік мәні бар мәселелер 2012-2013 жылдардың бюджеттік бағдарламаларына кірді. Сондықтан да Т.Асанов әріптестері ортасында сыйлы, Үкіметте құрметті, сайлаушыларға сенімді.
Кейде сайлаушылармен топ-топ болып аймақтарға шығып жатамыз. Сондай кездесудің бірі Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында өтті. Түс әлетінде облыс әкімі, ұлтжанды, бетінен иманы төгіліп тұратын Серік Үмбетовпен кездестік. Көрген-білгенімізді айттық. Сайлаушылар ұсыныстары туралы ақпарат бердік. Біз бұрыннан Алматы облысынан сайланған депутаттар едік.
Тұраш-Тұрарбек Алматы облысына сайлаушылармен кездесуге бізбен бірге келген. Сонда ол:
– Серік Әбікенұлы, бүкіл еңбек өтілім Алматыда өткенімен, жарық дүниеге келген жерім Нарынқол ғой. Ұмытпағайсыз. Мен осы облыстың жігіттері мен қыздарының есебінен шығып қалмайын, – деп керемет бір шадымен шуаққа кенелтіп еді.
– Тұраш-ау, Хан Тәңірінің нар ұлын неге ұмытайын. Өз ауылың, өз жерің. Көп еңбек сіңірдің. Бабаларыңның рухы желеп-жебеп жүрсін, – деп әкім де құшақ жая құрметтеген.
...Тұраш-Тұрарбек қазір ардақты әке ғана емес, қастерлі ата. Үш ұл, бір қызынан 11 немере сүйіп отыр. Қазір ұшақпен ұшудан да жүрексінбейді.
Алпысына алқынбай жетіп, өмір өткелдерінен аптықпай өтіп келе жатқан Тұраш-Тұрарбек, бір сөзбен айтқанда, Азамат адам!
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Мәжіліс депутаты.