• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2011

Әлем мойындаған Айханов

763 рет
көрсетілді

Күш атасы Қажымұқаннан кейін боз кілемде олжа салған қазақ балуандары аз болған жоқ. Солардың ішінде Әбілсейіт Ай­хановтың орны бөлек. Ол ХХ ға­сыр­дың 60-жылдарында спорт дүниесін дүр­кі­реткен айтулы тұлғалардың бірі. Ел іш­інде Айханов туралы аңызға бергісіз әң­гі­мелер бар. Бұл дегеніңіз халықтың Әбе­кең­ді ерекше құрмет тұтатынын білдіреді. Себебі, қалың жұртшылық нағыз мық­ты­ларды ғана мойындайды. Халық мойын­да­ған адамның ел ішінде беделі биік болады. Осыдан 40-50 жыл бұрын балуандығымен аты шыққан Айхановты жұртшылықтың әлі күнге дейін алқалы жиындардан қал­дырмай құрметтеуі, төр­ден орын ұсынып, алақанына салып ая­ла­уы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Өйткені Әбекең қазақтың намыс туын биік ұстады. Халық бұл жа­ғынан оның алдында қарыз болып қалған жоқ. Елі өзіне жа­салған қызметті ұлына деген құрметпен қайтарды. Се­бебі, жеке адам ала­қан­дағы бір тамшы су болса, халық ұшы-қиырына көз жетпейтін түпсіз дария. Әбілсейіт Айханов бұ­рынғы Талдықорған облы­сы Сарқант ауданының ту­ма­сы. Әкесі Рүстем уақы­тында колхоз басқарған, елге сыйлы, айналасына ық­пал­ды кісі болыпты. Әбіл­сейіті 4-5 жасқа толғанда Ұлы Отан соғысына атта­нып, содан қайтпаған екен. Анасы Рахиланың, ағайын-туғандарының тәрбиесінде өскен Әбекең оқуға зерек болыпты. Әсіресе, математи­­ка, физика, тригонометрия пәндерінен алдына жан сал­маған екен. Ал Алматыға оқуға барғанша күрестің әдіс-тәсілін білмек түгілі, кілемге шығып көрмепті. – Ауылымызда дене шы­нықтырудан Николай Степанович Серебрянников деген мұғалім сабақ берді, – дейді Әбекең сол жылдарды еске алып. – Шашы аппақ қудай кісі болатын. «Если хочешь быть здоровым, то занимайся спортом», – деген сөзді жиі айтатын. Осы сөзді үл­кен әріптермен көр­некі жерге ұран қылып жа­зып та қой­ды. Әрі-бері өт­кен кісі­нің назарын ауда­рады. Бізге ертеңгілік бой ширату жат­ты­ғуларын Николай Степанович үйретті. Ауылдың қа­радомалақтарын жиып ал­ып, жүгіруге шығады. Өзі серке құсап топтың алдын бастап отырады. Алдына шығуға рұқсат жоқ. Содан ұстаз бастаған топ бала «Энергия» колхозын бір айналып, бір-ақ тоқтаймыз. Шау тартқанына қара­мас­тан Серебрянников балалардан қалыс­пайтын. Тәртіпке мығым болатын. Жоғарыда Әбекеңнің есепке жүйрік­тігін айттық. Айханов 10 сыныпта оқып жүргенде ауданнан сол сыныптың емти­ханына арналған есептер келеді. Ауыл­дағы екі мектептің мұғалімдері жабылып, әлгілердің шешімін таба алмай қиналады. Мұғалімдер бұл есептер жоғары оқу ор­ны­ның бағдарламасына арналған, 10 сы­нып­тың кітабында жоқ деп, ауданға қай­тарып жібереді. Сабақ үстінде Айым деген мұғалім әлгі есепті тақтаға жазып, шешуін іздейді. Сонда бозбала Әбілсейіт оны қиналмай шығарып, бұл хабар аудандық оқу бөліміне жетеді. Аудандағы білімге жауапты мамандар мотоциклмен кісі жіберіп, есептің дұрыс шығарыл­ған­дығын, бұл есептер оныншы сыныптың бағдарлама­сын­да бар екенін дәлелдейді. Ауыл мұ­ға­лімдері Айхановты еріксіз мойындайды. Әбекеңнің есепке бейімі, алғырлығы шынында да таңғаларлықтай еді. Үй тап­сырмасына берілген есепті таң атқанша шығарып, бет-жүзі майшамның күйе­сінен қап-қара болған сәттері әлі жа­дында. Сонымен қатар, химия пәнінен де қамшы салдырмапты. Сегізінші, тоғы­зыншы сы­нып­тарда Менделеев таблица­сын жатқа соққан екен. Мектеп қабыр­ғасында жүріп математика мен физи­каның қай бетінде қандай тақырып бар, қай теңдеу қай тарауға жатады, түгел жатқа біліпті. Мектепте есептен төрт деген баға алып көр­ме­ген. Ауыл бозбаласы сегізінші, тоғы­зын­шы, оныншы клас­тар­дың математикасы мен физикасын бастан-аяқ жатқа білсе, бұл дегеніңіз қазіргі тілмен айтқанда феномен емес пе! Адам баласына мұндай қабілет өте сирек бітеді. Айханов мектеп қабырғасында жүріп-ақ қатарынан оқ бойы озған. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды», демекші, Әбекеңнің осындай ғажап дарынымен қиырдағы ауылға сыймайтыны, уақыты келгенде туған жерден ұзап шығып, қияға қанат сермейтіні аңғарған адамға сол кезде-ақ белгілі еді. Айханов 1957 жылы Алматыдағы дене шынықтыру институтына түсуге талап қы­лады. Алғашқы сынақтан бастап сәтті тап­сырған Әбекең соңғы емтиханы физикадан сүрінбейтініне сенімді болатын. Өзіне сенген ол қатарластары физикаға жатпай- тұрмай дайындалып жатқанда, кітапты қо­лына да ұстамайды. Себебі, бәрін білетін тәрізді. Бірақ күтпеген жағ­дай жас Әбіл­сейітті біраз қиналуға мәж­бүр етеді. Әлі есінде, емтихан қабыл­даушы мұғалім Ал­маты малдәрігерлік институтынан келген апай екен. Бұл келіп билет алады. Емтихан билеті төрт сұрақтан тұрады екен. Мәс­са­ған, бірінші сұрақ есіне түспейді, екінші, үшінші сұрақтарды да білмейді. Төртінші сұрақ есеп екен. Бірден шығарып, мұға­лім­нің алдына келіп отырады. Сондағы ойы, ұстаздың алдына барғанда есіме түсетін шығар деген дәме ғана. Мұғалім: «Дай­ынсың ба?» дейді. Бұл болса, есебін ғана шығарған. Үш сұрақтың жауабын білмейді. «Жарамады, аудиториядан шық», деді емтихан алушы апай жайымен ғана. Айханов аудиториядан сыртқа шығып, екі-үш қадам ұзамай қайта кіреді де: «Тәте, мен физикадан төрт алып көрмеген едім. Тағы бір билет алуға рұқсат етіңізші», деп қиы­лады. «Болмайды», дейді мұғалім. Әбіл­сейіт та­бал­дырықтың көзінде тапжылмай тұра береді. Бір кезде мұғалім жібіп: «Бір билет ала ғой, бірақ бір бағаңды төмен қоямын», дейді. Қуанып кеткен Айханов билетті ала сала жауап беруге әзір екенін білдіреді. «Отырып дайындал», дейді мұ­ғалім. «Апай, біліп тұрмын. Айтуға рұқсат еті­ңіз­ші», деп табандап тұрып алады. Ақыры ұстаз келісіп, Әбілсейіт төрт сұ­раққа да мүдірмей жауап береді. Мұғалім риза бол­ған кейіпте бір сұрақ қояды. Айхановтың жауабы дайын. Екінші сұрақ­ты көлденең тартады. Абитуриент зуылдап тұр. Үшінші сұрақ. Айханов тосылмайды. «Жаңа неге осылай жауап бермедің?» деп сұрайды мұғалім. «Тәте, ондай сұрақтарды мектеп­тің физикасынан көрмеппін», дейді Әбіл­сейіт саспай. Мұ­ғалім сырықтай боз­бала­ның табанды­лы­ғына, зеректігіне риза бо­лып, физикадан бес қойып береді. Сөй­тіп, Айханов Ал­ма­ты дене шынықтыру инсти­тутының студенті атанады. Әбекең күрестен спорттық дәрежесі бол­мағандықтан, шаңғы бөліміне қабыл­дана­ды. Өйткені, ауылда Николай Степа­нович­тің қол астында біраз шаңғы тепкені бар. Бір бөлмеде сегіз студент бірге жатады. Кейін қазақ спортының тұлғалы азаматтарына айналған Әбілсейіт Айханов, Аманша Ақ­баев, Ғалым Жарылғапов, Серік Әбдінәли­ев, Тұрсынбек Әбсембетов бір қазаннан ас ішіп, жарты нанды бөліп жейді. Кілең бұла күші бойына сыймаған бағландар. Бөлмеде іштері пысқан кезде бір-бірімен қол күрес­тіреді. Шаңғышы Әбілсейіттің қолдары кү­ректей. Ешкімді шыдатпайды. Сондай алаң­сыз студенттік күндердің бірінде Алматы қаласында қазақ күресінен өтетін республика біріншілігіне қала командасы жасақтала бастайды. Кі­лең сайдың тасындай жігіттер іріктеліп, екінші командаға ауыр салмақта белдесетін балуан табылмайды. Тағдырдың жа­зуы­мен Аргунов деген саха жігіті бапкерлерге қол күрестен дес бермейтін Әбіл­сейітті ұсынады. Жаттықтырушылар бірден келіседі. Күрестен еш хабары жоқ 190 сантиметр бойы бар, салмағы 74 кило тар­татын Айханов шүу дегенде қарсы­ла­сын ау­ылдағыдай жата қалып лақтырады. Он­ың бұл әрекеті қазақ күресінің ережесіне қай­шы келіп, төреші қарсыласының қолын кө­те­реді. Жеңіліс басына таяқ болып тиген Әбіл­сейіт кілемдегі Аманжолов, Сәдуа­қа­сов деген балуандардың қи­мыл­дарына назар салады. Бұл күресте шалып жығуға бо­ла­ды екен. Болмаса, шалуға ұмтылған қар­сы­ласты кейін қайырып тастауың керек. Күрестің кілтін тапқан Айханов бұл сында қола жүлдеге қол жеткізеді. Сол күні инс­титуттың күрес маманы Петр Матущак Әбілсейітке: «Ертең сағат төртте жаттығуда бол», деп тапсырма береді. Бұл – 1957 жылдың 7 қарашасында болған жағ­дай. Қа­зақ­стан чемпионаты қазан төң­керісінің 40 жылдық мерейтойына орай ұйымдас­ты­рылған болатын. Айхановтың балуандық жолы осылай басталды. Петр Матущак пен Қабден Бай­досовтың шәкірті Әбілсейіт күн санап еркін күрестің әдіс-тәсіліне қаныға түсті. Алғаш­қы ірі жарыстарының бірі – Бакуде болған КСРО кубогы үшін бәсеке әлі көз алдында. Қарсыласы – КСРО чемпиона­ты­ның жүлде­ге­рі, жастар арасында Одақ чем­пионы Ал­ек­сандр Иваницкий. Айха­нов­тың әлі Қазақ­стан чемпионы болмаған кезі. Балуан ретінде разряды да жоқ. Кейін Олимпиаданың – 2, әлемнің 4 мәрте чемпи­о­ны атанған А. Иваницкий өзінің «Решающий поединок» (Мәс­кеу, «Физкультура и спорт», 1981 ж.) атты кітабында бұл белдесуді былай суреттейді: «Ұзын бойлы, денесінде бір қырым ет жоқ балуан сүйегіне ілініп тұрған, әлсіз адамдай әсер қалдыр­ды; уақыт жоғалтпай тез ұтуды көздеп, аяғына ұмтылдым да, жам­бастан орап кеудеге қарай тарттым; қа­зір аяғын босату үшін әрекет жасайды, сол кезде қақпанға түседі деп ой­ла­дым; ол болса, түк бол­мағандай бір аяғымен ор­ғып жүр, онымен қоймай менің аяғымды жал­ғыз аяқ­пен орағысы келеді, осы­лай бір минуттай ай­қас­тық, жалғыз аяқпен қар­сы­лас­қан қазаққа түк істей алмадым; менің құр­са­уымнан босай сала жа­байы жылқыша бір қы­рын­дап тұра қалды; ашу­ға мініп, еңкейе бере оң аяқтан ілгенім сол еді, қас қағымда тобығымнан ұстаған бойда жойқын күшпен аударып тастады; ...кезекті шабуылым сәті­мен болып, аяғынан тар­тып қалғанымда Айханов кілемге отыра кетті; мен оны шалқалата жықсам деп кеудесіне міне түсіп едім, ол аударылып етпеттей жығы­лу­дың орнына ұзын қолда­рымен мені жамбастан ұстап, аяғымды аспаннан келтірді». 1961 жылы Айханов КСРО құрамасы сапында Чехословакияның астанасы Пра­гаға ірі халықаралық жарысқа аттанады. Сол сында жеті қарсыласын таза жығып, финалға шығады. Шешуші сындағы қар­сыласы чехтың әйгілі түйе балуаны Богумил Кубат. Белдесу алдында Кеңес Одағы Күрес федерациясының президенті Алексей Захарович Катулин: «Жарайсың, Айханов! Сен сенімді ақтадың», – деп риза­шылығын білдірді. Катулиннің нені меңзеп тұрғанын Әбілсейіт түсінді. Ол шет елге алғаш рет шығып отыр. Ешқандай спорт­тық дәрежесі болмаса да әрқайсысы бір-бір мемлекеттің намысын жыртқан жеті балуанды жолда қалдырды. Богомил Ку­бат­тың салмағы – 140 кило. Айханов 83-84 кило тартады. Кубат әлемдік сындарда бір елдің даңқын асырып, әлемге танылған атақты балуан. Ақтық айқаста жеңілсең де саған кінә тақпаймыз, дегенді Алексей Захарович тұспалдап жеткізіп отыр. Ал Әбілсейіт болса Кубатты жықсам дейді. Сонымен төреші екеуін ортаға шақыр­ды. Кубат аю тәрізді балпаң-балпаң басып келе жатыр. Денесі шойыннан құйыл­ған­дай. Өз-өзіне сенімді. Әбілсейіт болса, бой­шаң. Аяқ-қолы сырықтай. Балуаннан гөрі жеңіл атлетке көбірек ұқсайды. Екеуі­нің күресі аң патшасы арыстан мен түз тағысы қасқырдың айқасына ұқсап кетті. Қалың көрерменнің айқайынан құлақ тұнады. Жергілікті жанкүйерлер Кубаттың жеңетініне бек сенімді. Бірақ қазақ балуа­ны алдыртар емес. Екеуі ұзақ алысты. Бір кезде төреші Кубатты партерге салды. Айханов етпеттеген қарсыласын жуан мойын мен қолтықтан орай ұстап, аударып тастағанда кең спорт сарайына жиналған халық сілтідей тына қалды. Кубат құрсау­дан шығамын деп, жанұшыра тыпыр­лай­ды. Әбілсейіт бір жарым центнер алыптың кеудесіне мініп алып, езгілеп жатыр. Чех алыбы қазақ балуанының шеңгелінен құ­ты­ла алмады. Әбілсейіт Айханов Прага­да­ғы мыңдаған жанкүйердің көз алдында Кубаттың жауырынын кілемге тигізді. Сол сәтте Алексей Катулин жүгіріп келіп, Ай­ха­новты шынайы пейілмен құттықтаған екен. 60-жылдардың басында Минскідегі кезекті жиын үстінде Галкин деген спорт саласына қалам тартып жүрген азамат «Еркін күрестің 150 әдіс-тәсілі» атты кі­табы­ның тұсаукесер рәсімін жасайды. Сонда КСРО еркін күрес құрамасының бас бапкері Александр Михайлович Дьякин Галкинге: «Егер Айхановтың жарысы мен жатты­ғуын көрген болсаңыз, сіздің кіта­бы­ңызда 150 емес, 151 әдіс-айла болар еді», – деген екен. Біле-білген адамға бұл дегеніңіз Айхановты жай балуан ретінде ғана емес, творчестволық қуаты зор, әдіс-айлаға кемел тұлға ретінде мойындау. Мойындап отыр­ған адам сол тұста әлемдегі ең мықты құра­маның бас бапкері Александр Дьякин. Мектеп қабырғасында математика мен фи­­зиканы жатқа соққан Айхановтың балу­ан­дық жолда да ешкімге ұқсамайтын өз соқпағын салғаны заңды құбылыс. Себебі, табиғатынан дарынды адамдар ғана өзі ден қойған салада жаңалық ашады. Мы­са­лы, Әбілсейіт Айхановтың белдесу үстін­де қарсыласына оң аяғын ұсынуы әл­емдік күрестегі тың қадам десек, қа­те­леспейміз. Еркін күресте балуандар кө­біне қарсы­ла­сының аяғынан ілуге әрекет жасайды. Еркін күрес жарыстарын бай­ып­пен тама­ша­лайтын бол­са­ңыз, күресте аяқты беру – футболда өз қақпаңа пенальти ұрғызумен бірдей. Айханов небір мықты қар­сылас­та­рына аяғын ұста­тып тұрып, жеңіске жеткен. Мен күрестің қыр-сы­рын білетін адам­мын. Ұзақ жыл КСРО құрамасының оқу-жаттығу жиынында бол­дым. Самбодан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықты­ру­шысы атағына қол жеткіздім. Жалпы, күрес атау­лы­ның негізі бір. Сонды­қтан Айхановтың ешкімге ұқса­май­тын балуандық қол­таң­басын біз, күрес маман­да­ры жақсы түсінеміз. 1962 жылы әлем чем­пио­натының іріктеу сыны Алушта қаласында өтті. Сол жиында атақты Александр Медведь пен Әбіл­сейіт Айханов аса ауыр сал­мақта әлем чемпиона­ты­на бару үшін таласқа түседі. Екеуі­нің арасындағы айқас 12 минөтке созылады. Айханов Медведьке оң аяғын қайта-қайта ұсынады. Медведь оның аяғынан ұста­май, шегіне береді. Себебі, Айха­нов­тың аяғын ұстау өз еркіңмен жеңілгенмен бірдей. Кілем шетінде тұрған Александр Иваницкий: «Са­ша, аяғын ұстама!» деп жан дауысымен айқайлайды. Ақы­ры, не керек, қаша кү­рескен Медведьті төреші төрттағанға салады. Әбекең партерде Медведьтің қабырға­сын қайыстырып, қажет ұпайын молынан алады. Табан тірескен күресте де Айханов басым түседі. Бірақ АҚШ-тың Толедо қаласында бол­ған әлем чемпиона­тын­да Кеңес Одағы­ның намысын Медведь қорғайды. Ал Айханов Толедоға екінші нөмірлі балуан ретінде барады. Ол кезде Мәскеу қазақ секілді шағын ұлттардың спортшыларын тұсап ұстайтын. Бұл ай­қас туралы бізге сол тұстағы Қазақстан құ­рамасының бас бапкері, КСРО-ның ең­бек сіңірген жат­тықтырушысы Петр Матущак дене шынықтыру институтында оқ­ып жүрген кезімізде әңгімелеп берген еді. Айханов Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жарып, жүл­де алған Борис Кулаев, Анатолий Албул, Савкус Дзарасов, Никола Станчев, Шота Ломидзе, Александр Иваницкий секілді саңлақтардан басым түсті. Мысалы, Ол­им­пиаданың қола, әлемнің күміс жүл­де­гері Анатолий Албул әлемдегі техникалық шеберлігі ең жоғары балуандардың бірі болса, Айханов Албулды таза жықты. Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Борис Кулаев «әлем танкі» деген лақап атымен белгілі спортшы. Бірақ Кулаев Әбекеңнің сан қырлы әдісінің кілтін таба алмай, жеңілгенін мойындады. 1956 жылғы Олимпиада чемпионы, болгар батыры Никола Станчевті Айханов 1961 жылы тізе бүктірді. Салмағы 120 кило тартатын Олимпиада жүлдегері Дзарасовтың да 85 кило салмағы бар Айхановқа шамасы жетпегені тарихтан белгілі. Бір ғажабы, Әбіл­сей­іт Айханов бұл мықтылардың әрқайсы­сын әртүрлі әдіспен жеңіпті. Бұл қазақ батырының балуандық диапазонының кеңдігін, творчестволық қуатының биіктігін байқатады. Айхановтың бір ерекшелігі қарсыластарының күшті, осал жақ­та­рын терең таразылап, салмақтап, талдап барып кілемге шығады екен. Яғни, Айханов тек құрғақ күштің балуаны емес, оңды-солын байыптап, ақыл-ойын алға салып күресетін біртуар тұлға. Әбекең спортшы кезінде күнделік жазуға қатты мән беріпті. Күнделікке жеңген, жеңілген белдесулерін қалдырмай, тәптіштеп жа­зып отырады екен. Айхановтың жадының мықты екенін әңгіме басында айттық. Ол кісі әлі күнге дейін осыдан 45-50 жыл бұрынғы белдесулерін талдап, таразылап отырады. Жасы жетпістен асқан адамның жар­ты ғасыр бұрынғы оқиғаларды қаз-қал­пында әңгімелеуі де үлгі алатын жағдай. Әбілсейіт Айханов еркін күресте ғана олжалы болған жоқ. Моңғолдың ұлттық күресінен осы елдің небір алыптарынан басым түсіп, бас бәйге алды. Айхановтан таза жеңілген балуандардың қата­рын­да ұлттық күрестен Моңғолияның бірнеше дүркін абсолютті чемпионы, отан­дас­тары «жығылмайтын алып» деп атаған Тув­тен­дорждың болғанын оқырманның есіне сала кеткенді жөн көрдік. Әбіл­сей­іттің сол сапардағы жеңісі сондағы қазақ бау­ыр­ларды керемет қуанышқа бөледі. Моң­ғол жанкүйерлері де қазақ балуа­нының тамаша өнеріне сүйсініп, Айхановты құт­тықтау үшін кілемге шығып кеткен екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Айханов қазақ халқының Қажымұқан, Балуан Шолақ, Молдабай сынды ал­ыпта­рының ізін басқан ерен тұлға. Алла та­ға­ла Әбілсейіт Рүстемұлына ұлтымен бірге жасауды нәсіп еткен екен. Біз осындай мықтымен замандас болдық, талай мәрте бірге дәм таттық. Ендігі арманымыз қа­зақтан Қажымұқан мен Әбілсейіттей күш иелері шығып, Алаш туын биікте ұстаса дейміз. Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының  Туризм және спорт министрі.