Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапары аясында осы елдің Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесті.
Кездесу барысында Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің, сонымен бірге екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырған бұл кездесудің символдық мәні бар екендігін баса айтты. «Біз сіздердің «Жапония-Орталық Азия» бағдарламаларыңызға қолдау білдіреміз. Сіз Қазақстанды айрықша назарда ұстайсыз. Біз сіздермен экономикада да, саясатта да тығыз серіктес болғымыз келеді», - деп атап өтті Елбасы.
ҚР Президенті екі елдің арасындағы сауда-саттық, экономикалық байланыстар әріптестікті нығайта түсетіндігін айтты. Бұл ретте Қазақстан мен Жапония арасында бірлескен кәсіпорындардың жұмысы оң жолға қойылғандығын есертіп өтті. «Бұл сіздің соңғы 8 жылдағы Жапонияға алғашқы сапарыңыз. Ал өткен жылы мен Қазақстанға сапар жасағанымда сіздер өте жылы қабылдап, қонақжайлық таныттыңыздар. Сол үшін сізге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді», - деді өз кезегінде Жапония Үкімет басшысы. Сонымен қатар ол Еуразияның дәл орталығындағы энергетикалық ресурстарға бай Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін жеткізді және ядролық қаруды таратпау әрі қарусыздану ісіндегі еліміздің атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға берді.
Айта кетейік, келіссөздер қорытындысында екі елдің арасында бірқатар құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Сонымен қатар екі елдің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары үшін де бірлескен мәлімдеме жасайды.