Биылғы жылы еліміздегі басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге, «Хабар» телеарнасының ресурстарын жаңғырту үдерісі белсенді түрде жүргізіле бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар Елбасының отандық бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын арттыру жөніндегі тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылуда.
Медиа салада тағы бір жағымды жаңалық бар. Ол – ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар «Kazakh TV» телеарнасының жаңа форматқа көшуі. Бұл туралы Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты.
– Бүгінгі таңда алдымызда тұрған маңызды міндеттер бар. Олардың бірі – елімізді халықаралық деңгейде насихаттау. Осыған орай, шетелдік аудиторияны қамтыған тұңғыш отандық «Kazakh TV» телеарнасы «Білім және мәдениет» телеарнасымен біріктіріліп, жаңарған форматта хабар таратуға кірісті. Осылайша, еліміздің саяси-экономикалық және мәдени жаңалықтары әлем назарына кеңінен ұсынылмақ. «Білім және мәдениет» телеарнасындағы сапалы контент міне, осы үшін қолданылады. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде телеарнаның аса қуатты құрал екені белгілі. Осыны ел мақсаты мен ұлт мүддесіне ұтымды пайдалана білу аса маңызды. Жаңарған арнаның ұжымы бұл міндетті ойдағыдай атқарады деп сенемін, – деді Дәурен Әскербекұлы.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік телеарналар бәсекелестік жағдайында өмір сүріп келе жатқанын, мәселен, телеарналар нарығында хабар таратудың жаңа әдіс-тәсілдерін, пиар-стратегиясын иеленген «жаңа ойыншылар» пайда болғанын, бәсекелестіктің жандануында түрлі онлайн-сервистер мен бейне-хостингтер де үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Мұндай жағдайда масс-медианы дамытуға ықпал ететін негізгі трендтерден қалып қоймау қажет. Өзгеруге бейіл болып, аудиториямен байланыс орнатудың жаңа тәсілдерін ойлап тапқан жөн. Бәлкім, көрермендерге қызығушылық туғызбайтын «ескірген қағидаттарды» ысырып тастау да қажет шығар. Яғни, біз өзгеруіміз керек. Ол үшін аудиторияға қандай ақпарат ресурстары қажеттігін сезініп, креативті бастамаларды ілгерілететін тиімді менеджментті қалыптастыруымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық салада жүріп жатқан өзгерістер әрдайым жіті назарда тұрғаны жөн, – деді министр.
Бұл орайда, ол «Kazakh TV» телеарнасы елімізді ақпараттық жағынан алға жылжытатын флагман болып отырғанын жеткізді. Әлемнің 118 еліне хабар тарата отырып, бұл телеарна Мемлекет басшысының ғаламдық сыртқы саяси бастамаларын, «ЭКСПО-2017», «Универсиада-2017» секілді ауқымды іс-шараларды насихаттауда маңызды стратегиялық рөл атқарады. Ендеше, телеарнаның жаңа форматы отандық телеарна өнімдерінің сапасын көтеруге, сол арқылы көрермендер аудиториясын кеңейтуге сеп болады деп ойлаймын, – деді ведомство басшысы.
Дәурен Әскербекұлының айтуынша, телеарна эфирінен таратылатын ақпараттық бағдарламалар 15 пайызға дейін қысқармақ. Яғни, ел тұрғындары қандай да бір жаңалықты негізінен Интернет пен ақпарат агенттіктері арқылы біліп отыратындықтан, бұл арна арқылы Қазақстанның мәдениетіне, тарихына, салт-дәстүріне, экономикасына және таңғажайып табиғатына арналған танымдық бағдарламалар жарыққа шығарылмақ. Бұл өз кезегінде Қазақстанның туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етпек, – дейді Дәурен Абаев.
Жаңа форматқа көшірілген, жалпы аудиториясы 300 миллион адамды қамтитын телеарнаның тіл саясаты да өзгеріске ұшыраған. Яғни, ішкі аудитория үшін эфир қазақ және орыс тілдерінде, ал шетелдік аудитория үшін қазақ және ағылшын тілдерінде таратылмақ.
Сөзінің соңында министр: «Мұндай өзгерістер, сөзсіз, Қазақстан тұрғындарының ғана емес, шетелдіктер тарапынан да жоғары бағаға ие болады деп ойлаймын», – дей келе, «Kazakh TV»-ның ұжымына сәттілік пен шығармашылық табыс тіледі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»
«Егемен Қазақстан»