Алға ауданында немересімен бірге тұрғын үйден қиындық көріп келген жалғысбасты ана Антонина Плечкова «Нұр Отан» партиясының қолдауымен баспаналы болды. 52 жастағы жалғызбасты ана осы күнге дейін немересін жалғыз өзі жетектеп өсіріп келіпті.
Өмірдің тауқыметін көп тартқан оның жалғыз ұлы балаларына үш ай толғанда әйелімен ажырасып, екі жарым жыл бұрын дүние салған. Ал келіні баласына қайырылмапты да. Антонина Плечкованың баспанасы болмағандықтан, немересін заңды түрде өз қамқорлығына ала алмай келген. Ол осы кезге дейін немересімен бірге жақын-жуықтарын сағалауға мәжбүр болған, 9 жыл бойы немересі Максимді балалар үйіне алып кете ме деген күдікпен өмір сүрген. Бірнеше жыл бұрын жұмысынан қысқарып, үй алуға қаражат жинай алмаған екен. Амалы таусылған ол тамыз айында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына барып, өзінің мұң-мұқтажын баяндаған жалғызбасты әйелге кәсіпкерлер демеушілік жасапты.
Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Сейдалиев мәселені бірден қолға алып, демеушілер іздеді. Нәтижесінде, нұротандық кәсіпкер көмекке келді. Осы адамның демеушілігімен оларға Алға қаласынан бір бөлмелі үй сатып алынды.
– Жылдар бойы армандап келген баспанаға бір айдың ішінде қол жеткіземін деп ойламап едім. Мәселемді шешуге көмектескен нұротандықтарға, қайырымды демеуші азаматқа алғысым шексіз. Ең бастысы, енді немеремді қамқорлығыма алатын болдым, – дейді қуанышы қойнына сыймай қуанған Антонина Плечкова.
Демеушілік жасаған кәсіпкер аудан орталығынан алты қабатты үйдің бесінші қабатынан бір бөлмелі пәтерді алып берген. Немересі Максим қазір №4 Алға орта мектебінің үшінші сыныбында оқып жатыр.
– Бұл отбасына жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетіп келеміз. Осы айда ең басты мәселесі шешілді. Енді үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өзін жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз, – деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Сейдалиев.
Нұротандықтар Антонина Плечкова мен немересін үйлеріне барып, жаңа қонысымен құттықтады, кілем, жиһаз, теледидар сыйлады. Аяқ астынан баспаналы болып, немересін қамқорлығына алуды рәсімдеп үлгерген ананың қуанышында шек жоқ.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы