• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2016

Қарашаның аязы Шығыс Қазақстанды әбігерге салды

461 рет
көрсетілді

Алтайда желтоқсанға жетпей түсетін қыс қарашаның бел ортасында-ақ кәріне мінді. Шығыс өңірінде бірнеше күн қатарынан аяздың беті қайтпай тұр. Қырық градусқа дейінгі қатты аязға байланысты мектептерде сабақтардың тоқтатылғанына бір аптаға жуық уақыт болды. Сақылдаған сары аяз буып тұрғанда Өскеменде екі бірдей жылу орталығында апатты жағдай орын алды. Өскемен жылу электр стансасының 9 қазандығының бірі істен шықса, Соградағы жылу орталығының үш қазандығының екеуі істемей, қаланың бірқатар бөлігі жылусыз қалды. Қазақстандағы АES компаниялар тобының қоғаммен байланыс қызметінің мәліметінше, Өскемен ЖЭО-ның №11 қазандығы 17 қарашада сағат 16.00-де ақау табылуына байланысты қызметін тоқтатқан. Станса мамандары ақауды 18 қараша күні қазандық суыған соң қалпына келтірді. Жөндеу жұмыстарынан кейін қазандыққа от жағылып, іске қосылды. Өскемендіктердің үйлерінің салқындап кетуінің негізгі себебі – осы. Ал Согра жылу орталығындағы жағдай қиын. Үш қазандықтың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. №2 қазандық 23 қарашаға дейін жөндеуден өтуі тиіс болғандықтан іске қосылмаған. Ал 18 қарашаның түнінде 1 қазандық агрегаты апатты жағдайда тоқтады. Осыған байланысты жөндеуде тұрған №2 қазандықты іске қосуға тура келген. Облыс басшылығы аталған стансалардың меншік иесі болып табылатын американдық компанияның өз міндетттерін толығымен орындамағаныа және жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізбегеніне байланысты айыптап отыр. – Компания тарапынан миллиардтаған инвестиция құйылады делінген уәде болғанымен, іс жүзінде жүзеге асырылған жоқ. Жөндеу жұмыстары толық орындалмады, деген өңір басшысы Даниал Ахметов қала басшылығы мен жылу мамандарына тәуліктік кезекшілік ұйымдастыруға тапсырма берді. Алдағы уақытта облыс басшылығы аталған мәселені компанияның өңірлік жетекшілерімен бірге АҚШ өкілдерімен де талқыламақ. Сондай-ақ аяздың кесірінен қаладағы қоғамдық көліктерді күткен жолаушылардың аялдамада ұзақ тұрып қалуы жиіледі. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, автопарктердегі 309 автобустың 126-сы дизелі қатып қалғандықтан жолға шыға алмай қалған. Тіпті, тұрғындардың жеке көліктерінің де көпшілігі оталмай қалғандықтан такси қызметіне сұраныс артқан. Бұл бағаның 100 пайызға дейін қымбаттауына себеп болып отыр. Аязды күні Күршім ауданында 5 адам жүздеген малмен (100-ден астам қой мен 10 шақты жылқы) бірге далада арнасынан асып жайылған өзеннің қоршауында қалған. Қалжыр өзенінде қабыршақ мұз қатып қалғандықтан су арнасынан асып, жағалауға тегіс жайылған. Қыстаудан шыққан малшылар өз ауылы – Жаңаауылға дейін жете алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Ауданның төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдік қызметкерлерінен құралған мамандар тобы шынжыр табанды техникамен түні бойы құтқару жұмыстарын жүргізді. – Түнде түк көрінбейтін қараңғылық болды. Бізді малшылармен бөліп тұрған қауіпті белдеу шамамен 500 метрдей еді. Шынжыр табанды техникамен өту өте қауіпті болатын. Өйткені алдында беті қатып қалғанымен түбі қуыс, тереңдігі 3-4 метрге дейін жететін жыра болды. Тәуекелге бел буып, жаяу жүрдік. Малшылар біздің бағыттан жаңылмауымыз үшін от жақты, дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Азамат Абдрахманов. Аудан әкімдігі қызметкерлері Қалжыр өзеніндегі су тоспасын тексерді. Аталған бөгеттен елді-мекенге қауіп жоқ. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" Шығыс Қазақстан облысы.