Туған Отанымыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығының тарихи шежіресі «Ұлы дала ұлағаттары» туындысының «Қиырдан келсе қандастар» тарауында: «...1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақ радиосынан шет ел қазақтарына арнап сөз сөйледім. Ол сөз жан-жүрегімнен қайнап шыққан еді. Сол сөз әлемнің әр елінде ғұмыр кешіп жатқан бауырларымызды дүр сілкіндірді. Қазақстанға келемін деп ат басын бұрып, ұлы көштің теңін буып, тізгінін қаққан бауырлар сол кезден бастап Отанға оралудың қам-қарекетіне кірісті...» деп жазады.
Арман-мұратқа айналған атажұртта ақ таң атып, Тәуелсіздік туын көтергенін күллі әлемге жария еткен бұл сөз қиялына қанат бітіріп, жолын тауып, Қытайдан Алматыға аңсап жеткен азаматтардың алғашқыларының бірі – сол кезде жиырма жасты енді еңсерген Ермұрат Зейіпхан еді.
Жалындаған жастығымен қазағының күн сипатты астанасы Алматыда қандастарының ыстық құшағына, риясыз ақ көңіл мейіріміне бөленген Ермұрат білімге деген ұмтылысымен қолдау тауып, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті атанды.
Оқи жүріп те, өнер академиясын бітіріп, еңбек ете жүріп те алматылық өнерсүйер қауымға, әсіресе, отызында орда бұзар шығармашылық қатарластары ортасында сыпайы мінезімен, сабырлы, сері сырт бейнесімен, өмірге құштар, отаншыл, ойшыл дарқан жүрегімен, сегіз қырлы, бір сырлы арқалы ақын, әнші-сазгер тума талант өнерімен кең таныла бастады.
Ол бірер жыл айналасында сүйген жары мен жас өскін ұлын жетелеп көшіріп әкеліп, атажұртта отбасылық қуанышқа жетеді. Қытайдың төрт жылдық медицина институтын бітірген келіншегі де еңбекшілдігімен жаңа ортаға тез бейімделіп, жұбайының сенімді серігі болды. Өзіне мүлдем таныс емес кириллицамен жазуға тез төселіп, орысшаға ден қойып, С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина институтының арнаулы курсын тәмамдап, тәжірибелік сынақтан өтіп, ақ халаттылар сапына қосылды. Тұңғыш ұлдары музыка мектебінің табалдырығын аттады. Екі бөлмелі пәтердің кілтін алып, отбасымен Ермұраттың бақыттың биігіне, шабыттың шалқарына шыққан шағы еді, бұл кезең. Атажұртта сүйіншілеп келген екінші сәби ұлы туғанда жүрегі жарылардай қуаныштан киелі Қазақ елі топырағын жата қалып сүйген шағы еді бұл. Тәуелсіздікке жеткен, өз тізгінін өз қолына алған, азаттық бақытына ие болған Қазақ елінің, қазағының алыстан аңсап келген өзіндей бір перзентіне көрсеткен шексіз қамқорлығына риза әнші-ақын-сазгер жүректің түкпірінен жарып шыққан біртуар «Көк тудың желбірегені» әнінің дүниеге келген шағы да осы кезең еді.
Амал қанша, батпандап кірген ауыр дерт атпалдай азаматтың – Ермұрат Зейіпханның өмірін қырық жасқа жеткізбей қиып кетті.
Қазақстан Жазушылар одағы үйінде Ермұратты соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиынға қатысқан алматылықтардың қарасы қалың болды. Жиналған қауымның алды-артын орап алған қабағы қатулы жастар көп болды.
Адамзат тарихының екінші мыңжылдығының ортасында бақиға аттанған хас талант иесі өмірі қысқа болғанмен артында өшпейтін асыл мұра қалдырды. Азаттықтың ақ құсындай Атамекенге аңсап жетіп, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне тәу етіп, жастық жалынмен қазағына бар дарынын ақтарыла тарту еткен Ермұрат Зейіпханның өмірі мен шығармашылығын өзек еткен көк кітаптың қолға тиетін уақыты да келер.
Тәуелсіздік шарапатымен атажұртқа бет бұрған ұлы көштің жолын ашқан Елбасы жоғарыда аталған туындысында: «Біз әрбір бауырымызды атамекенін аңсап келген ағайын деп қана қарамай, елге қосылған елеулі қазына деп қабылдаймыз» деп жазады.
Талантты бауырымыз Ермұрат Зейіпханның бір ғана «Көк тудың желбірегені» әні еліміздің еңсесін тіктеуге, отансүйгіштік рухымызды көтеруге қосылған мәңгілік қазына екенін баршамыз жақсы білеміз. Бұл әннің сөзін жазған ақын А. Ахметбековтен осы әнді өз репертуарларына қосуға рұқсат сұраушылар да көбейіпті. Күні кеше ғана төрткүл дүниені дүр сілкінткен Рио олимпиадасына қатысқан қазақстандық спортшылардың осы ән рухын көтеріп, жеңіске жетеледі десек, артық айтқандық емес. Әлемдік спорт сайысынан үзбей хабар таратқан бұл ән Қазақ радиосының тұрақты үн жаршысына айналды. Жан дүниеңді баурап алатын әннің рухани қуат-күшінің құдіретімен «спортшыларымыз жеңіске жетіп, Көк туымыз әлемдік жарыс тұғырына көтерілсе екен» деген тілекпен әлемдегі барлық қазақ бір қазақтай болып ұйыса түстік, бір жұрт болып бір-бірімізге жақындай түстік.
Тәуелсіздік дәуіріміздің төл туындысы осы әннің құдіреті менің қолыма қалам алғызды. Айтайын дегенім, отаншылдық рухтың асқақ көрінісі іспетті, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпханның есімін есте қалдыру, өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету Қазақ елі мен халқына үлкен парыз емес пе?! Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстанның қай өңірінде болса да жаңадан салынып жатқан мектепке, көшеге Ермұраттың есімі берілсе, әсіресе, жас ұрпаққа өлшеусіз үлгі-өнеге болар еді, демекпін.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
баспасөз ардагері