• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Жәңгір мектебінің тәлімі

1370 рет
көрсетілді

1841 жылдан бері сабақтастығын үзбей келеді Сонау он тоғызыншы ға­сыр­­дың бірінші жартысында, дәлірек айтқанда, 1841 жылы Орда то­пырағында қазақ да­ла­сындағы тұңғыш мектеп ашылғанын бүгінде біреу біл­се, біреу біле бермейді. Оның есесіне қазақ топырағындағы алғашқы мектептің пайда болуы педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімімен байланыстырылып келді.  Ал 1841 жылы Орда жерінде бой көтерген мектепті өз қолымен құ­р­ған қа­зақ хандарының соңғы тұяғы Жәңгір екені архивтік дерек­терден белгілі. Ал сол жылы Ыбы­рай Ал­тын­саринның дүниеге жа­ңадан келген кезі еді. Өткен аптада Бөкей ордасы ауданында осы мектептің 175 жыл­дығы салтанатты түрде ата­лып өтті. Тарихи деректер атал­ған мектептің сол кезде көрнекі әрі еңселі ғимараттардың бірі бол­ғанын айғақтайды. Мұн­да­ғы екі сыныптық мектеп 1905 жы­лы төрт сыныптық қала­лық мек­тепке айналған. Көп кешік­пей осы қалалық мектептің жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылған. Жәңгір хан мектебі сол кезде қазақ даласын мекендейтін ағайын­дарымыздың өңі түгіл түсіне кі­ріп көрмеген шекті аспаптар ор­кестрімен, хорымен, сондай-ақ бай кітапханасымен ерекшеленген. 1826 жылы Орданы ну ор­манға айналдыру мақсатында тал-теректер шаншыған кезден-ақ Жәңгір хан мектеп ашуды ойластыра бастаған екен. Бұл өл­ке тұңғыштар мекені деп текке айтылмаған. Жәңгір мектебінде Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, сегіз тілді еркін меңгерген полиг­лот Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ресей географиялық қоғамының медалімен марапатталған тұң­ғыш қазақ Мұхамедсалық Ба­бажанов, сондай-ақ Мақаш пра­витель, Бақ­тыгерей Құлманов секілді тұлғалар тәрбиеленген. Бұдан берідегі Тайыр Жароков, Қай­рат Жұмағалиев, Жанғали На­биуллин, Ғайсағали Сейтақ сынды қазақтың белгілі ақын-жазу­шылары оқыған мектептен әлі де талай таланттар дүниеге келе беретініне ешқандай күмән жоқ. Осы арада Жәңгір хан мекте­біне тұңғыш рет ұстаздық еткен кім болды екен деген заңды сауал туындайды. Бұл тарихи тұлға Жәңгір хан мектебінің тұңғыш мұ­ғалімі әрі меңгерушісі, ұлты орыс Константин Ольдекоп болып шық­ты. Ол Бөкей ордасындағы қазақ балаларына орыс тілін үйреткен. Жәңгір хан мектебінің 175 жылдығына арналған салтанатты шаралар аясында Жәңгір мектебінің қабырғасына оған ескерт­кіш тақта орнатылды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылы