Алматыда бұрын-соңды болмаған қалың қар жауса, жексенбі күні қалалықтар Мемлекеттік орталық музейге қарай асықты. Өйткені, үш бірдей ұйым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Жапонияның Қазақстандағы елшілігі мен Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы ұйытқы болған шарада алматылықтарды көп қызық күтіп тұрған-ды.
Демалысқа сәйкес келген «Жапонияның Алматыдағы мәдениеті күнінде» талай жұмбағын ішіне бүккен елдің көркін көз алдымызға әкелген сәттер болды. Ғажайып ғибадатханалары мен жұмақтай бақтары, қар басқан тау шыңдары мен зәулім үйлер, болашақтың технологиясы мен ғасырлық дәстүрлер, қалалық өмірдің қарбалас тіршілігі мен табиғаттың сұлулығы астасып жатқан Жапониядан ән мен биден бөлек, өнердің де түр-түрі келген екен.
Жексенбілік мерекеге жиналғандар Елбасының қарашаның басында Жапонияға барған ресми сапарының сәтті болғанын еске алып, дәстүрлері ұқсас елдердің ынтымағы мұнан былайғы жерде де ұлғаймаса, кемімейтінін айтып жатты.
Қонақжайлық кәдемен Жапонияның Алматыдағы мәдениеті күнін Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Дандығараева ашып, музей 11 жылдан бері Жапонияның Қазақстандағы елшілігімен белсенді қарым-қатынас жасап келе жатқанын атады. Бұл сөз жалаң емес. Мәселен, Орталық музейде өткен «Жапония қуыршақтары», «Әлем кимоно жасау шебері Итику Куботаның көзімен», «Хиросима мен Нагасаки», «Исегатагами» өнері шеберлерінің картиналары көрмелері сияқты мәдени шаралар алматылықтардың үлкен қызығушылығын тудырып, келушілер көп болған.
Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата өз кезегінде Бибігүл Дандығараеваның сөзін қуаттап, соңғы 10 жылда Жапония елшілігі мен Адамдар ресурстарын дамытудың Қазақстан-Жапония орталығы бұл елдің мәдениетімен жақын танысудың ғажайып мүмкіндіктерін ұсынғанын айтты.
Егер Күншығыс елінен келген қонақтарға осы елде біраз жыл тұрып, жапон тілі мен өнерін үйренген Төреғали Айтмұраттың дәстүрлі сямисэн музыкалық аспабында ойнап, ән салуы ұнаса, қазақтарды Күншығыс елінен келген қыздың жасаған икебаналары тәнті етті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ