• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Қолайлы несие көзі

221 рет
көрсетілді

«Сыбаға» ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін ең қолжетімді несиелендіру бағдар­ламасының бірі. Сондай-ақ, бұл осы бағытта өз бизнесін ашуға ниеттенген, бірақ, мал шаруашылығы саласының жұмысында тәжірибесі жоқтар үшін тиімді. Бұған қосымша, несиелендіру жағдайын жасау кезінде жекеменшік бизнестің мүддесі мен мүмкіндігі есепке алынды. Сыйақының пайыздық деңгейі де төмен. Яғни, 14 пайыздың жартысын мемлекет субсидиялайды. Оның үстіне, қарыз толтыру жұмысы мен жеңілдік мерзімін кепілдікпен қамтамасыз ету талабы да қысқартылған. Тауарлық табынның тұқымдық сапасын жақсартуды көздейтін бағдарламаға Ар­шалы ауданында айрықша қы­зығушылық байқалады. Мәсе­лен, биылғы жылы ауданда 5 шаруашылық бағдарламаға қатысса, екі шаруашылық 53 миллион 250 мың теңге несиені рәсімдеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ет бағытындағы 162 ірі қара сатып алды. Атап ай­татын болсақ, «В.Сураев» шаруа қожалығы 63 ірі қара, «Ар­нұр» жеке кәсіпорны 30 бас, «Михайловский» серіктестігі 30 бас, «Нарнұр» жеке кәсіпорны 17 бас және бір бұқа, «Ғазес» шаруа қожалығы 20 бас ірі қара және бір бұқа сатып алды. Жуырда «Дана» шаруа қожалығы мен «Қожаханов» жеке кәсіпорны асыл тұқымды 259 ірі қара мал сатып алу құжаттарын дайындады. «В.Сураев» шаруа қожа­лығының басшысы Виктор Су­раев­пен тілдескенімізде ол: «Ма­ған аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің қызмет­керлері, әсіресе, бас маман Мең­гүл Ыбыраева тиісті құжат­тарды дайындауыма көмек­тесті. Бағдарламаның әрбір тар­мағын жете түсіндірді. Ауыл тұр­ғын­дарының көбі несие алуға жү­рексінеді. Қиыншылықтан қаш­пайтын адамдарға мемлекет субсидиялау арқылы қолдау көрсетіп, жан-жақты көмектесетіні қан­дай ғанибет. Мемлекеттің қолдауын­сыз мал басын көбейте алмас едік. Бұл үлкен еңбек. «Сыбаға» ауыл адамдарын үлкен істерге жігерлендіреді».