Бүгін Қытайдың Гуанчжоу қаласы сотында ісі қайта қаралып жатқан Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен кеден бекетінде 4,5 келі есірткімен ұсталған еді.
Туыстарымен сол жылдың 9 наурызында соңғы рет хабарласып, одан кейін байланыс үзілген. Ақжарқынның Гуанчжоудағы тергеу изоляторына отырғанын туған-туыстары кейін білді. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айналысты деп айыптап, 2015 жылдың 15 маусымында өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын.
Ақжарқынды танитындар оның университетте үздік оқитынын, шет тілін еркін меңгергенін айтып, бұл ақпаратқа сенбеген еді. Анасының айтуынша, бір құрбысы Ақжарқынға сәнді киімдер тасымалдаумен ақша табуға кеңес беріп, Алена есімді біреумен және Джонн атты Нигерияның азаматымен таныстырған. Кейінірек бұл жөнінде Есірткі заттары, психотропты заттар және прекурсорлардың заңсыз айналымымен күресетін Ортаазиялық аймақтық ақпарат үйлестіру орталығы ақпараттық-сараптамалық бөлімше (ОААҮО) басшысы Аманжол Оразбаев та айтты. Осылайша, Ақжарқын нигериялық ірі мафияның құрбаны болды деген жорамал жасалды.
2016 жылы 7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот Ақжарқын Тұрлыбайдың өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгертіп, істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберді. Бүгін журналистерге берген сұхбатында адвокат Фэн Чжицзянь кезекті отырыс пен сот шешімі 2017 жылғы қаңтар айының басында шығады деп үміттенетінін айтты.
Сарапшылар нигериялық есірткі мафиясының бүкіл әлемде тамырын терең жайғанын айтады. Қылмыскерлер есірткі саудасына көбіне жас қыздарды тартады. Қазірде ОААҮО мәліметтер базасының өзінде Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресейден 30-ға жуық жас тіркелген. Олардың көбі "қамауға алынған", "кейінгі жағдайынан хабар жоқ" немесе "өмір бойына бас бостандығынан айырылды" деген ақпаратпен тұр. Қазіргі уақытта нигериялық есірткі барондарының құрбаны болғандар арасында Ақжарқын Тұрлыбайдан басқа қырғызстандық Жібек Сакеева, Светлана Кулбаева, Семен Соболь, Шовкатбек Юсупжанов, Чолпон Шаимбетовалар мен ресейлік 11 бойжеткен тұр.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"