• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Жасампаздық жылнамасы

302 рет
көрсетілді

2008 * 1 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын жаңажылдық құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Құттықтауда: «Алдымызға әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан нық орын тебу мақсатын қойдық. «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасын орындауға кірістік. Дамудың жеті басым бағытын айқындадық. Еліміз халықаралық қоғамдастықтың алдында зор беделге жетті», – деп атап көрсетілді. * 17 қаңтарда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласындағы Президент мәдениет орталығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болды. «Нұр Отанның» дамуында жаңа белес басталды. Партия Қазақстандағы жүйелі өзгерістердің нақты алға апарушысы, елдегі бұқаралық саяси жұмыстардың ең тиімді тетігі болуға тиіс», – деді жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. * 26 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» Жарлығы шықты. * 30 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының форумына қатысып, аталған халықаралық бағдарламаны жаңғыртуды ұсынды әрі еркін елдің ертеңін кемел етудің кешенді міндеттерін атап көрсетті. * 22 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми басқосуына қатысты. Жиында Қазақстан Президенті аталған кездесудің ТМД елдері халықтарының әл-қуатын жақсартуға қызмет ететініне сенетінін мәлімдеді. * 4 наурызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Катар мемлекетінің Әмірі Шейх Хамад бен Халифа әл-Танимен кездесті. Мемлекеттер басшыларының келіссөздерінен кейін екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға серпін беретін үш маңызды құжатқа қол қойылды. * 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Украина Президенті Виктор Ющенкомен кездесу өткізді. Осы күні мемлекеттер басшыларының қатысуымен салтанатты жиын өтіп, онда Қазақстандағы Украина жылы ресми түрде ашылды. * 15 наурызда ресми сапармен Оман сұлтандығына барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Сұлтаны Кабус бен Саидпен кездесті. Басқосуда екі елдің ынтымақтастығын тереңдету мәселелері талқыланды. * 22 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады. «Аяулы отандастарым, қадірменді қауым! Күн мен түннің теңелген, малдың аузы көкке тиген, адам аузы аққа тиген, түннің күнге бет бұрған, табиғаттың гүлденіп құлпырған қуаныш кезеңі – Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын! – деді Президент. * 17 сәуірде елімізге Қырғыз Республикасының Президенті Құрманбек Бакиевтің ресми сапары басталды. Қазақстан Президенті көрші ел басшысымен кездесіп, тараптар екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады. * 22 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаев Астанаға екі күндік ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесті. Мемлекеттердің басшылары екi ел арасындағы кең ауқымды мәселелер тұрғысында сөз қозғады. * 12-13 мамыр күндері Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанда екі күндік ресми сапары өтті. Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. * 14 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының І съезіне қатысып, сөз сөйледі. «Жастардың және еліміздің басты капиталы – сапалы білім. Ол бірінші орында тұрады. Қазіргі кезде Қазақстанда жоғары білікті кадрларды әзірлеу үшін көп жұмыс жүргізудеміз. Жыл сайын жоғары және орта-кәсіби білім алған мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру гранты белгіленеді», – деді Елбасы. * 16 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыс жөніндегі Бүкіләлемдік экономикалық форумның жұмысына қатысу үшін Египет Араб Республикасының Шарм-әл-Шейх қаласына барды. Форум аясында қазақстандық кеш ұйымдастырылып, онда Елбасы сөз сөйледі. * 22 мамырда Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Қазақстан және Ресей басшыларының кездесуінде экономикалық және гуманитарлық мәселелер кеңінен сөз болды. * 27 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға сапармен келген АҚШ Конгресінің мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. * 6 маусымда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Египет Президенті Хосни Мубаракпен және басқа да бірқатар мемлекеттердің басшыларымен екіжақты кездесу өткізді. * 5 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана күні мерекесі қарсаңында елімізге келген шет мемлекеттер президенттерімен екі жақты кездесу өткізді. Астана күніне Армения Президентi Серж Саргсян, Әзербайжан Президентi Ильхам Әлиев, Грузия Президентi Михаил Саакашвили, Қырғызстан Президентi Құрманбек Бакиев, Түркия Президентi Абдулла Гүл, Тәжiкстан Президентi Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президентi Гурбангулы Бердымұхамедов, Ресей Президентi Дмитрий Медведев келді. * 6 шілдеде елордадағы «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты болып өтті. Ескерткішті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жағдайда ашты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 7 шілде күнгі нөмірінде «Елдіктің еңселі ескерткіші» тақырыбымен мақала жарияланды. * 29 шілдеде Испания Королі І Хуан Карлостың шақыруы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Пальма де Майорка қаласына барды. Мұнда мемлекеттер басшылары халықаралық ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ, екіжақты ықпалдастықтың жай-күйін талқылады.