Еліміздің ауыл шаруашылығын еселеп арттыру және оны тұрақтандыру бүгінгі күндегі басты бағытымыздың біріне айналып отыр. Өйткені, ауыл шаруашылығынсыз, халық үшін азық-түлік бағдарламасын кідіріссіз алға апару оңай шаруа емес. Қазір бұл күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі де көкейкесті мәселеге айналды. Қазіргі таңда ауа райының жаһандық өзгеріске ұшырауы және оның қоршаған ортаға тигізіп жатқан кері әсері ХХІ ғасырдың басты проблемаларының бірі болып отырғаны шындық. Сондықтан осыған байланысты ауқымды проблеманың түйінін түпкілікті шешу мақсатында өз тарапымнан түйінді ойларымды, ұсыныстарымды, пікірлерімді аға газет арқылы ортаға салғым келеді.
Соңғы онжылдықта планетамызда экологиялық-климаттық табиғат өзгерістерінің саны артты: күйзелістік құбылыстардың қайталануы ұлғайды (нөсер, бұршақ ұру, су тасқыны, дауылды желдер, қар басу). Адамзат тарихында эрозиялық процестерді күшейтетін табиғи факторлардан бөлек, антропогендік факторлардың да рөлі айтарлықтай болды және болады да, бұл әсіресе, топырақтың және басқа да ауылшаруашылық алқаптарының, жалпы барлық биотүрліліктің – өсімдіктердің, жануарлар әлемі мен микроағзалардың азып-тозуына әкеледі. Бүгінгі күні әлемде жыл сайын 10 миллионнан астам егістік жерлері қолданыстан шығуда: эрозиядан – 6 млн га, ауылшаруашылық қажеттіліктеріне бөлінгендерден – 3 млн га, тұздану мен батпақтанудан – 2-3 млн га жер жарамсыз болып қалған. Бұл ойлап отырсақ, аз шығын емес.
БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда соңғы 50 жыл ішінде ауа темпе-
ратурасының орташа жылдық мәні 1,5-2,00-қа артқан. Экономиканың маңызды секторларының бірі –ауыл шаруашылығы қазірдің өзінде-ақ суармалы және ауыз су тапшылығын сезінуде. Осының салдарынан негізгі ауылшаруашылық дақылдары өнімділігінің төмендеп кеткені байқалады. Атмосфералық жауын-шашынның азаюы топырақтың ылғал қорының төмендеуіне әкеп соқтырады. Бұл көбіне суарылмайтын тәлімді егіншілік аудандарындағы өнімге қатты әсер етері анық. Бұдан басқа, вегетациялық кезеңнің гидротермикалық жағдайларының өзгеруі ауылшаруашылық дақылдарының түрлі ауруларын, зиянкестердің жаңа түрлерін туындатты. Мұның да өнім сапасы мен өнімділікті төмендетуге тигізер ықпалы аз болмайды. Аталған жағдайда, ауа райының өзгеруіне бейімделу мәселелері аграрлық ғылымдағы зерттеулердің басым бағыты болып табылады. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты және азық-түлік қауіпсіздігін тікелей анықтайды.
Әлемдік стандарттарға сәйкес, Қазақстанда егіншілік жұмыстары ауа райының ерекше қолайсыз жағдайларында жүргізілуде. Мұнда негізгі егіншілік аймақтардағы жылдық жауын-шашын мөлшері 200-350 мм құрайды. Осыған байланысты, отандық өсімдік шаруашылығының ауа райы өзгерістеріне бейімделуі үшін әсері мен мүмкіндіктері бойынша зерттеулерді арттыра түсу қажет. Яғни, селекциялық жұмыстарға деген көзқарасты өзгертуге тура келеді. Және тек өнімділікті арттыруға ғана назар аударып қоймай, сорттардың күйзеліске тұрақтылығын (құрғақшылыққа, аязға, суыққа, тұздануға төзімділігін) дамытуды да қолға алған абзал.
Сонымен қатар, негізгі ауылшаруашылық аймақтардың қалыптасқан егіншілік жүйесіне түзетулер енгізу керек. Себебі, климаттық өзгерулер вегетациялық кезеңнің гидротермикалық жағдайларына айтарлықтай әсер етеді. Нәтижесінде, агротехникалық іс-шараларды жүргізудің оңтайлы кезеңдерін өзгертуге, арамшөптердің вегетациясы фазаларының жылжуына, өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау амалдарына, төзімділігіне және басқа жағдайларды туындатады. Ол үшін бір ғана тәсіл емес, өзара байланыстағы іс-шаралар жүйесі, егістік алқаптарының (ауыспалы егістер) оңтайлы құрылымы, топырақ өңдеуімен егіншіліктің ғылыми негізделген жүйесі, өсімдік шаруашылығының кең әртараптануы, егіншіліктің және ауыл шаруашылық дақылдарын өсіретін агротехнологиялардың заманауи жүйесі қажет.
Соңғы жылдары «икемді егіншілік» тұжырымдамасы танымал бола бастады. Ол қуаңшылық аймақтарда егіншілік жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарының тиімділігін көрсетеді. Оның негізгі буыны ылғал жинауды күшейту бойынша іс-шаралар кешені және осы негізде – қалыптасқан табиғат жағдайларына сәйкес егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру мүмкіндігі, сонымен қатар, топырақты өңдеу, тыңайтқыштарды пайдалану, өсімдіктерді қорғау амалдары жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу болмақ. Қолайсыз егіншілік жағдайларында бұл факторларды ескеру, ылғалмен қамтамасыз ету деңгейіне икемді әсер етуге, егістікті пайдаланудың құрылымын шұғыл өзгертуге және биоклиматтық әлеуетті кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Атмосфераны көмір қышқыл газымен байыту есебінен ауылшаруашылық дақылдары үшін жаһандық жылынудың жағымсыз салдарларын азайтуға болады. Бірақ ол ауа райы өзгеруінің жаһандық үрдістері жағдайында АӨК жұмылғыштығы мен тұрақтылығын, сонымен қатар, топырақ құнарлылығын сақтап, арттыруды қамтамасыз ететін егіншіліктің бейімделу ландшафтты жүйелерін игергенде ғана мүмкін болмақ.
Ауа-райының күрт жылынуы ауылшаруашылық дақылдарының зиянкес жәндіктерінің көбеюіне әсер етеді. Фитофагтардың көптүрлілігінің кеңеюі жалғасуда (612 зиянкес бар), жаңа штаммдар пайда болуда. Қазақстан Республикасымен шекаралас мемлекеттерде Ug99 сияқты сабақ таты жайылуда. Олардың дамуы күтіліп отырған қуаңшылық жағдайларында бидай және арпа егістіктерінде күшейіп кетуі мүмкін. Осыған байланысты, орташа температуралар мен жауын-шашынның айтарлықтай өсуінің сценарийлері үшін климаттық өзгерулердің ерекшеліктерін білу қажет. Сонымен қатар, агротехникалық әдістерді қолдану негізінде зиянкестермен бірігіп күресу, ауыспалы егісті жүргізу және минералды қоректі оңтайландыру, биопрепараттарды кеңінен пайдалану, ЭПВ есепке ала отырып, зиянкес ағзалардың жоғары, орташа, әлсіз дамыған кезін анықтап, пестицидтерді ғылыми негізделген түрде қолдану, фитопатогендерді диагностикалаудың заманауи молекулярлық-генетикалық әдістерін қолдану қажет.
Жалпы айтқанда, аграрлық ғылымды ұйымдастырудың жаңа жүйесінің басқарушылық моделін жасау қажет. Ол кадрлар дайындау процесіне біріктірілген, іргелі және қолданбалы ғылым әдістерін үйлестіруді және алдыңғы қатарлы әлемдік жетістіктерге бейімделуді талап етеді. Дәстүрлі және экологиялық нәтижелілігін үйлестіретін егіншіліктің экономикалық тиімді жүйелерін жасау керек. Өзінің ауқымдылығы мен маңыздылығына қарай, отандық ауылшаруашылығының ауа райының өзгеруіне бейімделуі бойынша мәселелер негізгі басымдылықтардың біріне айналуы тиіс. Оларды аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу институттары базаларында дамыту керек. Біз осы бағытты дамытуды неғұрлым тезірек қолға алсақ, соғұрлым көптен күткен тиімділікке ие боламыз. Сондай-ақ, шетінен туындап жататын технологиялық міндеттерді табысты шешуге мүмкіндік пайда болады. Сөйтіп, Қазақстанның ауыл шаруашылығына ауа райының өзгеруінен келетін қысымға ауыз толтырып айтатындай тосқауыл қоюға болады. Мұны біздің ғылыми-зерттеулеріміз айғақтап отыр.
Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ