Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Саумалкөл ауылының орталығындағы дәмхананың алдында қысы-жазы өңін бермейтін, көнетоз күртешесін киіп, балшы отырар еді. Сенім селкеу тартқан заманда балшыға да иланатындар селдіреген бе, әйтеуір, қашан өтсем де «клиенттерін» шақырған ащы дауысы құлақты жарып тұратын.
Одан әріректе балабақшаның тұсындағы жаяу жүргіншілер өтетін жалғызаяқ соқпақтың бойында кір-кір орамалын жайып қойып, құмалақшы әжей 41 құмалағын таратады. Екі қолы құмалақтағы 41 тасты сапырып жатқанда, аузы да сөзден босамайды.
– Қырық бір құмалағым ақ сөйле, ақиқатын айт, – деп қояды құмалақшы әжей. Құйысқаны берік, маңдайы ашық, жол түсіп тұр екен. Кешікпей келеді, қарағым, үмітіңді үзбе,–дейді алдындағы жабырқау жүзді жас анаға. Тағдырдан таяқ жеп жүргендер аз ба. Өзгеден сүйеніш, жабырқау жанын жадыратар иненің жасуындай үміт сәулесін көрмегеннен кейін жаратылыстың жұмбақ құбылыстарына сенетіндер де табылады. Бізге дейінгі, біз көрмеген көне заманда шын мәнінде жаратушының өзгеден бөлек жаратқан ерекше дарынға ие, жалпы жұрттың түсінік-түйсігіне жұмбақ тылсым сыр иелері болса болған-ақ шығар. Көзбен көріп, құлақпен естімегеннен кейін әлде аңыз, әлде ақиқат дүниелердің түпкі шынайылығы әркімнің қалай қабылдауына байланысты болса керек-ті.
– Қаржы пирамидасына ақша салып едім, қайтарамын ба?–деп сұрайды орта жастан асқан бір азамат.
– Қазір, құлыным. Құмалағымды тартайын. Менің құлағыма періштелер сыбырлайды.
Кім білсін. Әу, баста табиғат толайым дарын сыйлаған ерекше қабілет болса, болатын-ақ шығар. Бірақ, баяғыда біздің елдің шалдары періште кір шалмаған, таза жерде ғана жүреді. Лас, иіс-қоңыстан аулақ дейтін. Құмалақшы әжемнің алдында жатқан кір орамалға қарап тұрып, дәл осы жерде жүрсе, періштелер де пәтуасынан жаңылайын деген шығар деп ойладым. Суға кеткен тал қармайды. Қыруар қаржысын алаяқтардың қолына өз аяқтарымен апарып бергендер енді лүп еткен желмен бірге шайқалып отырған кейуанадан көмек сұрайды. Шамасы, басқадан үміт үзілген шығар.
Егер, құмалақшы әжей бәрін біліп тұрса, әркімнің 5-10 тиынына жанарын жасытпай, жиған азын-аулақ қаржысын қырып пайда табу үшін қаржы пирамидасына алдымен өзі салар еді ғой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ