• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Қытаймен сауда қатынасы нығаяды

444 рет
көрсетілді

Бүгінде Қытай Халық Республикасына экспортталатын тауарлардың жалпы соммасы 115 миллиард АҚШ долларын құрайды. Көршіміз 7 миллион тонна сиыр етін, 3 миллион тонна астықты және тағы басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін сырттан сатып алатын көрінеді. Ал мұның ішінде қазақстандық өнімдердің үлесі 0,1 пайыздан аспайды. Аспан асты елімен сауда қатынасын арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қытайға экспорт» қозғалысын құрды. Отандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік тауарларын өндірушілерге өнімдерін Қытай нарығына ұсынуға мүмкіндік беретін бастама аясындағы алғашқы шаралар қолға алынып үлгерген. Бүгін палата өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына қозғалыстың мақсат-міндеттері туралы айтып берді. Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың мәліметінше, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ел кәсіпкерлерінің өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруды көздейді. «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласын, ауылдағы тұрғындардың жағдайын қалай көтереміз?» деген мәселе үнемі алдымыздан шығып жатады. «Отандық өнімдердің саудасын қыздыруда қандай шаралар қолға алынуда?» деген сыңайдағы сауалдар да аз емес. Бәрімізге мәлім, біздің мемлекетіміздің екі жағында Қытай және Ресей елдерінің үлкен нарығы бар. Одан арыдағы араб мемлекеттерінің нарығы да оңай емес. Біз осындай үлкен алыс-берістің ортасында отырғанымызды тиімді пайдалануға тиіспіз. Ал ауыл шаруашылығы – біздің экономикамыздың драйвері. Сондықтан ел аумағында өндірілетін өнімдерді тек өзімізде қалдырмай, жаңағы мемлекеттердің нарығына да жалғауға тиіспіз», деді палата өкілі. Көпшілігіміз білетіндей, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін Қытай Халық Республикасына бірнеше рет сапарлап, екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту мәселелерін қаузаған. Өзге де проблемаларды талқылаған. Соның нәтижесінде Қытай тарапынан шектеу қойылған тауарларымыздың біршамасын экспорттауға мүмкіндік туды. Ал бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты, тіпті, арттыра түскен сыңайлы. «Рас, Қытай – дүниежүзіндегі Еуропа одағы мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұрған ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін ірі мемлекет. Олар тек өткен жылы ғана 115 миллиард доллардың өнімін өзге елдерден импорттаған. Айталық, 3 миллиард долларға 7 миллион тонна сиыр етін алса, 38 миллион долларға 200 мың тонна бау-бақша өнімдерін сатып алған. Бұған қоса, 3 миллион тонна бидай, 11 миллион тонна арпа, тағы 75 миллион долларға 7 миллион тонна бал өнімдерін пұлдаған. Ал осы жердегі Қазақстанның үлесі – бар-жоғы 0,1 пайыз ғана», деді Н.Әлтаев. Мамандардың айтуынша, «Қытайға экспорт» қозғалысынан кейін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі үлкен шаруаны қолға алған екен. Жақын арада азық-түлік тауарларын өндіретін кооперативтер мен фермерлерге жеңілдетілген пайызбен несие, өзге де тиімді қаражат көздері ұсынылатын болады. Жиын барысында білгеніміздей, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қытайға өз өнімдерін экспорттағысы келетін отандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге даяр. Бүгінде палатаның ресми сайтында «Қытайға экспорт» айдары ашылып, онда тауарларға қойылатын негізгі талаптар ғана емес, көрші елдің нарығына шығудың сызба-нұсқасы да орналастырылған. Бұдан бөлек, арнайы байланыс орталығына қоңырау шалып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алуға да болады. Сондай-ақ «export@palata.kz» электронды поштасына сауал жолдауға мүмкіндік бар. «Біз әрбір кәсіпкердің қолынан жетектеп, Қытай нарығына шығуына көмектесеміз. Алайда, бәрі жеңіл болады деп ойлауға болмайды. Өйткені, экономикасы қарыштап дамып кеткен алып мемлекеттің құзырлы органдары сырттан келетін өнімдерді қатты тексереді. Қытай нарығына шығу үшін арнайы куәлікті алу жолдары да күрделі. Сондықтан тиісті талаптарға дайын болғанымыз жөн», деді палатаның басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. Мамандар ел кәсіпкерлеріне бірігіп, кооператив құру арқылы көрші елдің нарығына шығуға кеңес берді. Олардың айтуынша, қазіргі кезде қазақстандық омарташылар бір кооператив құрып, Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр. «Біз бұрындары еліміздегі бал өнімдерін Қытайға тасымалдай алмайтын едік. Мемлекеттік мекемелердің іргелі жұмысының арқасында келісімге келдік. 1500 отандық бал өндіретін кәсіпкердің басын құрап, кооператив құрдық. Қытайлық арнайы инспекция осы кооператив өнімдерін тексеріп, оң бағасын берді. Енді қазақстандық омарташылардың балы өзге елде де пұлданатын болады», - деді палата өкілдері. Бүгінде «Атамекен» ҰКП Қазақстан өнімдерін Қытай нарығына шығаруға қатысты жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп, шектеулер қойылған өнім түрлеріне байланысты кедергілерді жоюға да белсенді атсалысуда. Олар, негізінен, отандық өнімдерді көрші елдің нарығына кеңінен таныту мақсатында бірыңғай брендті қалыптастыруды көздейді. Бұл туралы палата өкілдері былай деді: «Біз бұл бағыттағы шаруаларымызды жалғастыра береміз. Ал Қытай нарығы біз үшін қазақстандық өнімдерді өткізу көлемін кеңейту жолы ғана емес. Бұл арқылы тауар өндірушілеріміз өз өнімін әлемдік деңгейдегі баға бойынша сатып, өзіндік шикізат өндірісін ынталандыра алады және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарының жұмыс ауқымын көбейтеді».