Жер бетіндегі кез келген халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңірер еңбегі орасан зор. Айталық, тарих қойнауына назар салып көрсеңіз, кешегі дастан-жырлардағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Қыз Жібек пен Баян сұлу, Айман-Шолпан, бертіндегі Айша бибі мен Абақ ана, Домалақ ана мен Қыз ене, таңбалы тарихымыздағы Хорезмшахтың әйгілі қайраткер анасы Түркен хатун, Қасым ханның анасы Жаған бике, Тәуке хан мен Есім ханның аналары Жақсы бике, ұлы Абай тәрбиесін көрген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай ханым, ел билеген Айғаным, Ұлпан секілді т.б. аналарымыздың есімдері ел өмірінде алтын әріптермен өрнектелген.
Аттары аталғаны, аталмағаны бар әзиз аналарымыз бүкіл ұлтымызды тәрбиеледі. Халықтығымызды қалыптастырып, бүгінгі күллі әлем мойындаған дербес мемлекеттігімізді баянды етуге мол үлес қосты. Бұлардың игі дәстүрін кейінгі ізбасар ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді.
Бүгінде де қазақ әйелі елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени, халықаралық-дипломатиялық жұмыстарға белсене араласып отыр. Демографиялық мәліметтерге сүйенсек, біздегі жалпы мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы әйелдердің үлесіне тиеді екен. Бұл – үлкен көрсеткіш, жоғары нәтиже, жақсылықтың нышаны.
Әйел-ана, қыздар тәрбиесі туралы айтқанда, «қазақ қыздарының шамшырағы» (М.Әуезов) Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жайлы айтпай кетуге болмайды. Сонау Отан соғысының сұрапыл жылдарында өмірге келген оқу орны – өмірдің талай-талай өткелдерінен сүрінбей өтіп, өз міндетін абыроймен атқарып келе жатқан бірден-бір қарашаңырақ, қасиетті мекен.
Білім ордасы ашылар кезеңде Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған қайраткер тұлғалардың бірі Нұртас Оңдасынов ағамыз: «Халыққа қызмет етеміз деп біраз шаруа бітірдік-ау деп ойлаймын. Қазақ КСР Ғылым академиясының, опера және балет театрының іргесін көтердік. Қыздар педагогикалық институтын ашу үшін шын мәнінде орталық үкіметпен біраз шайқасуға тура келді. Өйткені, қыздарды бұлай бөліп оқыту басқа республикалардың бірде-бірінде жоқ. Ал менің ішкі мақсатым – ауылдағы қарагөз қыздар келіп жоғары білім алып, қайыра ауылға барса, бала оқытып, білім-санамыз биіктесе екен деген арман. ЖенПИ алғаш ашылып, алғашқы мамандар ауылға аттанғанда менің қуанышымда шек болған жоқ. Ол сезімім, ол қуанышым өзіме ғана аян бұл күнде», – деп ағынан жарылып еске алады.
Расында да ойлап қарасаңыз, жетпіс жылға жуық мерзім ішінде осынау оқу орнын бітірген қаншама мыңдаған қазақтың қыздары білім нәрінен сусындап, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын игеріп шықты. Ал сол ұстаздардың алдынан қаншама жүздеген мың жас жеткіншектер тәрбие тәлімін алды. Әрине, бұл үлкен игілікті іс.
Оқу ордасы туралы сөз қозғағанда, біздегі әрбір қазақ азаматының өмірі осы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтымен байланысты десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, біріміздің мектеп қабырғасындағы немесе жоғары, арнаулы оқу орнындағы ұстазымыз, екіншіміздің жақын-жамағат, туған-туыс, танысымыз, енді біріміздің қызметтес дос, жолдасымыз, енді біріміздің асыл жарымыз осы жерден түлеп ұшқан түлектер. Қазіргі ел ағасы болып жүрген азаматтарымыздың бірқатарының мұғалімдік мамандықты таңдауына да осы оқу орнын алғашқы жылдары бітірушілердің – аяулы ұстаздарымыздың, ақылшы апаларымыздың ықпал-әсері, үлгі-өнегесі мол болғаны әркімге де белгілі.
Аттары алты алашқа әйгілі жазушыларымыз М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұршайықов т.т. институттың мән-маңызы жайлы игі тілек, жылы лебіздер білдірсе, Ғ.Қайырбеков, М.Мақатаев, С.Асанов, Ө.Нұрғалиев сынды біраз арқалы ақындар өлең өрнектерімен, поэзия тілінде оқу орнын жарқыратып әспеттеген. Ақын Серік Тұрғынбекұлының:
Асыл әуен араласа шың-құзды,
Жасыл бақтың тыныштығын түн бұзды.
Ғафекеңдей болам ба деп ЖенПИ-ден,
Мына мен де іздеп таптым бір қызды,
– деп жырға қосқанындай, Қыздар институтының терезесіне телміріп, босағасын күзетіп жүріп өз бақытын тапқан кешегі бозбалалар – бүгінгі ақындарымыз бен жазушыларымыз, әкімдеріміз бен басшыларымыз, ғалымдарымыз бен кәсіпкер-бизнесмендеріміз, белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлері екендігі көпке аян.
Өмірдің негізі – қыз балалардың жақсы оқып, білім алуы, ғибратты тәрбие өнегесін көруі аса сауапты әрі анағұрлым жауапты іс. Ол ұлт болашағы, елдің кемел келешегі үшін мемлекетке қажетті өте маңызды шаруа болуға керек. Өйткені, әрбір үйдің ұйытқысы, отбасының берекесі, өмірді жалғастырушы, елдің әні де сәні де – ана. Ал қыз бала – болашақ ана. Сондықтан ғасырлар бойы қыз баланың тәлім-тәрбиесі, білім алуы күн тәртібінен түспей келеді.
«Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен таралады», – дейді Елбасы. Орынды айтылған сөз. «Алып – анадан туады» демекші, 124 мың пайғамбар, 128 мың әулие, сахабалар, сан миллиондаған ел билеген көсемдер, елбасылар мен қолбасылар, төрелік айтқан билер мен шашасына шаң жұқтырмас шешендер ананың ақ сүтінен нәр алған, әйелдің бауыр етінен жаралған.
Кез келген ұлттың бойындағы бар игілікті қасиеттерді – тілін, дінін, ділін, әдет-ғұрып, салт-санасын, ұлттық ата дәстүрін жеткізуші, дарытушы, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел – ана. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», – деген аталы сөз осыдан туса керек.
Батырлықтың, батылдықтың, шыдамдылықтың, тұрақтылықтың, даналықтың, инабаттылықтың, парасаттылық пен ақылдылықтың, сезімталдық пен әсемдіктің көзі де, өзі де осы – әйел-ана.
Қазақта әдетте жаңа жерге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, барлық рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағаның игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қауым елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты әдет, сайып келгенде, бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан ата-ана қызына: «Барған жеріңнің бағын ашам деп бар» деген тілек білдірген. Өйткені, қызы келін боп түскен отбасының бағы ашылса, оның да бақытты өмір сүретінін сезген.
Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Аллатағаланың соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалейһи уассаллам өзінің хадис-шарифінде: «Ей, иман келтірген пенделер! Сендер жәннатты алыстан іздемеңдер, ол ананың табанының астында», – депті.
Бүгінгі мерейлі мереке, үлкен қуаныш иесі – қазақтың қаракөз қыздары мен аналары жайлы жақсы сөз, игі тілектер әлі де жалғаса түсетіні, олардың абырой-беделі күн санап биіктей беретіні анық. Оларға мерейлі мереке қарсаңында жарық дүниедегі барша жақсылықтарды тілей отырып, Отанымыздың аспаны әманда ашық, күні нұрлы болғай дейміз.
Бақтияр СМАНОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.