Бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық саласында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгенімізді Қазақстан халқы мақтан тұтады.
Экономикалық өсімнің бәсеңдеуі әлемнің барлық экономикаларында да көрініс тауып отыр. Әлемдік экономиканың нақты құлдырау көрсеткіштері ешкімді де таңғалдырмайтын болды. 2014 жылы Халықаралық валюта қоры өзінің болжамын алты рет қайта түзетуге мәжбүр болды: даму көрсеткіштерін бестен үшке дейін түсірді. Бұл да шек емес.
Таяудағы онжылдықта Қазақстанның алдында тұрған міндеттер экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету; өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда, кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу; экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда, 10 жыл ішінде кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу; 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру. Экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алады.
Елбасының қалың бұқараға жол тартқан 5 реформасын орындауға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында еліміздің өңір-өңірінде, түкпір-түкпірінде және барша салаларында қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте «Алдымен экономика, одан кейін саясаттың» ұстанымына орай еліміздің экономика саласының мамандары жұмыла іске кірісуде. Яғни, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары әлемдік дағдарысқа қарсы нағыз мезгілінде дүниеге келгеніне көзіміз жете түсті.
Бүгінде Елбасы экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес, жоғары технологиялық жолға қайта бағдарлау жөнінде жаңа міндеттерді алға қойып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қарқын алып келеді. Сол себепті осы бағытта атқарылып жатқан міндеттер мен еңбектердің барлығы ел мүддесін көздейді. Яғни, еліміздегі жүріп жатқан инновациялық-технологиялық даму бағдарламасының басты мақсаты өнеркәсіпті тұтастай тұрғыдан да, сондай-ақ жекелеген өндірістер тұрғысынан да қайта құрылымдау болып табылады. Бұл – өнеркәсіп өндірісінің құрылымында оңды өзгерістерге қол жеткізуге, бүгінгі заманға сәйкес корпоративті құрылымдарды дүниеге әкелуге және ұзақ мерзімді ыңғайда сервисті-технологиялық экономикаға көшу үшін негіз әзірлеуге тиіспіз деген сөз.
Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің дамыған отыз ел қатарына ену жолындағы жоспары екі кезең бойынша жүзеге асырылатын болады. 2030 жылға дейінгі алғашқы кезеңде бар мүмкіндікті пайдаланып, индустриялық-инновациялық дамудың даңғыл жолына серпіліс жасау, ал екінші кезеңде, яғни 2030 бен 2050 жылдар аралығында ғылымға негізделген экономикаға қол жеткізу басты мақсат. Менің ойымша, Президенттің ғылымға негізделген экономика қалыптастыру туралы тапсырмасы ғылым мен инновациялық технологияларға баса назар аудару қажеттігін білдіреді.
Ғылыми қамтымды экономика құру ең алдымен Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру қажет. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажеттігі айқын көрінеді. Яғни, экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ІЖӨ-нің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді.
Ең бастысы, инновациялық-индустриялық бағытта атқарылып жатқан істерді жалғастыра беруіміз керек. Әрине, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі сияқты басқа салалардың рөлін ешкім жоққа шығармайды. Әйтсе де, ешбір сала индустрия саласы сияқты елдің экономикасының өсуіне елеулі ықпал ете алмайды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында индустрияландыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті инновациялық тұрғысында дамытуға айрықша тоқталып отырғаны да сондықтан. Осының бәрі экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Экономикасы әртараптандырылған елдердің халқы дағдарыс кезінде қинала қоймайды.
Соңғы жылдары еліміздің көлік-коммуникация кешенінің негізгі көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді. Көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту және интеграциялау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға қарай республика Еуропа мен Азия өңірлерінің нарықтары арасындағы негізгі логистикалық операторы және басты транзиттеушісіне айналуы тиіс. Сол тұста Қазақстан арқылы транзит көлемі екі есеге артып, 30 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.
Қазақстан экономикасының нақты құрылымы ондағы кәсіпорындардың 65 пайызы үшінші технологиялық санатқа, 34 пайызы төртінші санатқа жататынын, тек 1 пайызы ғана бесінші және алтыншы технологиялық санатқа сәйкес келетінін көрсетеді. Басқаша айтқанда, біздің экономикамыздың негізгі «қозғаушылары» өткен ғасырдың ортасында дами бастаған салалардың негізінде жұмыс істеп отыр. Сондықтан да біз технологияға салынған инвестиция өркендеуге салынған жол деп айтамыз. Бұл орайда ең алдымен негізінен екі сала дамитын болады. Оның біріншісі – экономика арқа сүйейтін ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, мұнай-газ секторы және басқа да салалардың технологиялық тұрғыдан артта қалуын қысқарту. Екіншісі – робот техникасы, нано-технологиялар, тағы басқа салалардың дамуы.
Қазіргі уақытта технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің құзырында инновациялық жобаларды қолдауға арналған құралдардың тұтастай тізбесі бар. Олар ең алдымен инновациялық гранттар, венчурлық қаржыландыру, технологияларды шет елдерден трансферттеу және елдегі инновациялық белсенділікті арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар болып келеді. 2014 жылдың өзінде мемлекеттік қолдауға ие болған жобаларды жүзеге асыру барысында 1100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған болатын, 930,3 млн теңге көлемінде салық төленіп, 33,3 млрд теңгеге өнім шығарылды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы елге айналуы тиіс. Бізде озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.
Қазіргі уақытта елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы табысты жүзеге асырылып келеді. Осыған байланысты алдағы кездерде техникалық мамандықтарға сұраныс болатыны анық. Бұл мәселені терең ойластыра келе, Мемлекет басшысы 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауында «Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын» деп, оны жасау жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. «Бақытыңды жер-көктен іздеме, еңбектен ізде», демекші, жастарымыз еңбектің қадірін біліп, белгілі бір кәсіп иесі болып, техникалық мамандықты меңгеріп шықса, елімізге де, өзіне де пайдасын көп тигізген болар еді.
Инновациялық технологиялар паркінің инновациялық кластерінде 67 ғылыми-зерттеу институтының, 45 жоғары оқу орнының, 40 мыңнан астам бітірушінің қабілет-қарымы ұйыстырылған, онда технологиялық дағдыларды алуға, жобалар акселерациясына және серпінді идеялардың жүзеге асуына қажетті жағдайлар жасалуда.
Қазақстан әу бастан-ақ осы заманғы нарық экономикасын құруға күш салғаны белгілі. Біздің еліміз ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып өзінің сипатына қарай нарықтық мемлекет деп танылды. Сонымен бірге, сапалық серпілісті және әлемнің бәсекеге ең қабілетті елдерінің деңгейіне көтерілуді қамтамасыз ету үшін бәсекелі нарықтың базалық жағдайлары – бір медальдың екі жағы секілді бәсекелестік орта мен мөлдірлік әлдеқайда күшейтілуі тиіс.
Ел экономикасына инвестиция тарту тасқыны толастаған емес. Қазіргі уақытта біздер байқап отырған күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға, геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикалық өсім мен инвесторлар үшін тартымды екендігін дәлелдеп келеді. Қазақстан географиялық тұрғыда дәстүрлі өңірлік нарықтарға қызмет көрсету үшін оңтайлы орналасқан, сонымен бірге Қытай, Үндістан және Таяу Шығыстың нарықтарына шығу мүмкіндігі бар екендігі белгілі.
Бүгінгі таңда «Global» тізіміндегі 25-тен астам ірі инвестор өздерінің осындағы өндірістерін кеңейту және жаңа өндіріс ашу үшін жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында «Тойота», «Кока-кола» сияқты ірі инвесторлар бар. Сонымен қатар, «Жібек жолы» бағдарламасының ынтымақтастығы аясында қытайлық әріптестермен бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ.
Қазіргі күні бүкіл жаһан жұрты ақпараттың алапат ағынына ілесуге ұмтылуда. Әрине, бүгінгі өмірді онсыз елестету мүмкін емес. Себебі, ақпараттық технологиясы тереңдей түскен елдің барлық салада да алар асуы биік екені анық. Осыған орай «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламасы әзірленіп, ол бүгінде жүйелі жүзеге асырылып та жатыр. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның ақпараттық қоғамға өтуін қамтамасыз етуге жағдай жасау. Бағдарлама Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадамында» айтылған тапсырма аясында дайындалған болатын. Мемлекеттік бағдарлама мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету, инновациялық және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыда дамуы үшін ақпараттық ортаны қалыптастыру, сондай-ақ отандық ақпараттық кеңістікті дамыту мәселелерін шешуге бағытталған.
Әлемдегі дағдарыстың екпіні қуатты мемлекетке айналған, жаһандағы 30 елдің қатарынан орын алуға ұмтылған мұраты биік тәуелсіз Қазақстанды бағытынан жаңылдыра алмайды. Өйткені, біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік, мұратымыз – Мәңгі Ел болу!
Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экономика ғылымдарының докторы,
Профессор