Моңғол тілінен аударғанда, «отгонцэцэг» деген сөз «кенжегүл» деген ұғымды білдіреді. Бұл – біздің бүгінгі кейіпкеріміздің есімі. Ал Галбадрах – оның әкесінің аты. Міне, аса жеңіл салмақта татами төрінде қарсыласына қаршығадай шүйілетін осы шағын денелі қыз биылғы жазда Қазақстан құрамасына Риодағы ең бірінші медальді алып беріп, қола жүлдегер атанып, бір ерлесе, таяуда жылдың әлемдегі ең үздік дзюдошысы танылып, тағы да бір биік белестен көрінді.
Біз Отгонцэцэгтің осы құрметке әбден лайық екенін Рио-де-Жанейрода көз жеткізіп едік. Ол 2014 жылы әлем чемпионы болған жапон қызы Ами Кондоны екі рет жерден жұлып алып, шалқая бере кеудесінен асыра лақтырды. Атағынан ат үркетін бәсекелесі сонда бұған тоқты-торымдай да қайрат көрсете алмаған. Сол алапат айқас есіңе түссе, төбе құйқаң әлі де шымырлайды. Алғашқы лақтырғанында вазарий алды. Қазақшалағанда – жартылай жеңіс. Екінші лақтырғанда, жаны ышқынған әккі Ами қолын жерге тіреп, әупіріммен аман кетті. Әйтпесе, біздің қызға иппон-таза жеңісі беріліп, финалға ат ойнатып кірер еді. Бәріне кінәлі өзі. Жарыс аяқтауға 40 секунд қалғанда, әдіс жасамақ болып, Кондоның астына түсті...
Осы жерде оқиғаға сәл шегініс жасасақ. 1992 жылы Улан-Баторда туған Отгонцэцэгтің Моңғолияда аса көп жолы болмады. Жиырмадан енді асқан қара қыздың алдында «Абылай аспас сары бел» болып отандасы, әлемдік рейтингте көш бастаушы Уранцэцэг Мунхбат тұрды. Ел ішіндегі жарыстарда Мунхбат әпкесі Галбадрахты тыпыр еткізбеді. Сосын есіл-дерті спорттың ең асқар тауы – Олимпия ойындарына қатысу болған қыз бағын өзге елде сынап көруді ойлай бастаған. «Іздегенге – сұраған», 2015 жылы Қазақстан мен Моңғолия құрамалары бірлескен оқу-жаттығу өткізеді. Сонда Мунхбаттан өзгені қоғадай жапырып жүрген балуанға біздің бапкерлердің көзі түседі. Содан соң Галбадрах Қазақстан дзюдо федерациясының шақыруын қабыл алып, жаттығуын Шымкентте жалғастырады.
Бірақ осы тұста, қырсық дейсіз бе, қалай дейсіз, Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша Отгонцэцэгтің 2013-2015 жылдары жинаған барлық ұпайлары нөлге айналады. Сондықтан Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама алу үшін оған бәрін басынан бастап, оннан астам халықаралық жарыста жүлдеге ілігіп, ұпай жинау керек болды. Обалы кәні, осы кезден бері Қазақстан дзюдо федерациясы мен Оңтүстік Қазақстан спорт және дене шынықтыру басқармасы Отгонцэцэгті бір жарыстан қалдырмайды. Қайратты қыз 48 килода 14 халықаралық жарыстың 10-ында жасындай жарқылдап, жүлде алады. Қызық болғанда, сол сайыстарда моңғол жерінде жалына қол апартпаған Уранцэцэг Мунхбатпен үш рет кездесіп, үшеуінде де әпкесіне білегін тістетіп кетеді.
Кеше ғана әлемдік рейтингте тоғызыншы орында жүрген, Моңғолияда Олимпиадаға қатысудан үміті үзілген Отгонцэцэг Қазақстан азаматтығын алғасын қалай даңқты балуанға айналды?! Біз осы сұрақты Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевқа төтелей қойғанбыз.
– Галбадрах – өте талантты дзюдошы, – дейді Әлібек Нұрбайұлы. – Бапкері де өз ісіне құлай берілген жан. Жаттығуда қанша жүктеме берді, балуан қалай қабылдады, қан қысымында қандай өзгерістер болды, – бәрін өз құралдарымен өлшеп отырады. Жаттығудан демалыс алған кезеңге дейін әр секундын бақылайды десем, ешбір жалғандығы жоқ. Жаны – шәкіртінің үстінде. Мен өз басым мұндай бапкер көрген емеспін. Оның тактикалық-техникалық дайындығын өз бапкерлерімізге айтып, үлгі алуын қадағалап отырамын.
– Галбадрахқа Риоға дайындалу үшін өте мықты спарринг-қарсылас керек болды. Самбо күресінен жасөспірімдер, жастар арасындағы үш дүркін әлем чемпионы, дзюдодан Олимпия ойындарында үздік бестікке кірген, техникалық арсеналы мықты Базарбек Донбайды білесіз. Ол сонымен қатар, дзюдодан республикадағы білікті бапкерлер санатында. Қазақстан дзюдо құрамасындағы оқу-жаттығу жиынына осы артықшылықтарды қосқанда, аз ғана уақытта Галбадрах әлемдегі ең мықты балуандар қатарына көтерілді. Жылға жетпес уақытта мүмкін болған жарыстардың бәріне жібердік. Барған жерінен бос қайтқан жоқ. Біз оған ризамыз, – дейді ол.
Олимпиада алдындағы брифингте Галбадрах: «Маған Риода ең басты қарсылас Уранцэцэг Мунхбат болады. Сондай-ақ, 2014 жылы әлем чемпионы Ами Кондомен, 2015 жылғы әлем чемпионы, аргентиналық Паула Паретомен, Лондон Олимпиадасының чемпионы, бразилиялық Сара Менезеспен жолым қиысатындығы анық. Қазақстанға келіп, Олимпия ойындарына қатысу жөніндегі арманыма жеттім. Енді менімен күресу осылардың ешқайсысына да оңай болмайды», деген.
Бразилиядан келген соң ұлттық құрамадағы спортшыларға демалыс берілді. Бірақ үш қарғып секіруде үш Олимпиадада Қазақстан қоржынына бір алтын, екі қола медаль салған Ольга Рыпакова мен Отгонцэцэг Галбадрах бірден жаттығуға кірісті. Дзюдошы қыз бапкері Энхбаатар Дашжамцпен ақылдаса келіп, Абу-Дабидегі «Grand Slam» турниріне қатысқан. Мақсатшыл қыз үш кездесуін де тамаша өткізіп, әлемдегі беделді турнирдің жеңімпазы атанды. Сөйтті де, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Екінші орынды Лондон Олимпиадасының чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 78 килодан ауыр салмақта екі дүркін әлем чемпионы, кубалық Ортиз Идализ алса, үшінші орынды 78 килода екі Олимпия ойындарында алтын жүлдегер атанған, әлем чемпионы деген атағы және бар америкалық Кэйла Харрисон иеленді.
– Мені көп жұрт Рио Олимпиадасынан кейін Моңғолияға кетіп қалады деп ойлады, – дейді Галбадрах. – Олай емес. Мен Қазақстанның азаматымын. Осы елде арманыма жеттім. Ендігі мақсатым – Қазақстан атынан 2020 жылғы Олимпия ойындарына қатысу. Қазір соған дайындалып жатырмын.
Айтқандай, күні кеше Қызылордада өткен Қазақстан чемпионатында топ жарған Отгонцэцэгті мұнда тағы бір жақсы жаңалық күтіп тұрды. Оған «Қазақстанға еңбегі сіңген спортшы» атағы беріліп, осында құжаты табыс етілді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ