• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
24 Қазан, 2016

Өскеменде Конфедерация Кубогының іріктеу кезеңі аяқталды

219 рет
көрсетілді

Өскемен қаласында Конфедерация Кубогының «В» тобындағы іріктеу кезеңі аяқталды. Бұл топта Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары өнер көрсетті. Бір күн ішінде облыстардың құрамалары грек-рим, еркін күрес, дзюдо және таеквондо спортынан үздіктерді анықтады. Батыс Қазақстан облысының командасы таеквондодан осы топтың жеңімпазы атанып, финалдық кезеңге жолдама алды. Алдымен олар 71:31 есебімен Солтүстік Қазақстаннан барған спортшылардан басым түссе, артынша Шығыс Қазақстан құрамасын 34:23 нәтижесімен жеңді. Боз кілемде қызықты белдесулер өтті. Жарысқа қатысып жатқан командалардың құрамында тәжірибелі спортшылар мен талантты жастар өнер көрсетті. Шығыс Қазақстан құрамасы бұл жарысқа грек-рим күресінен екі Олимпиадаға қатысқан, Азия ойындарының жүлдегері Дархан Баяхметов пен еркін күрестен Азия ойындарының жүлдегері, Азия чемпионы Расул Қалиевті шығарды. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша грек-рим күресінен Солтүстік Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Бірінші кездесуінде олар Шығыс Қазақстан командасын жеңіп, одан кейін БҚО және Ақмола облысы құрамаларын тізе бүктірді. Еркін күрестен Шығыс Қазақстан облысы жеңімпаз атанды. Олар үш кездесуінде де қарсыластарын 6:0 есебімен тас-талқан етті. Дзюдошылардың жарысында татами қожайындарына тең келер ешкім болмады. Құрамында Дастан Ықыбаев сынды тәжірибелі спортшысы бар Шығыс Қазақстан құрамасы барлық кездесулерін сенімді жеңіспен аяқтады. Естеріңізге сала кетейік, 18 қазанда «С» тобының іріктеу кезеңі Шымкент қаласында өтіп, Оңтүстік Қазақстан құрамасы грек-рим және еркін күрестен, таеквондодан жеңіске жетіп, финалдық кезеңге шықты. Ал дзюдодан Қарағанды облысы жеңімпаз атанған болатын. Алда екі топтың іріктеу кезеңі бар. 30 қазанда Тараз қаласында «D» тобының жарысы өтсе, 6 қарашада «А» тобы Қызылордада жарысады. Конфедерация Кубогы – Тимур Құлыбаевтың бастамасымен қолға алынған жаңа жоба. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 125 миллион теңге. Финалдық кезең 3-4 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді.