Көгілдір Көкшедегі Бурабай өңірі. Бұл жерді бір кісідей білеміз деу тым артық шығар. Бірақ хабарымыз мол деп айта аламыз. Алғашқы түсінік-танымымыз сонау 60-жылдардан басталған. Таңғы шықтай мөлдір көл суретін орта мектептің табиғаттану сабағындағы диафильмнен көргенбіз. Өлең жолдарымен жырланған тау-тасын Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасынан оқығанбыз. Ал аң-құсы мен өсімдік әлемін 1982 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан «Бурабай» атты үш тілдегі фотоальбом мәлімет-деректерінен зерделегенбіз. Бұған «Батыр Баян» тарихи-көркемсуретті фильмін қоса кетейік. Көрермендерге 1989 жылы жол тартқан ол кинокартинадағы жасыл жайлау, ойшыл орман, қайыңды дала көріністері түгелдей осы аймақта түсірілген еді.
1997 жылы астана Алматыдан Ақмолаға көшті. Содан бастап Бурабай елордаға келген жұрттың сүйікті демалыс орнына айналды. Олар кітаптан ғана оқыған Жұмбақтас пен Оқжетпесті көздерімен көріп, теледидар экранынан ғана таныс биші қайыңдар аңғарына асқан іңкәрлікпен аяқ басатын болды. Сондай-ақ, мұндағы Абылай алаңы мен Жекебатыр шоқысы, Кенесары үңгірі мен Қамалтас алқабы астаналықтарға өз құпияларын ашқалы қашан. Көкше жерінде аумағы ат шаптырым 80-ге жуық көл болса, соның 10-ы осы Бурабайда екен. Олар, яғни, Күміскөл, Үлкен Шалқар, Шабақкөл, Шағалалы, Қотыркөл мен Қопа және басқалары да соңғы жылдары елордалықтардың жаз кезіндегі сүйікті демалыс орнына айналған.
Десек те, біздің бұл өңір туралы білмейтін жерлеріміз әлі де баршылық болып шықты. Соның бірі мысалы – Аютас. Оның суретін таяуда «Көркіңнен айналайын, Көкшетауым!» атты фотоальбомнан көзіміз шалып қалмасы бар ма?! Ертеректе, жазушы Естай Мырзахметов ағамыз құрастырған аталмыш жинақтың орта тұсында Аютас бар болмыс-бітімімен жарқырай көрініп тұр. «Бұрын қалай байқамағанбыз? Неге көзімізге түспеген?» – дейміз іштей. Иә, көктем, жаз, күз кезінде Бурабайға талай рет жолымыз түссе де ол шоқыны көрмеппіз. Білмеппіз. Есімізге түсіре алмадық. Осыларды ойлап отырып табиғат паркінің кіреберісіндегі туристерге анықтамалық сататын дүңгіршектерден жинаған фотобуклеттерге қараймыз. Абылай алаңында алған альбомдарға үңілеміз. Өкініштісі, бұлардың бәрінде де шағын шоқының ұшар басындағы аю аяңдап бара жатқан жартас жоқ болып шықты.
«Көркіңнен айналайын, Көкшетауым!» атты кітапта аталмыш жер Бурабайдың қай тұсында екені айтылмаған. Жинаққа кіріп отырған суретті де кімнің, қай фотографтың түсіргені көрсетілмеген. Міне, осы және басқа да жайттарға жауап алу үшін газетіміздің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Бақберген Амалбекке өтініш айтуымызға тура келді. Көп ұзамай әріптесімізден төмендегідей хабар жетті. Аютасты суретке түсірген осы өңірдегі байырғы фототілші, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Виктор Терещук екен. Ал іздеген жартасымыздың Бурабай кентінің маңайында тұрғандығы белгілі болды. Осыны білгеннен кейін оны өз көзімізбен көріп қайтуға жиналдық. Тілшіміздің қағазға сызып берген маршруты бойынша Аютасты қиналмай тауып, тура оның төбесінен түстік. Ол Бурабай кенті жағынан курортты аймаққа кіріп келе жатқандығы жолда екен. Осы бағытпен көл жағалай жүргенде, алдыдан тамашалау алаңы деп аталатын мүйіс кездеседі. Содан батысқа қарағандағы жақпартас үстінде маң-маң басқан маймақ аю кейпіндегі аңның бейнесі көрінеді. Шоқының тұрған жері, іргесіндегі көл әдемі-ақ! Оған күз бояуымен алтындай сары жапыраққа оранған қос аққайың келбетін қосыңыз... Табиғаттың өзі жасаған осы ғажап туынды енді ел көзінен қағыс қалмаса дейсің. Баяғыдан бері түрлі кітаптарда бар Жұмбақтас, Оқжетпес, Жекебатыр және биші қайыңдармен қатар тұрса деп ойлайсың.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Щучье ауданы,
Бурабай кенті
Суретті түсірген
Виктор ТЕРЕЩУК