Жаңашыл бағытта жұмыс істеп жүрген режиссерлер қазақ театр өнерінде көп емес. Ал аздың бірі деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемировтың есімін нық сеніммен атауға болады. «Қара шекпен», «Қоштасқым келмейді» сияқты қойылымдары сахнаның сұрша бояуларынан жалығып, жаны жаңа көркемдік кеңістікті аңсайтынының дәлеліндей сезілген еді. Жақында осы спектакльдерінің қатарын «Ақтастағы Ахико» пьесасы толықтырды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде кеңінен толғап жазылды. Еуропа, Ресей үшін таңқаларлық құбылыс болмаса да, қазақ театр кеңістігінде тұңғыш рет көзі тірі кейіпкер өзі туралы қойылымға куә болды. Осылайша, театр өнерінде деректі драма жанрындағы спектакльдің пайда болуына Асхат Маемиров тарыдай болса да өз үлесін қосты. Ал тамұқтың отын кеше жүріп, адам төзгісіз азаптан аман шығып, Қазақстанды Отаным деп таныған Ахико Тецуро туралы жақында ғана Жапонияға барған сапарында Президент Н.Назарбаев жапон депутаттарына тебірене тұрып баяндап берген еді...
– Асхат мырза, Президентіміз жуырда жапон парламентарийі алдында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында сіз сахналаған «Ақтастағы Ахико» пьесасы туралы айтып, бұл оқиғаны екі халықтың арасындағы жарасымдылық пен сыйластықтың үлгісі етті. Жапон тұтқыны туралы қойған спектакліңізді Жапонияның ең үлкен мемлекеттік телеарналары мен ақпарат құралдары да сүйіншілей жарнамалады. Айтыңызшы, қандай күйде отырсыз?
– «Ақтастағы Ахико» – шығармашылық, көркемдік тебіреністен туған дүние болғандықтан өзіме ыстық екені рас. Спектакльдің желісі деректі негіздерден, тарихи фактілерден құралған. Сондықтан тағдыры сан мәрте қылкөпірден өтсе де, рухын жоғалтпаған Ахико Тецуроның адами болмысы – жақсылық пен жалғандық, жауыздық пен мейірімділік секілді ұғымдардың тереңіне бойлатады. Ұлты жапон болса да, Қазақстан топырағын ерекше қастерлейтін, ұлы даланың қадір-қасиетіне жете алатын Ахико Тецуроның өмір жолы мен қилы тағдыры мені алабөтен толқытты. Жапон мен қазақтың болмысы, мінезі ұқсас, өмір сүру философиясында да, дүниетанымында да бір жақындық бары сезіледі. Қазақ жерін мекен етіп, бар тағдырын байланыстырған жапон азаматының өмірін осы ұқсастықпен қабыстыра бейнелегіміз келді. Байқасақ, отызыншы жылдары Алаш арыстары да Жапония сияқты ұлттық мемлекет құруды мұрат тұтты, бірақ қақпанына түсірген қызыл империяның отаршылары оларға «жапон тыңшысы» деген айып тақты. Керісінше, қорлық көрсе де, сау адамның санасына сыймайтын зұлымдықтың түр-түрімен бетпе-бет келсе де, жапон тұтқынының қазақ халқына бауыр басып кетуін, байтақ даланың мейіріміне молынан қанып, сусындап өскенін көрсетуге тырыстық.
Сахнаның көркем шындығымен көмкеріліп өмірге келген туындының Жапония жеріне жасаған сапары кезінде Елбасының аузымен үлкен мінберде айтылғаны мен үшін күтпеген оқиға болды. Тосын жағдайға қуандым. Алғаш «Ақтастағы Ахико» спектаклі сахнаға шыққан күндері Жапонияның алдыңғы қатарлы телеарналары, ал келесі күні басқа да ақпарат құралдары хабарлар таратқан еді. Көп уақыт өтпей жатып Президентіміз Токио төрінде тұрып, Жапония Парламенті депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде көптеген жапондықтардың тағдыры Қазақстанмен бірге өрілгенін еске салып, лагерьден босатылған соң Қазақстанда қалған Ахико Тецуроның тарихын баяндады. Жерлестерінің тарихынан хабардар болған жапон үкіметі оны тарихи Отанына шақырып, «ұлттық батыр» ретінде танып, азаматтық беріп, үй-жаймен қамтамасыз етіп, құрмет көрсетсе де, Ахико бәрібір Қазақстанға қайта оралып, әлі күнге отбасымен Қазақ елінде баянды ғұмыр кешіп жатқанын айтты. Ұрпаққа адамгершілік пен ізгілікті ғана аманаттап кеткен асыл сөздің қазынасы Абайдың ұстанымға айналдырғысы келген «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидасын қазағының қапысыз орындағаны, ал Ахиконың жүрегіне сіңіріп өмір сүргенінің ұлы мысалы осы емес пе? Ұлт пен ұлысты еш жатсынбай бауырына баса алатын кеңпейіл қазақ халқының жерұйық мекенінен жапон азаматтары да бақыт тапты. Ахико секілді зұлмат аждаһасының аузынан аман қалып, қазақ жерінде бақытын тапқан барлық азаматтар үшін Қазақстан биік рухтың, жасампаздықтың алтын бесігі.
– Қойылым барысында Ахикомен бірге отызыншы жылдардың аяғында қуғынға ұшыраған Алаш арыстарының да көркем бейнесіне куә болдық. Бұл кейіпкерлер драма жазылған кезде арқау болды ма?
– Ұлттық идея үшін басын бәйгеге тігіп, Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған үркердей арыстар тобы түгелге дерлік жалған жаламен «халық жауы» аталып, сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандары болса, олардың жарлары, ұл-қыздары да озбыр қоғамнан жазықсыз жапа шекті. Олардың арасында «Карлагтың» темір қапасында отырған қайраткерлеріміз болды. Қиындыққа жасымаған, адами рух мықтылығын жоғалтпаған аяулы арыстардың өмірі бозбала Ахиконың көз алдында өтеді. Ақиық ақын Сәкеннің әкесі Сейфолла Оспанов, Жанайдар Сәдуақасовтың әкесі Сәдуақас Жалмақанов пайғамбар жасынан асқан шақтарында шын мәнінде «Карлагтың» темір торына қамалып, «халық жауының» әкелері болғандығы үшін жазықсыз атылып кеткен арыстар. Ал Алаш ақыны ретінде көрінетін Ахмет – ұлттық мүдде мен елдік мақсатты ту еткен, отандық мәдениетіміздің ілгерілеуіне барынша атсалысқан, сталиндік тоталитарлық режимнің қудалауына ұшыраған А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды қазақ зиялыларының прототипі. Аталмыш қойылымда көптеген көркемдік сахналық құралдар арқылы ақтаңдақ жылдардың ақиқатын айтуға, көрермендер жүрегіне жол таба білуге тырыстық.
– Премьера кезінде кейбір көрерменнің қан қысымы көтеріліп, «Жедел жәрдем» шақырылыпты. Спектакль қуатының күшті болғаны ғой?..
– Карлагтың сұмдығы, зұлмат заманның шындығы санасына, жүрегіне әсер еткен болар, соңғы екі премьерада да сондай жағдай орын алды. 15-16 жастағы бозбаланың алғаш рет адам төзгісіз азаппен бетпе-бет келіп, онымен күресуі, азапты кешіп жүріп оны жеңіп шығуы кез келген адамның жүрегін шымырлатып, жанарына жас үйіріп, көңілін толқытады. Айтулы актеріміз Д.Ақмолда сахна төрінде шынайылықпен Ахиконың мұң-зарын жеткізген кезде, бұғып жатқан ең қуатты сезімінің өзі бұлқынып, лықсып шыққан болар.
– Спектакльден байқағанымыз, М.Әуезов театрының актерлері де сахнада жапон ұлтының дәстүріне сай биязы қозғалып, сөйлеу мәнерін, жүріп-тұруын, тіпті, үніне дейін меңгеруге тырысқандары байқалды. Әсіресе, актриса Зарина Кәрменова нақтырақ кейіптеді. Спектакльге жапондар кеңесшілік жасаған-ау, шамасы...
– Спектакльдің әзірлігі басталмай тұрып Жапонияның Қазақстандағы елшілігінде 3-хатшы болып қызмет істейтін, қазақ тіліне судай Марико Цунокаке ханым жапон этикетіне қатысты білуге тиіс дүниенің бәрін түсіндіріп, айтып отырды. Пьесаға қажет жапон әндері мен музыканы сұрыптауға көмектесті. Әйелдің мінезі қандай, ер адамның мінезі қандай болуы керек, осыған дейін тәптіштеп, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Өзі Жапонияда оқып жүргенде жекпе-жек өнерімен айналысқан екен. Сол себепті қылышты қалай кезенуден кимононың белдігінің қалай тағылатынына дейін өзі келіп көрсетті. Мұның барлығы театр артистеріне үлкен бағдар болды. Осы жанашырлығы мен көмегі үшін Марикоға үлкен алғысымды айтқым келеді.
– «Ақтастағы Ахико» пьесасының авторы Мәдина Омарованың шығармашылығымен бұрыннан таныссыз ба? Бүгінде 15-ке жуық пьеса жазған Мәдинаның драматургиялық қарымын қалай бағалайсыз?
–Мәдина – аз сөзбен-ақ кейіпкердің ойын жеткізетін өзіне тән суреткерлік стилі бар жазушы ретінде маған бұрыннан таныс еді. Әсіресе, кейіпкердің ішкі психологиялық иірімдерін, ішкі қақтығысын жақсы жеткізеді. Кейіпкердің бойынан мистика көре алатыны, метофизикалық тәсілдерге бой ұрып жүргені аңғарылатын. Осыны өзінің драматургиялық жұмыстарында да қолдана бастады. Режиссер Алма Кәкішева «Жолаушы», «Жалт еткен бір сәуле» деген қос бірдей дүниесін Батыс Қазақстан облыстық драма театрында сахналады, ал Әкемтеатр секілді өнердің үлкен қарашаңырағында тырнақалды туындысының қойылуы – зор жетістік. Режиссер ретінде Мәдинамен шығармашылық түсіністікпен, сеніммен жұмыс істей алдық деп ойлаймын. Келіспеген сәттеріміз де көп болды. Бірақ, біріміз режиссер, біріміз драматург ретінде, екеуміз де қым-қиғаш қайнаған жұмыс ішінде шығармашылық бір биікті бағындырған сияқтымыз. Алдағы уақытта да Мәдинадан үлкен үміт күтемін.
– Асхат, өнерді қадірлейтін Президентіміз рухы биік Ахико туралы үлкен мінберден айтып жатыр. Елбасымызды театрға арнайы шақырып, көрсету ойыңызда жоқ па?
– 24 қараша күні М.Әуезов атындағы драма театрының Қарағанды өңіріне гастрольдік сапары басталады. Ақтаста тұратын Ахико Тецуроның жасы бүгінде 86-да. Алматыға арнайы шақырып, өзі туралы спектакльді көрсеткіміз келіп-ақ еді, бірақ жасы келіп қалған адам үшін ондай сапар оңай емес. Ал енді Ахико атамызды Қарағанды театрына шақырып, көрсету ойымызда бар деген хабарды театр басшылығы жеткізіп отыр. «Ақтастағы Ахико» спектаклінің 1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Астанада қойылатыны белгілі болып отыр. Себебі, осы күндері М.Әуезов театры Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған жұмысын елорда көрерменіне ұсынбақ. Астана халқының алдында шығармашылық есеп беру сапарындағы қойылымға Ахико Тецуро міндетті түрде келіп қатысады деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»