Облыс әкімдігінде өткен жиында «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Алтын Дәулетованың айтуынша, 2016 жылы өңірге Ұлттық қордан 24 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
– «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 65 жобаны жүзеге асыру үшін 18 миллиард теңге бөлінді, соның ішінде білім саласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту аясында 10 нысанның құрылысын салу жоспарланып отыр. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 орындық, «Заречный-3» ауылындағы 600 орындық, Кірпішті ауылындағы 320 орындық орта мектептер, Қарғалы ауылындағы 320 орындық балабақша пайдалануға берілсе, Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы 600 орындық, «Батыс-2» тұрғын үй алабындағы 320 және 600 орындық, Нокин ауылындағы 320 орындық, Сазды ауылындағы 600 орындық мектептер кіретін 5 нысанның құрылысы 2017 жылы аяқталмақ. Сонымен қатар, «Батыс» шағын ауданындағы 320 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде, – деді ол.
Сондай-ақ, құны 8,6 миллиард теңге тұратын 39 жобаны жүзеге асыру инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытып орналастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұдан басқа, 4 миллиард теңге жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін қалпына келтіру бойынша 13 жобаға бөлінген.
«ЖҚЖК-2020» бағдарламасы бойынша өндірістік инфрақұрылымдарды дамыту аясында жалпы құны 2 миллиард теңге болатын 3 нысанның құрылысы жоспарланған. Бағдарламаны жүзеге асыруға 6 178,4 миллион теңге бөлінді, бұл қаржыға еңбек жастарына арналған жатақхананың құрылысы басталды, 112 әлеуметтік нысанның ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе