«Қазіргі таңда жер-жаһанда ядролық қарудан ресми түрде ада деп жарияланған бір өңір бар, ол – Орталық Азия. Бұл істе Қазақстанның алар орны ерекше.
Бүкіл әлемнің тарихында адамзат баласы қарулану жолымен келе жатты. Қай заманда да мемлекет жойқын қаруға, адамды қырып-жоятын қару-жараққа ие болуға ұмтылды. Бірақ бір ел ғана өзінің қолында тұрған қарудан өзі бас тартып, оған өз қолымен құм құйды. Ол – Қазақстан Республикасы».
Иә, кеше Астанада өткен халықаралық жиында Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов осылай деді. Бұл «Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі: Орталық Азиядағы өңірлік бірегейлік пен қауіпсіздік» тақырыбында өткен Орталық Азия ғылыми-сарапшылық кеңесінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған отырысы болатын. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Парламент депутаттары, отандық және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Корея елдерінің сарапшылары қатысты.
Жиында Орталық Азиядағы мемлекеттердің бейбітшілік жолында үлкен қадам жасап отырғаны айтылып, Елбасы манифесінің маңыздылығы тағы бір айшықталды. Сарапшылардың пайымдауынша, «Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі адамзатты үшінші дүниежүзілік соғыс қатерінен арылту жолына бағытталған.
«Орталық Азияны ядролық қарудан ада ету жөніндегі еліміздің ұсынысы барлық тараптан қолдау тауып отыр. Елбасымыздың манифесіндегі ойларды жүзеге асыру әлемдегі қарусызданудың көшбасшысы ретінде танылған мемлекетіміздің осы істегі бастамаларын адамзатты үшінші дүниежүзілік соғыс қатерінен арылту үшін дүние жүзі қолға алатын шаралар төңірегіне ұйыстырады», деді депутат С.Абдрахманов.
Шындығында, егемендігіміздің елең-алаңында, Тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағында ел болашағы туралы пессимистік болжамдар көп айтылғаны рас. Соның ішінде бұлар көп ұлтты, көп тілді, көп дінді ел, басы қосылмайды, ырың-жырыңы шығады дегендер де болған. Бірақ олардың айтқаны келген жоқ. Қазақстан халқының, Елбасының айтқаны келді. Біз ең алдымен өз алдымызға үй болдық. Елордамыз, Қазақстан жаһандық жиындар өтетін орынға айналды. Осылайша Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Ал жақында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайландық. «Қазір Қазақстан әлем тағдырына араласа алатын елге айналды. Сондай үлкен құқық алдық. Мұның жарқын көрінісі – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде қабылданып, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр», деді депутат С.Абдрахманов.
Жиында сөз алған Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасы Асқар Жаркенов те Елбасы манифесінің маңыздылығына тоқталды.
«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Елбасының әлемдегі соңғы саяси оқиғаларға байланысты адамзатқа жолдаған арнайы құжаты саналады. Мемлекет басшысы айтқандай, соғыстың тамырына балта шабу адамзаттың ең күрделі міндеті. Манифеске сәйкес, Елбасы мемлекет басшыларын «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарламаны бекітуге, өзін-өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасауға шақырады. Олай болмаған жағдайда ғаламшар радиактивті материалдың зор үйіндісіне айналады», деді А.Жаркенов. Комитет басшысы, сондай-ақ, 2015 жылдың 7 желтоқсанында өткен БҰҰ Бас ассамблеясында Қазақстан бастамасы бойынша ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағанын еске салып өтті.
«Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Бүгінде қарусыз бейбітшілікті сақтау – адамзаттың жаһандық проблемалары арасындағы негізгі басымдық. Бұл тұрғыда Қазақстанның ғылыми ұйымдары іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізу кезінде маңызды рөл атқарады», деді А.Жаркенов.
Шарада, сондай-ақ, ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Питаленко, Қырғызстан халқы Ассамблеясының төрағасы Токон Мамытов, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева және тағы басқалар сөз сөйлеп, манифест тағылымын кеңінен талқылады. Жиынды ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко жүргізіп отырды. Қатысушылар мұндай басқосудың Орталық Азия елдерінің аймақтық бірегейлік пен қауіпсіздігін қалыптастыруда тәжірибе алмасу алаңы болғанын жеткізді. Өйткені, Орталық Азияда, оның ішінде Қазақ елінен көктеген бірлік дәнінің дәмін бүгінде бүкіл әлем сезініп келеді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»