«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон Алматыдағы «Ритц-Карлтон» мейманханасында БАҚ өкілдерімен кездесті
«Шеврон» – еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанға алғашқылардың қатарында келіп, инвестиция салған, содан жерімізге тұрақты түрде табан тіреген бірден-бір шетелдік компания. Оның ішінде «америкалық» деп атын атап, түсін түстеп ашып айтқанның да айыбы жоқ деген ойдамыз. Бұл арада, тіпті өткен ғасырдың басында «Шевронға» иелік жасаған адам адамзат тарихындағы алғаш рет долларды ең көп жинаған америкалық миллиардер Джон Д.Рокфеллер екенін де еске сала кету қызықты. Бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері мұнай өндірумен айналысатын ұйымның дәл қазір әлемнің жүзге жуық елінде зәулім қызмет кеңселері, қуатты кәсіпорындары бар.
Сол «Шеврон» компаниясы Қазақстан Республикасының Үкіметімен 1993 жылдың 6 сәуірінде Атырау облысындағы ежелден мұнай өндіріп келе жатқан Теңіз мұнай кенішінде алдағы 40 жыл бойы көмірсутектерді барлап өндіретіні туралы келісімге отырды. Бүгінгі біздің құлағымыз атауына үйреніп қалған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанда осылай пайда болған еді.
Журналистермен емен-жарқын әңгіме құрып, оларды өндірістің ағымдағы ахуалы жайынан хабардар ету – ТШО-ның жылдағы қызметтік дәстүріне айналған. Осы жиында да өзін судағы балықтай сезінетін алпауыт мұнай-газ мекемесінің жетекшісі Тед Этчисон қазақстандық БАҚ өкілдерін кәсіпорынның алдағы мерзімге белгілеген жобалары туралы хал-қадерінше құлағдар етті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ мұнайын өндіру әдеттегідей өз ырғағымен жүріп жатыр. Келешектің кеңею жобасына сай Қазақстан Республикасының экономикасына қосар үлесі де жыл санап артып келеді. 2016 жылдың бірінші жартысында ТШО 14,4 миллион тонна (114,8 миллион баррель)мұнай өндірген. Бұл ТШО-ның серіктестерін қоспағандағы көрсеткіш. Кәсіпорынның бас директоры осылай деді.
Мұнай шыққан жерден, әдетте газ шығады. Қазіргі таңда ТШО аумақтан шығатын газдың 97 пайызын кәдеге жаратып отыр. Мұның сыртында 2000 жылдан бері техникалық алаулардан жағылатын шикі және қышқыл газдар мөлшері 98 пайызға азайтылды. Мұнайдың бір тоннасына шаққанда атмосфераға жіберілетін шығарындылардың көлемі 72 пайызға азайған. Мұнай компаниясының Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, өнеркәсіп қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша журналистердің алдына жайып салған ашық түрдегі мәліметтері, міне, осындай. Ауыр өндірісте, оның ішінде мұнай-газ саласында адам факторы жетекші рөл атқарады. Осыған орай «Халық денсаулығы, қоршаған ортаның тазалығы әркез бірінші санаттағы бақылауда тұрады», – деген Тед Этчисон өзі басқарып отырған кәсіпорынның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл экономика» саясатына ерекше мән беретіндігіне айрықша тоқталып өтуді ұмытпады. Сонымен қатар, соңғы кезде сапқа қосылған сенімді де судай жаңа техникалық құрал-жабдықтар Теңіз аумағында мұнай-газ өндірудің үлесін уақыт өткен сайын еселеп арттырып келеді.
Ел үшін ең маңыздысы – әлемдік танымал мұнай компаниясы Қазақстанға келгелі елге қандай пайда берді? Саралап көрейік. Алғаш құрылған 1993 жылдан бері күні бүгінге дейін ТШО-ның Қазақстанда қалдырған қаржы төлемі 114 миллиард АҚШ долларын құраған. Демек, алмақтың да салмағы бар. Бұған ТШО-ның жергілікті қызметкерлеріне төлеген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтеріне жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға берілетін тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің Атырау облысындағы шағын және орта бизнесті қолдаудағы алғашқы жылдардан басталған игі ұмтылысы жалғасын тауып келеді. Бұл жобалар, тіпті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» байқауында жоғары бағаланды.
ТШО-ның ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы «Игілік» деп аталады. Бағдарламаның шын мәніндегі еңбек өрісімен және атқарған қызметімен жақын танысып, көзбен көру үшін міндетті түрде Атырау облысына бару керек. Атына заты сай «Игіліктің» 2016 жылға белгіленген бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайтынының өзі көп жайтты аңғартса керек. Қаржы негізінен облыстағы балабақша, мектеп, басқа да әлеуметтік нысандарға бағытталып бөлінеді. Бұл – мұнайлы облыстың экономикалық тұрғыдағы басты ерекшелігі.
Өткен жиырма екі жыл бойы Мексикадағы секілді 5-6 шақырым тереңдіктегі жер астынан зор қысыммен атқылаған Теңіздегі мұнай бассейнінің босаған орны қалай толады екен деген қарапайым сауал туындайтыны да рас. Оның жердің тектоникалық қыртыстарына әсері қандай болмақ? Аймақтың сейсмикалық қауіпсіздігі туралы не айтуға болады? Бұл саланың жіті маманы болмаған жанға ол сұраққа тиісті мекемеден тұшымды жауап алу да екіталай. Елімізге белгілі қаламы қарымды журналист, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраимнің университет аудиториясына дейінгі жастығының алаулаған шағында кәдімгі мұнайшы-бұрғышы болғанын көпшілік біле бермейді. Мұнай өндірісіндегі ілімі де ерекше бас редактордың бас директорға қойған негізгі сауалы осы жер астындағы мұнайдан босаған кеңістікті өндірістік толтыру жайы туралы болды. Жаңа технологиялық жабдықтарға байланысты, жаңа кадрлардың шетелден әкелінуіне, ұлттық жұмысшы кадрлар (86%) мен инженер мамандарға (74%) қатысты, өндірістегі техникалық қауіпсіздік пен шикі газ айдайтын екінші буын зауыттың аяқталған жобасына орай барлық сауалдарға мүдірместен мазмұнды да тұшымды жауаптар қайтарған Тед Этчисон мырза
бұл сауалға елең ете қалған секілді.
Журналистің мұнай мәселесінен «қаражаяу» еместігін сезгендей жылы жымиған кәсіпорын жетекшісі өндірістік маңызды сұрақ қойғаны үшін журналиске қазақ тілінде «рахмет» айтты. Одан соң өндірістік технологиялық сауалға тәптіштеп жауап берді. Біздің ұққанымыз – қазіргі таңда үш бұрғылау ұңғымасы арқылы жер астында мұнайдан босаған орындарға жеделдетіп газ толтырылу үдерісі тоқтаусыз жүргізілуде екен. Аумақтағы сеймологиялық құбылыстар қауіпсіздігіне қатысты түйткілді сауалға маңдайы
терлемесе де қызына әрі тиянақты жауап берген ТШО басшысы Тед Этчисон сөзінің аяғын тағы да қазақ тілінде «рахмет» деген ілтипатпен түйді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ