• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Болат Бодаубай. Елбасының елімен сырласуы

424 рет
көрсетілді

«Ұлы Дала ұлағаттары» – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жазған жаңа еңбек – оқыған адамды енжар қалдырмайтын, туған еліміз – Қазақстанның сонау-сонау ертеден келе жатқан мыңдаған жылдық тарихына, өткені мен бүгінгісіне ой жүгірткен, кеудені қуанышқа, шаттыққа, мақтаныш сезіміне бөлейтін дүние екен. Оны оқып отырғанда кеше қандай едік, бүгін қандаймыз деген ой өзінен өзі туындайды. Бұл туынды – осыдан ширек ғасыр бұрын тәуелсіздікке қол жеткізген елімізді сол кездегі барлық қиындықтардан құтқарып, экономикамызды нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартып, дамудың даңғыл жолына түсіріп, көрегендікпен, кемеңгерлікпен сәулелі ертеңімізге, жарқын болашаққа қарай бастап келе жатқан Елбасымыздың өз халқымен сырласуы, атқарылған істер, қол жеткізген жетістіктеріміз, жеңістеріміз жөнінде туған халқына берген есебі десе де болғандай екен. Маған кейде ой келеді: егер сонау өткен ғасырдың тоқса­нын­шы жылдарының басында ел тізгіні еліміздің бағына туған Нұрсұлтан Әбішұлының емес, басқа біреудің қолына тисе, жағдайы­мыз қалай болар еді деген. Ой­лаудың өзі қорқынышты. Аға ұрпақ өкілдері біздер жақсы білеміз, ол кездегі Қазақстанның хал-ахуалы адам аярлықтай қиын еді. Ел экономикасы негізінен шикізат өндіруге бағытталған. Одақ ыдырап, тараған соң бұрынғы шаруашылық байланыстардың барлығы күрт үзіліп, өндіріс те, өзге тіршілігіміз де тұралап, тұрып қалды. Елді жұмыссыздық, қиыншылық жайлады. Бізден гөрі жағдайлары тұрақты болып саналатын өзге республикалардың өзінде ұлтараздақ кикілжіңдер, қақтығыстар туындап жатқанда, көп ұлтты, оның үстіне жер иесі – қазақ халқынан сырттан келген өзге ұлттардың саны әлдеқайда басым Қазақстан өз алдына мемлекет болып кете алмайды деп сәуегейлік айтушылар да болды. Шүкір-шүкір… Елбасының өзінің сөзімен айтсақ: «Ел болудың, мемлекет болудың жөн-жобасын көрсетіп берген, көмекке келген ешкім болған жоқ. Біз бәрін де тыңнан бастап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық, барды берекеге айналдырдық, сол ырысты өсу мен өркендеудің негізі етіп алдық». Сөйтіп, бүгінгідей әлем таныған, ең үлкен, алып мемлекеттердің өзі құрметпен қарайтын, мақтаныш тұтуға болатын Қазақстан дәрежесіне жеттік. Бұл кітапта еліміздің осындай өсу жолы тамаша баяндалған.