• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2016

Бекен Қайратұлы. Шабандоз Салыбек

1031 рет
көрсетілді

(деректі-этнографиялық толғау)

Жаңа низамының мыңда тоғыз жүз он төртінші (1914) жылы Сағымбек байдың бәйбішесі Салыбек атты ұл тапқан. Ол заманда қазақтың баласы, түйенің қомында туып, аттың жалында ер жететін. Алты жасында атқа шабатын. Он жасында арқандап асау мінетін, тайпалтып тойда жүретін, бір мүшелге толғанда пышақ азуы қышыған жас бөрідей жалаңдап көкпардың маңына баратын. Лып етіп шетке шыққан серкенің санына жармасатын… Сөйтіп, қарымын шыңдайтын, жүрегін тақайтатын, білегін бекітетін, тақымын қатайтатын. Әр қазақтың ұлы осындай мектептен өтетін. Оған төзбеген боркемік жанды, кеміс туған кемік көретін. Ондай бейбақ қаратабан қойшыға айналатын. Бір сөзбен айтқанда, ұлы дүбірге төтеп бере алмай, беті қайтып, жүрегі тайқып, сыннан өтпей қалған ұлды аталастары «әкеден кері кетіп туған ынжық» деп бағалаған. Яғни, бағзы заманда көкпар дегеніміз – ер мен езді бір-бірінен айыратын теңдессіз құрал болған.  

Сарқасқа аттың қазасы

Сонымен, әуелгі әңгімеге қайта оралсақ: жоғарыдағы Сағымбек байдың тұңғышы Салыбек он төрт жасқа толғанда ел бүлінді. Кәмпеске дейтін заң шығып, бардың малын сыпырып алды. Маңдай терімен тапқан ақ-адал дәулетінен айырылған ел Өзбекстанға босып кетті. Ол жақта ширек ғасыр өмір сүрген Сағымбектің: Салыбек, Балбек, Қырғызбай, Райымжан атты балалары болды. Ұлдың үлкені Салыбек жасында өзбек палуандарымен (көкпаршыларды осылай атайды) додаға түсіп, тақымын шынықтырды. Салекеңнің көкпарға берілгені соншалық өзі өмір сүрген 77 жыл ғұмырында үкіметке бір күн еңбек етпеген екен. Тіпті еңбек кітапшасы да болмаған, зейнетақы да алмаған, тек көкпардың қызығына батып, аламан доданың дуын қыздырып, өмірден озған. Көкпар болған соң әрине, ат керек. Ат болғанда жаба тоқып міне салатын қойторы емес, күштілігі өгіздей, ұшқырлығы сұңқардай, ептілігі еліктей, иесі тақымын қысып, тізгінін қаққанын жазбай танып, мүлтіксіз орындайтын жылқы болмаса, көкпаршының бағы жанбайды. Сондықтан да, болар оңтүстік өңірде көкпар атындай қымбат дүние жоқ және оны баптау өз алдында бір ғылым. Сонау бір өткен ғасырдың 50-60 жылдары Салекең көкпарға атақты сарқасқа атымен шығып, кейбір кездерде жан баласына салым ұстатпаған кездері де болған. Ел арасында «Салыбектің Сарқасқасы» деген ат аңызға айналған. Бұл ат Шәуілдір жақта өмір сүрген керей Кәдір деген кісінің тума құлыны екен. Осы Кәдірдің әйелі Қызбала Салекеңе қарындас болып келеді. Бірде Темір өңіріне көкпарға барып келе жатып Салыбек жаңа туып тұрған құлынды көзі шалған. Басында сылым ет жоқ, тізесі еменнің шорындай шодыр, сауыры шоқтығынан қарыс сүйем көтеріліп тұрған құлынды көргенде көкпаршының көзі жайнап кеткен. «Құдай бұйырса, аламан додада алдыңа ат салмайтын, тартыста тауды да құлататын жылқы боларсың» деп түйген. Арада жыл өткенде Кәдірдің анасы дүниеден озып, келесі жылы алыс-жуықтағы ағайын-тумаларын шақырып ас береді. Көппен бірге ас-тойға Салекең де келеді. Жай келмейді қосақтап төрт жылқы жетектеп келеді. Бұл келістің тегін емесін сезген Кәдір ұста да аңғарады. Кәдекең жай қатардағы көп ұстаның бірі емес, қолынан өнер тамған жан. Соғыс жылдары Қажымұқан балуан осы Шәуілдір жерінде ел аралап өнер көрсетіп, ұшаққа ақша жинағанда балуанның керек-жарағын осы Кәдір ұста дайындап беріп отырған. Тіпті Қажыекеңе арнап арнайы арба да жасаған. Сонымен жоғарыдағы астың соңғы тойға ұласып, ел көкпар шабады. Салыбек шабандоз өзінің сыралғы торысымен үш дүркін мәре көреді (жеңіс алады). Ас тарқар тұста Салыбек күйеу баласы Кәдірге келіп: «Кәдіржан менің ана бір қосақтап алып келген төрт жылқыны байқаған соларсың, солар сенікі» дейді. «Не үшін». «Кәдіржан сен ана бір сарқасқа тайыңды маған бер». Кәдір қатты ойланады. Сарқасқаның тегін жылқы емесін өзі де білетін. Жылқылар түскі ыстықта іргедегі дарияға құлағанда осы сары тай өзеннің тереңіне жүзіп барып, судың ішінде балық сияқты аунап-қунап ойнайтын. Ақыры Кәдір өзі бір шешімге келе алмай ауылдың ақсақалдарын жинайды. Олар айтады: «Кәдір қарағым, мына Салыбек көкең аты шығандаған әйгілі көкпаршы, сен сары тайыңды бер!». Осылай сарқасқаны қолға түсірген Салекең риза болғаны соншалық астындағы көкпар торысын да «Сарқасқаның қазығы бос тұрамасын» деп байлап кетеді. Салекең сары тайды жетелеп ауылға келеді. Жол бойы асықпай 120 шақырым жерге 10 күн жүреді. Атты әкелген соң жақсылап баптайды. Жарықтық жақсы атты ханның тағынан артық көрген жан екен. Басқасы басқа былайғы ел-жұрт ас-суға ұн таппай отырса, Салыекең атын таза бидай беріп асырайды. Тұнық сумен суарып, жасыл жонышқаның көгін ғана жегізеді. Қысы-жазы жабулап ұстайды. Сиыр су ішкен ыдыспен ат әсте суармайды. Сарқасқаны тұрған жерінде зәр сындыртпайды, тезек тастатпайды. Тайынан үйреткені соншалық жануар зәр қысқанда арқырап кісінейді. Үйдегілердің бәрі үйренген жүгіріп шығып, алысқа жетектеп барып зәрін төктіріп, тезегін тастатып қайта әкеліп байлайды. Көкпар таяғанда тіпті басқаша. Салекең атымен бірге қорада түнейді. Оның әрбір қимылын бағып, кірпік қақпай қарап жатады. Етін қатырады, қазысын ортайтады, күніне бірнеше дүркін мініп-түсіп бұлшық еттерін ширатады. Содан кейін Салекеңнің көкпарға аттануы өз алдына бір той. Барлық бала-шағасын жинайды. Салыекеңнің үлкен қызы Рахия апайдың айтуына қарағанда, әкесінің көкпарға аттануы үлкен мереке. Барлық баласы жиналып аттандырады. Құтты бір алапат шайқасқа бара жатқандай Салекең бұршақтай түйіліп, сұңқардай шүйіліп, қаһарын сыртына шашып, атқа қонады. Ал, Сарқасқа ат тіпті өзгеріп сала береді. Қорада байлауы тұрған жуас атты танымай қаласыз. Қос жанарында от ойнап, ауыздығын қарш-қарш шайнап, омырау еті бұлт-бұлт ойнап, жердің үстінде желмен жеңіл ұшып бара жатқан қаңбақтай сырғиды. Салыбекпен қатар көкпар шапқан адамдардың қатары әлі де бар. Атақты көкпаршы Құланхан Жақыпов айтады: «Салыбек көкемді біз әбден қуаты қайтқан кезде көрдік. Соның өзіне жас жігіттерге салым бермейтін. Ортадағы қырғын додаға көп түспейді, тегі атын аялайтын болуы керек. Додадан көкпар алып шыққан адамды аңдып тұрып жұлып әкетеді. Жолай тоқтатам деу бос әуре. Салекең ғасырда бір туатын шабандоз еді ғой…». Осылай Салыбек пен сарқасқа аттың атағы Түркістан, Шәуілдір, Шаян, Төрткүл одан былай Қазықұрт, Шардараға дейін жайылады. Сондай күндердің бірінде ауыл арасында шағын жиын өтіп, үлкен ақсақалдар қолбала көлік есектерін мініп топ-топ болып әңгімелесіп келе жатады. Сонау бір шетте сарқасқа атын сылаңдатып Салыбек келе жатады. Осы оқиғаны көрген бір ақсақал айтыпты: «Мына есек мініп келе жатқан шалдардың бар байлықтары үйінде. Әрбірінің жүз-жүзден қойы бар. Өздері есек мініп келе жатыр. Ал, ана бір сарқасқа ат мініп келе жатқан адамның бар байлығы астында. Жалғыз атынан басқа түгі жоқ…». Күндер сырғып өтіп жатты. Шамасы 1960 жылдырдың басында Айдар Ахметов деген адам анасының жылдығын өткізіп, аспен бірге көкпар береді. Оған сарқасқасын сылаңдатып Салыбек шабандоз да келеді. Бірден бес салымды қатар алады. Сарқасқа ор қояндай ырғып, сыныптай сусиды. Салыбек пен сарқасқаның үйлесімін көрген жан баласы таңдайын қағады. Бірақ осы сәтте күтпеген оқиға орын алады. Салекең терін сүртіп ортаға беттеп келе жатқан. Астындағы аты арқырып кісінейді. Қараса аттың құлағына дейін қарайып кеткен. Түсе қалып, ерін сыпырады. Арқасы да қаражолақтаныпты. Жануар иесінің иығына басын сүйеп, көзінен жас парлайды. Салыбекте бір пәленің боларын сезіп, ауыр күрсінеді. Амал қанша сол жерде көз тиіп сарқасқа пышаққа ілінеді. Осы оқиға жайлы Салекеңнің үлкен қызы Рахия апай айтады: «Сарқасқа ат өлерден бірнеше жыл бұрын мен күйеуге шығып, жеке отау құрып кеткен едім. Мен барған елде үлкен көкпар өтті. Оған әкемнің де келгенін естідім. Кешке үйге келсем әкей ер-тоқымын арқалып үйде отыр екен. Аты көз тиіп өліпті. Қатты қамықтым…».

 Салыбек палуан

Бурыл аттың көз жасы

Салыбек көкеміз көкпар қуып жүргенде мына жақта ұлдары: Жора, Дүйсен, Алмас, Болаттар ер жетіп, тіпті үлкені Жора ел қатарлы қызметке ілініп те үлгерген екен. Әкесінің аты өліп, қанаты қырқылғанын аңдаған ұлдары ауыл-аймақтан сұрау салып, жақсы ат іздейді. Содан Тоқсансай ауылында Өмірбек дейтін адамда дөнен шығар бурыл ат бар дегенді естиді. Жора ағамыз арнайы барып көрсе, әкесінің тақымына татитын сияқты. Шауып әкесіне келеді, «Тоқсансайдан дөнен шығар бурыл ат көрдім». Салекең: «Енді қайт дейсің?». «Барып көрмейсіз бе?». Ақсақал үнсіз ер-тоқымын қолтықтап көлікке келіп отырады. Жора екеуі бурылды көреді. Бірден ұнайды. Ай-шай жоқ бурыл дөненге тоқым салып, ертейді де мініп жүре береді. Жора: «Көке қайда барасыз, әлі саудаласқан да жоқпыз ғой…». Салекең аттың басын іркіп, артына бұрылып бір қарап: «Саудалас та, ақшасын төле!». Әке үкімі балаға заң. Болды, бітті. Осы бурылмен көкеміз қайтадан көкпардың айдынына шығып, шортандай жүзеді. Жора ағамыз әңгіме үстінде мына бір оқиғаны айтып берді: Бірде жұмыс бабымен ел аралап келе жатып, еңгезердей қарияға жолықтым. Жасында дес бермес шабандоз болған екен. Барып сәлем бердім, ақсақал, «кімнің баласысың?» деді, «Салыбек Сағымбековтың баласы баламын». Ақсақал еңсесін тіктеп түзеліп отырды. «Палуан Салыбек пе?». «Иә». Ақсақал айтыпты: «Жасымда атақты шабандоз болдым, нағыз болып-толып тұрған шағымда мына Темір жақта біреу көкпар бергелі жатыр дегенді естіп аттандым. Бірден салымды іліп алып мәреге қарай шауып келе жатыр едім, бір жап-жас жігіт қапталдай келіп жармасты. Ішімнен «мына бейбаққа не жорық, дәмесінің зорын қара» деп, ойлап қоям. Сарт етіп серкеге жабысты. Қолы шала ілініп шығып кетті. Қарасам қайдадан індетіп келе жатыр. Ашуым келіп, бетін қайтарып тастамақшы болып, өзім де оған жанасалай бердім. Қолы серкенің аяғына ілінгендей болып еді, іркіп тартып қалғаны. Алғашында қара саным үзіліп кеткен шығар деп ойладым. Есімді жисам серке ана жігіттің тақымында кетіп бара жатыр. Осы оқиғадан кейін көкпарды тастап кеттім. Аяғым жарамай қалды. Артынан сұрастырсам, сол жігіт сенің әкең екен…». Осылай күндер өтіп жатты. 1991 жылы Темірланда Қажымұқанның 120 жылдық тойы өтті. Осы тойдың бас палуаны (оңтүстікке көкпаршыны «палуан» дейді) ретінде 77 жастағы Салыбек қария көкпарға шығып, соңғы салымын салады. Кешікпей сырқат меңдеп жатып қалады. Бурыл ат дүркін-дүркін иесін іздеп, кісінейді. Жылқы баласының тілін білетін Салекең дерт меңдеп, төсек тартып жатса да, бала-шағасына «мені далаға шығарыңдар» дейді. Үйдегілер ақсақалды аулаға төсек салып, далаға алып шығады. Бурыл иесінің иісін сезіп, құлын дауысы шырқырап қояа береді. Салекең, «атты алып келіңдер!» дейді. Екінші ұлы Дүйсен байлаулы тұрған тұлпарды жетектеп алып келеді. Ақпақ қудай сүйегі арса-арса төсек тартып жатқан иесін көрген бурыл ат ышқынып келіп, шалды искейді. Қос жанарынан парлаған жас ақсақалдың жастығын жуады. Онымен қоймай есті жануар иесіне, «орныңнан тұр» дегендей, көрпесін жұлқып, жастығын тістеп лақтырады. Мына оқиғаны көріп тұрған адамның бәрі бурыл атпен бірге көз жастарын төгеді. Сол күннің кешінде атақты шабандоз, өмірін көкпарға арнаған Салыбек қария дүниеден өтеді. Иесінің бақиға көшкенін сезген бурыл ат иесін аза тұтып, көзінен жас парлап, ұзақ жылайды. Жем-шөп жемей қанжардай қатады. Ақыры ол да кешікпей өліп тынады. Бекен Қайратұлы

Атақты шабандоз Салыбек Сағымбекұлы бурыл аттың үстінде тұр