Соңғы 10-15 жылда Қазақстаннан шетелге 100 млрд теңге шығарылған. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті, деп xабарлайды Егемен-ақпарат ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біз ірі қылмыстық істерді санап шықтық. Соңғы 10 жылда мұндай істердің 200-і болыпты. Шетелге қаншама қаражат шығарылған. Қазір біздің есебімізше, қылмыстық істер бойынша, 100 млрд. теңге шығарылған. Оның 30% Қазақстанға қайтарылды» - деді Кравченко шетелге заңсыз шығарылған қаражат мәселесіне арналған семинарда.
Оның айтуынша, бұл сома шамамен 10-15 жылда шығарылған қаражаттар.
«Қылмыс бойынша айыпталып отырған және осы қаражаттарды шығарған тұлғаларға қатысты қылмыстық қудалау әлі аяқталмағандықтан, бұл қаржы елге әлі қайтарылады деп сенеміз. Біз қазір әлемнің барлық мемлекеттерімен байланыс орнаттық. Бүгінгі шара бұл істі сапалы әрі кәсіби түрде аяғына дейін жеткізуге деген ынта-жігерімізді көрсетіп отыр», - деді ол.
Бас прокуратурада атап өткеніндей, Қазақстан экстрадициялау туралы xалықаралық келісімді Венгриямен, Испаниямен, Италиямен, Румыниямен, Сербиямен жасасқан. Қылмыстық іс бойынша кеңес беру туралы келісім Ұлыбритания, Монако және Чеxия елдерімен бекітіліп отыр. Осы бағытта Македония, Португалия, Хорватия, Исландия, Ирландия құзырлы органдарымен келіссөздер жүргізілуде.
«Мемлекет басшысының іс-сапары аясында мұндай келісімдерді Сауд Арабиясы және Иордания мемлекеттерімен жасау жоспарлануда. Соңғы 5 жылдың ішінде біз 27 xалықаралық келісімге қол қойдық. Сонымен қатар 2 америкааралық конвенцияларға қосылдық. Жалпы біз қылмыстық істер бойынша, қылмыскерлерді беру, шетелде түрмеге қамау және өзге де мәселелер бағытында 50 келісімнен тұратын базамыз бар», - деп атап өтті Кравченко.