Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанға ресми сапармен келген Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Любомир Заоралекпен кездесіп, келіссөз жүргізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары машина жасау, энергетика, «жасыл экономика», ауыл шаруашылығы, әскери-өнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы көкейкесті мәселелер мен екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды. Сондай-ақ, Қазақстан – Еуропалық одақ және Еуразиялық экономикалық одақ – Еуропалық одақ желілері бойынша өзара әрекеттестік жайын сөз етті.
Келіссөз барысында Е.Ыдырысов Чехияның сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда айтарлықтай әлеуетке ие ел екенін айта келіп, Қазақстанның сенімді серіктесі әрі Еуропалық одақтың маңызды мүшесі екенін атап көрсетті. Ол Қазақстанның инвестициялық ахуалының оңтайлылығы жөнінде әңгіме қозғап, осы күндері Астана мен Алматыда өтіп жатқан Қазақстан-Чехия бизнес-форумына Чехияның отыздан астам іскер топтарының өкілдері қатысып жатқанына ризашылығын білдірді.
«Екі ел іскер топтарының арасындағы тікелей үнқатысулар мен әріптестікке белсенді ықпал ету біздің бірлескен жұмысымыздың негізі болуы тиіс», деді өзінің сөзінде Е.Ыдырысов. Сондай-ақ, ол Чехияның қазақстандық туристер мен студенттер арасында аса тартымды бағыттардың бірі болып отырғанын атап өтті. Қазіргі кезде Чехияның жоғары оқу орындарында 2 мыңнан астам қазақстандық білім алып жатса, жыл сайын Чех Республикасына шамамен 100 мыңдай қазақстандық турист барады екен.
Өз кезегінде, Л.Заоралек Қазақстанды Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай келіп, елдің осы аз ғана уақытта тамаша табыстарға қол жеткізгенін атап көрсетті. Сонымен қатар, ол Чехияның Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялаған Еуропалық одақтағы төртінші ел болғанын көлденең тартты және өз елінің Қазақстанның кандидатурасын 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сайлауда қолдау көрсеткенін айтты. Сонымен бірге, Чехияның Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне алғаш рет қатысатынын жария етті.
Тараптар, сондай-ақ, парламентаралық және өңіраралық ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың маңызды екеніне назар аудара келіп, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыра түсудің маңызы да айтарлықтай зор екенімен келісті.
Келіссөз қорытындылары бойынша, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Чех Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академия арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.