Жақында Алматы қаласында генерал И.В.Панфилов бастаған 316-шы атқыштар дивизиясына қарасты 28 жауынгердің Мәскеу түбіндегі қайталанбас қайсар ерлігі туралы «28 панфиловшы» атты көркем фильмнің таныстырылымы өткен болатын.
Алғашқы көрсетілімнің құрметті қонақтарының бірі, Панфилов дивизиясы 1075-ші атқыштар полкіне қарасты 2-ші батальонның 4-ші ротасының жауынгері Мұсабек Сеңгірбаевтың немересі Төлеген Мұсабеков Қазақстан тарихы үшін орны бөлек Екінші дүниежүзілік соғыс, оның ішінде басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған жаудың жойқын күшіне тосқауыл қоя білген қазақтың қаһарман батыр ұлдары туралы әлі де шертілмеген сыр мен шырқалмаған жыр жетіп-артылатынын алға тартты.
– Фильм өте жақсы түсіріліпті. Оқиға нанымды. Мәскеу маңындағы қантөгіс шайқастарға қатысушылардың бірі болған Иван Шадринді өз көзіммен көрген болатынмын. Ол біздерге, мектеп оқушыларына, 1941 жылдың қарашасында орын алған үрейлі күндердің оқиғалары туралы жиі әңгімелеп беретін, – деді Төлеген Тілеуханұлы.
Панфиловшы ержүрек батырдың немересі тілге тиек еткендей, Кеңес Одағының батыры И.Д. Шадрин Мәскеу қаласын фашист әскерлері шабуылынан қорғау барысында қаза тапқан қарулас достарын бейбіт өмірде жиі еске алып, олар жайында естен кетпес әсерлі әңгімелер айтудан еш жалықпайтын.
«Экрандық туынды шынымен халықтық фильмге, қарапайым көрерменнің сүйікті дүниесіне айналып үлгерді. Өйткені, бұл сол кездергі кеңестік патриотизмнің нағыз үлгісі іспетті, елдің бас қаласы Мәскеуді дұшпанның аяғына таптатпау үшін өмірлерін құрбан еткен көп ұлтты халықтың ғаламат ерлік жорығын баяндайтын фильм. Олардың мұнан басқа шарасы жоқ болатын, өйткені артқа шегінерге жол жоқ, сәл-ақ босаңсып, борықша егілсе алып Мәскеуді жау алып тынғалы тұр, сондықтан оны қандай жағдайда да барынша қорғап қалу қажет деген тапсырма берілген», деп әңгімесін жалғастырды Т.Мұсабеков.
Сонымен қатар, ол Панфилов дивизиясындағы 28 ержүрек жауынгердің ішінде қазақтар, украиндар, қырғыздар мен орыстар болғандығын айрықша атады. «Аталарымыздың көбі орыс тілінде сөйлеп жарытпағанмен, берген тапсырманы мүлтіксіз орындап, Отан үшін кеуделерін оққа тосты. Жер-ананы қорғауда жанын пида етті. Бұл олардың рухтарының қаншалықты мықты болғандығын көрсетеді», дей келіп ол: «Жастығына қарамастан, фильмнің түсіру тобы сол уақыттың оқиғаларын, Волоколам қақтығыстарының қорқыныштары мен қатыгездігін көрсете алды. Мен оларға батыр панфиловшыларды мәңгі есте сақтау ісіне қосқан үлесі үшін алғыс айтып, осы жолдағы ізденістерді жалғастыра отырып, болашақта бұдан да керемет туындылар жасайтындығына үмітімді білдіремін. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне де бұл жобаға қолдау көрсеткендері үшін ризамын, өйткені аталмыш фильм өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. 28 панфиловшының ерлігі – батылдық пен жанқиярлықтың даусыз үлгісі. Фильм жалпы көрсетілімге шыққаннан кейін көрермендер кинотуындыны түсіруші топтың еңбегіне өздерінің лайықты бағасын беретіндігіне үміттенемін», деп тебіренді.
Айта кету керек, Алматыдағы «28 панфиловшы» фильмінің таныстырылымы барысында Төлеген Мұсабеков кинотуындының режиссерлері Андрей Шальопа мен Ким Дружининге, сондай-ақ Мұсабек Сеңгірбаевтың рөлін сомдаған актер Азамат Нығмановқа «Мұсабек Сеңгірбаевтың 100 жылдығы» мерейтойлық төсбелгілерін табыс етті.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»