Кез келген елдің ақпараттық технологияны қаншалықты меңгеріп, оның дамуын қаншалықты жолға қойғандығына қарап экономикасының деңгейін байқауға болады десек қателеспейміз. Өйткені ақпараттық технологияның әу бастағы міндеті бұқара халықтың сұранысын қанағаттандыру, адами факторды азайтып, уақыт үнемдеу арқылы тиімділікті арттыру болып табылады. Қалаған ақпаратыңды кең жолақты ғаламторға қосылған кез келген компьютерден алуға мүмкіндіктің болуы бұрынғы табалдырықты тоздыратын сарсылыс пен қаптаған қағазбастылықтан арылтады. Ал ұсақ-түйек үшін уақыт жоғалту мен жемқорлық нышандары болмайтын жүйе барда экономиканың даму дөңгелегі біраз жерге барары сөзсіз.
Қазақстан соңғы жылдары ақпараттық технология саласының дамуын жіті бақылап келеді. Бақылап қана қоймай, оны ендіруге күш салуда. Бұрынғыдай емес, біліммен асу алатын заман көз ілеспес жылдамдықпен демесек те шапшаң дамып барады. Дүниенің бір бұрышында біреу бірдеңе ойлап тауып жатса, екінші бір бұрышта одан асып түсу үшін жанталас жүріп жатыр. Ілесудің өзі қиын. Өйткені, соңғы үлгідегі заманауи технологияны жасап шығару бір басқа, қолданысқа енгізу барысында оны мемлекеттік тілге бейімдеу тағы бар. Ақпараттық технологияны жете меңгеру кез келген елмен иық тірестіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ оның болашағымызды айқындайтынын жете білеміз. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы көріністі еске алайықшы. Ауылдық жерлердегі оншақты компьютер бүкіл мектептің, бір ауылдың жүгін арқалайтын. Ғаламтор туралы ойланбайтынбыз да. Ал енді ше? Ауылдық жерлерде ұялы байланыс желісі де, ғаламтор да бар. Компьютер меңгергендер саны артуда. Ендігі кезекте оны үй-үйде тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланатын күн де алыс емес. Олай айтуымыздың себебі бар. “Электронды үкімет” порталы арқылы түрлі анықтамалар алу, тіпті маңызды делінетін лицензия, нотариат секілді қызмет түрлері үйде де қолжетімді бола бастады. Бұл жағымды құбылысты еліміздің өркениеттер көшіне ілесуінің бастамасы деп білейік.
Үкімет ақпараттық технология саласына баса назар аударып, оны нақты жолға қою үшін 2007 жылдың соңына қарай қаражат бөле бастады. Әсіресе, ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, оны қолданушылар санын көбейту, әлеуметтік маңызы бар анықтамаларды үйден шықпай-ақ алу мүмкіндігі, түрлі мемлекеттік қызметтерді интернет арқылы алу бағыттары бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, мемлекеттік электронды және сервистік қызмет көрсететін “Электронды үкімет” порталы өмірге келді. Портал бүгінгі таңда 74 түрлі қызмет көрсете алады. Сондай-ақ, “е-лицензиялау” мемлекеттік мәліметтер базасы ақпараттық жүйесі құрылды. Ел аймақтарын телекоммуникация саласында жоғары сапалы байланыс және жоғары жылдамдықтағы ғаламтормен қамтуға мүмкіндік беретін Next Generation Network және CDMA секілді жоғары технологияларды енгізу жобалары белсенді түрде жүзеге асырылды.
2008 жылы “Нұр Отан” ХДП сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында Елбасы басқару саласында электронды үкімет мүмкіндіктерін, сондай-ақ заманауи технологияларды кеңірек қолдану керектігін айтқан болатын. Электронды үкіметтің негізгі ерекшелігі мемлекеттік қызметті көрсету барысында азаматтарды шенеуніктермен тікелей кездестірмейді. Бұл сыбайластық пен пара алушылықтың жолын кесетіні айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта әр облыс орталығында, қалаларда енгізіліп жатқан электронды әкімдіктердің атқаратын қызметі “бір терезе” принципі бойынша жұмыс істейтін болады. Басқару саласымен тікелей жүздесуді болдырмайтын заманауи технология дегеніңіз осы. 2009 жылы “Электронды үкімет бастамалары” атты халықаралық конференцияда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов еліміздегі интернет дамуы туралы ерекше атап өткен болатын. “Соңғы жылдары бірқатар сауалдар интернет дамуы, электронды үкімет төңірегінде жиі қойылды. Дағдарыс кезінде, яғни қаражат тапшы кезінде бұл салаға мұнша көңіл бөлмесе де болатын еді. Өзге де толып жатқан мәселелер бар деген пікірлер айтылуда. Алайда, дағдарыс өтеді, кетеді. Қысқа құбылыс. Одан сабақ алу керек және елдің бәсекеге қабілеттілігі халқының, қоғамның, оның экономикасы келесі кезеңде қалай жұмыс істейтіндігіне байланысты анықталады. Ал біздің ойымызша, ақпараттық коммуникациялық технологияның дамуы әлемдегі басым бағыт. Бұл салада кейін қалу еліміздің басқа салалардағы дамуын кейінге шегеріп тастамақ”. Яғни, электронды үкіметтің дамуы экономиканың кез келген саласының тиімділігін арттыруға үлес қосады.
Өткен жылы Үкіметтің байланыс және ақпарат саласындағы жұмысы мемлекеттік саясатты байланыс, ақпарат және пошта байланысы, ақпараттандыру саласы, электронды үкімет арқылы жылдам әрі сапалы жүзеге асыруға бағытталды. Үкіметтің тұрғын халыққа, ұйымдарға мемлекеттік электронды қызмет көрсету және ақпараттық коммуникация саласында білімді дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету үдерісінің тиімділігін, ашықтығын, сапасын арттыру және жоғары маманданған IT мамандарын дайындау. Бұқара халық пен ұйымдар мемлекетті электронды қызметті қауіпсіз түрде алуы үшін сандық сертификаттар шығарылды. Қазіргі таңға дейін “Электронды үкімет” порталы арқылы 1,5 млн-нан астам анықтама берілген көрінеді.
Жоғарыда келтіріп өткен тағы бір мемлекеттік қызмет түрі – е- лицензиялау. Лицензия беру үдерісін автоматтандыру мақсатында “е-лицензиялау” мемлекеттік мәліметтер базасы ақпараттық жүйесі құрылды. Жоба жүйеге лицензия беруші 11 мемлекеттік органның қатысуы арқылы қанатқақты аймақта тәжірибелік қолданысқа енгізілді. Электронды лицензиялау жүйесі арқылы 700 лицензия беріліп, 13 824 жазба қалдырылған. Астана қаласында “е-нотариат” ақпарттық жүйесі қанатқақты түрде іске қосылды.
Электронды үкімет аясында 10-ға жуық тәжірибелік жобалар мен 200-ге тарта ақпараттық жүйелер іске асырылуда. Мұның барлығы болашақта ел игілігіне айналатын қадамдардың бастамасы. Қазірдің өзінде кеңінен қолданысқа еніп жатқан мемлекеттік қызмет түрлерінің саны артуы әбден мүмкін. Порталды қолдана білмейтіндерге жер-жерде насихат жүргізуге баса назар аудару керек секілді. Қолданушылар артқан сайын ақпараттық технология саласын там-тұмдап болса да түсінетіндер саны арта түседі. Өйткені, сұраныс бар жерде ұсыныс бар.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.