• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Тұңғыш Президент қорының шәкіртақы иегерлері атанды

388 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының студенттік шәкіртақысы сарапқа түскен байқау комиссиясының шешімімен Меруерт Шукуева, Павел Граф, Әлия Лаубай, Юлия Тарасова, Алтын Амангелдинова және Әділхан Қасымов жеңімпаз атанды. Павлодар мемлекеттік университетінің сту­дент­тері өздерінің жоға­ры академиялық көр­сеткіштерімен қоса уни­верситеттің қоғамдық жә­не ғылыми-зерттеу жұ­­­­мыстарындағы жетіс­тік­терін, сондай-ақ, студенттер мен оқытушылар арасындағы беделдерін доданың екі кезеңінен тұратын іріктеуінен оза шауып бекітті. Болашақ тілші Ме­руерт Шукуева оқуы мен мамандығы бойын­ша жұмысын тамаша ұш­тастырып келеді. «Орын­даушылық өнер» ка­федрасының сту­ден­­ті Павел Граф фортепиано бойынша халық­аралық музыкалық бай­қаулардың бірнеше дүр­кін лауреаты атанған. Ал гуманитарлық-педа­гогикалық факультеттің студенті Алтын Аман­гелдинова – ЭКСПО-2017 халықарлық көрмесіне дайындық орталығының еріктісі. Бүгінгі күні Алтын Эразмус+ бағдар­ламасы бойынша Чехияда білім алып жүр. Волонтерлік жұмысты өзіне серік еткен тағы бір белсенді жас – сәулет-құрылыс факультетінің студенті Әлия Лаубай да жеңімпаздар қатарынан көрінді. Әлия бұл жұ­мыспен 11 жасынан бері айналысып, көптеген әлеуметтік іс-шараларға қатысуды өмірінің мәні санайды. «Шәкіртақы иегерлері қатарында бол­ғаным – мен үшін зор мәртебе. Бірінші кезекте, 30 жеңімпаздың ішінде С.Торайғыров атындағы ПМУ-інің алты бірдей студенті аталғаны – уни­верситетіміз үшін үлкен жеңіс. Осындай қорлар жастардың бел­сенді болуына, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, мақсат қойып, оны иге­руіне жол салып береді», дейді Әлия. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»