Жұртшылық Аршалыны ел жүрегі Астанамен серіктес аудан ретінде таниды. Өңірдің елорда мен ірі индустриялық қала Қарағандымен іргелес орналасуы экономикалық-әлеуметтік дамуға серпін қосумен бірге, уақыт талабындағы жаңа инвестициялық жобаларға жол ашатыны белгілі. Бұл мүмкіндік тиімділікпен пайдаланылып та жатыр. Осы орайда, аудан әкімі Азамат ТАЙЖАНОВТЫ әңгімеге тартып, қолға алынған істерге қатысты ой-пайымдарымен бөлісуін өтінген едік.
– Азамат Айтбайұлы, сіз бұған дейін Егіндікөл ауданын басқардыңыз. Онда негізінен егіншілікпен айналыстыңыздар. Тәжірибеңіз толысқан күйде Аршалыға келіп отырсыз. Мұндағы ерекшеліктерге сай, жұмыс өрнегі де өзгереді деп ойлаймыз. Яғни, ұстанған бағыт пен оның жемісі жайлы айтып өтсеңіз.
– Мәселе, қай ауданда жұмыс істеуде емес, қалай жұмыс істеуде ғой. Егіндікөлдің де еңсе көтерерліктей ізі бар. Мәселен, бұл өңір астық өндіруде облыс бойынша бесінші орынды иеленеді. Жалпы, баршамызға қойылатын талап бірдей. Аршалыда да қызмет өрісі кеңейіп, ширатыла түсуі қажет. Аудан – темір жол, республикалық және халықаралық автомобиль жолдарының бойында. Біз көліктік логистиканың кең мүмкіндігін пайдалана білуіміз керек. Осыған орай, аудан экономикасында өнеркәсіп, егіншілік, мал, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және кен өндірісіне басымдық берілуде. Бұл өзге де салалардың дамуын қамтамасыз етеді.
– Дамудың кілті – халықпен ақылдасуда. Санаулы күндерден кейін 25 жылдық мерекесі аталып өтетін Тәуелсіздігіміздің ұлық мақсаты осында деп білеміз.
– Иә, мемлекет пен қоғамның ортақ мүддесі игіліктің басты қазынасы саналады. Осы уақыт ішінде біздің жұмысымыз Елбасы тарапынан жергілікті билік органдарына қойылған талаптарды орындауға бағытталды. Бұл орайда, барлық елді мекендерде халық алдында есептік кездесулер өткізіп, ұсыныс-тілектерді басшылыққа алу ерекше маңызды. Кестеге сай, Аршалы кенті мен 12 ауылдық округте тиісті қызмет өкілдерінің қатысуымен жиналыстар өткізілді. Бұдан тысқары, менің жеке қабылдауымда 102 адам болды.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, халықтың өмірлік белсенділігі айтарлықтай өсіп отыр. Яғни, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді табысты іске асыруға аудан тұрғындары тікелей араласып қана қоймай, өндірістік өрлеу туғызғаны ғанибет. Олар мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдаланып, жеке ісінің жемісін көре бастады және өңірлік әлеуетті арттырды.
– Мұны нақты деректермен баяндай отырсаңыз.
– Аудан бойынша негізгі салаларда оң даму қарқыны сақталып келеді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында барлық негізгі көрсеткіштер артығымен орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың, тұрғын үй құрылысының, ауыл шаруашылығының, құрылыс жұмыстарының, бөлшек сауда айналымы мен басқа да көрсеткіштердің көлемі өсті. Таратыңқырап айтсақ, өнеркәсіптік өнім көлемі 7,7 миллиард теңгені құрады. Бұл 2015 жылғы жартыжылдыққа қарағанда, 2,2 миллиард теңгеге артық. Әсіресе, «Қазшпал» акционерлік қоғамының екпінді ісі атап өтерлік. Зауыт бірінші жартыжылдықта жалпы сомасы 785 миллион теңгенің өнімін шығарып, екі еселік өсімге қол жеткізді.
Өткен қаңтар, қазан айларында ауыл еңбеккерлері 3,5 миллиард теңгенің жалпы өнімін есепке алды. Бұл да былтырғы деңгейден 50 пайызға артық көрсеткіш. Аудан экономикасына 7,5 миллиард теңге инвестиция тартылды немесе өткен жылмен салыстырғанда 123 пайызды құрады.
Осының арқасында инфрақұрылымдық серпіліске қол жеткізілді. Аудан орталығы мен Жібек жолы ауылында су құбыры және кәріз жүйесінде қайта құру жұмыстары атқарылды.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау күшейді. Сіздер бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырсыздар ма?
– Ағымдағы жылы ауданда «Сыбаға», «Алтын Асық» және «Құлан» сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру екпінді сипат алуда. Ондағы мақсат тектік және өнімділік қасиеттері арқылы ірі қара малдың сапасын жақсартуға бағытталған. «Сыбаға» бағдарламасымен 120 ірі қара, «Алтын Асық» бағдарламасымен 225 қой, «Құлан» бағдарламасымен 100 жылқы сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл орайда «Азаров», «Чаус», «Қуаныш», «Жігер», «Ерлік», «Агроөнім», «Сүлейменов» шаруа қожалықтарының белсенділігі жоғары. Осы мысалдардың өзі ауыл тіршілігінің қуаттанғанын байқатады және өзгелерді қозғалысқа түсіретіні айқын.
Осы жерде ауданымыз Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі кешенді тапсырманы абыроймен атқарып отырғанын айта кеткім келеді.
– Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар жөнінде де айта отырсаңыз.
– Негізгілеріне ғана тоқталайық. Биыл «LK-KZ» ЖШС кірпіш зауытын кеңейту жобасын қолға алды. Яғни, кәсіпорын қазіргі 4 миллион дананың орнына жылына 12 миллион дана өнім шығаратын болады. Жобаның 100 миллион теңгелік құнын меншік иесі өз қаражатымен көтеріп отыр. Ал «Гранит ДС» ЖШС 400 миллион теңгеге бағаланған екі өндірістік цехтың құрылысын бастады. Мұнда да жұмыс серіктестіктің жеке қаражатымен атқарылады.
– Қолымыздағы деректер бюджет салымдарының өскендігін көрсетеді. Бұл әлеуметтік жобаларға қозғау салуға мүмкіндік тудырады деп ойлаймыз.
– Бюджет салымдары мен міндетті төлемдер көлемі 1646,6 миллион теңгені құрап, болжамдық көрсеткіш асыра орындалды. Бұл – былтырғы деңгейдің 113,2 пайызына тең. Көтерме тауар айналымы қараша айына дейін 2492,1 миллион теңгеге жетіп отыр. Осының арқасында 402 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұның 315-і шағын бизнестің, 87-сі – ауыл өндірісінің еншісінде.
Ал сұрағыңызға келетін болсақ, біз жыл ішінде Coca-cola Almaty Bottlers (ССАВ) компаниясы мен «Еуразия-Орталық Азия Қоры» қоғамдық ұйымының қолдауымен ірі «3,2,1-Старт» қанатқақты жобасын жүзеге асырдық. Аталған бизнес бастама ауыл мектептерінің инфрақұрылымдық мәселесін және оқыту ісіндегі инновациялық әдістемені жетілдіруге бағытталған. Бүгінгі күні 19 мектепке 1700 дана спорт құралы жеткізілді. Мысалы, Сарыоба ауылындағы спорт залы әлемдік стандарттарға сай жабдықталып отыр.
– Республика астанасына жақын орналасқан ауданда тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?
– Өзге аудандарға қарағанда, ерекшелік бар, әрине. Әйткенмен, бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінеді. Бізде экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 17 мың адамды құрайды. Бүгінгі күні 16300 кісі жұмыспен қамтылып отыр. Осы санаттағы тіркелген жұмыссыздар саны 0,3 пайызға тең. Ал жалпылай айтсақ, аудандық жұмыспен қамту орталығына 334 кісі өтініш тапсырса, оның 272-сі жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, 104 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын шараларға 9,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Осы арқылы әлеуметтік жұмыс орындарын құру, кәсіптік даярлық, жастар тәжірибесі сияқты жұмыстар атқарылуда.
– Еліміз өзінің ең маңызды мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жақындап келеді. Табыстарыңыз толымды бола берсін. Бұл оқиға «Болашақ» бағдарламасымен Жапонияда білім алған сіздің өміріңізде ерекше орын алады деп ойлаймыз.
– Әрине. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары туған біз өзімізді Қазақстан Тәуелсіздігі шаңырағының ұрпағымыз деп санаймыз. Еркін еліміздің ең алғашқы шарапатына, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әкелік қамқорлығына бөлендік. Сондықтан, бақытты ұрпақтың мойнындағы абыройлы міндет пен зор жауапкершілікті айқын сезінеміз. Бізге деген сенім де ерекше. Отанымыздың жарқын болашағы, «Мәңгілік Елдің» шуақты күндері үшін еселі де екпінді қызмет атқаратынымыз анық.