• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Алғашқы күн Ата Заңға арналды

258 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсізді­гі­нің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі – тәуелсіздік­тің 25 негізі» ат­ты 25 жұлдызды күн акциясының алғашқы күні Конституция күніне арналды. Жұлдызды күн «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Конституциясы» деп аталып, Шымкент қаласындағы «Көрме» орта­лығында «Тәуелсіздік жетістіктері» атты таныстырылымдық көрме кешенінің ашылуымен басталды. Шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша оңтүс­тік­қазақстандықтарды Тәуелсіздік тойымен құттықтап, еліміздің жеткен жетістіктері мен Ата Заңның мән-мағынасына тоқталды. – Қазақстан Республикасы 25 жылдың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен төрткүл дүниеге танылды, әлем мойындаған егемен ел болды. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры, ол – қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлт­тар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Ал «Ұлыстың ұйыт­қысы – Оңтүстік» атанған өңір халқы да Тәуелсіздіктің тартуларын іс жүзінде сезінуде. Тәуелсіздік жылдарында өңір эко­но­микасына 3 трлн 300 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 347 денсаулық сақтау нысаны, 491 мектеп, 1491 балабақша іске қосылды. Жалпы, Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен ірі жеңістерге дәлел болатын мысалдар өте көп. Қазақстанның қаншалықты өскенін салыстырмалы түрде айтсақ, 2001 жылы бүкіл мемлекетіміздің бюджеті 508 млрд теңге болса, бүгінде тек Оңтүстік Қазақстан облысының бюд­жеті 550 млрд теңгеге жетіп отыр, – деді Жансейіт Қансейітұлы. «Тәуелсіздік жетістіктері» атты таныстырылымдық көрме еліміздің ширек ғасырда қол жеткізген көрсеткіштері – «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Астананың дамуы, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері сынды 14 тақырыптық бөлімнен тұрса, қалған 12 бөлім Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен шағын және орта бизнестің дамуы, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы мен білім, мәдениет, спорт және туризмнің дамуына арналды. Сонымен бірге, шара аясында егіз туған нәрестелердің ата-аналарына туу туралы куәліктер беріліп, қоғам өміріне етене араласып, белсенді көзге түсіп жүрген 16 жасқа толған азаматтарға жеке куәліктер тапсырылды. Ал мереке қарсаңында шаңырақ көтеріп, отбасын құрған жас жұбайларға неке куәлігі табысталды. «Тәуелсіздік жетістіктері» танысты­ры­лымдық көрмесінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастаған ардагерлерге Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері туралы әңгімелеп, «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары бойынша жүйелі жұмыс жасалып жатқандығын айтты. «Елге ел қосылса – құт» дейді халқы­мыз. Күнгейге көрші мемлекеттерден көшіп келіп жатқан отандастарымыз көп. Мысалы, 1991-1992 оқу жылында мектептерде 429 мың 081оқушы оқыса, 2016-2017 оқу жылында оқушылар саны 611 мың 318-ге жеткен. Яғни, табиғи өсім де көз қуан­тады. Тәуелсіздік жылдарынан бергі тек білім саласында салынған нысан­дар­дың 5700 екендігін ескерсек, әр сала бо­йын­ша осындай жақсылықтар айтуға болады. Қазақстан Республикасының Конс­титу­циясына арналған іс-шаралар облыстың өзге де өңірлерінде жалғасын тапты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы