• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Ақтөбеде "25 жұлдызды" күн басталды

334 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын кеңінен мерекелеу аясында ауқымды шаралар өткізілуде. Осы шараларда Қазақстанның егемендік алған жылдардағы жетістіктері молынан қамтылуда. «НұрОтан» партиясы облыстық филиалында осындай маңызды тарихи оқиғаларға, ел өміріндегі елеулі сәттерге арналған «Ұлы Дала елі -Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 тақырыптық күннің салтанатты ашылуы өтті. Аталмыш шараға соғыс және еңбек ардагерлері, қаланың құрметті азаматтары, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік, шығармашылық қоғамдастық өкілдері, спортшылар мен жастар қатысты. -Биыл Қазақстан Республикасының 25 жылдығын атап өтпекпіз. Осы кезеңде біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Ең бастысы, көпұлтты Қазақстан халқы бейбіт өмір кешуде. Әртүрлі экономикалық, саяси дағдарыстарға қарамастан халқымыздың дәулеттілігі артып, тұрмысы жақсарып келеді. Осының барлығы Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасы деу орынды болмақ. Осы сәттен бастап өңірдің барлық елді мекендерін қамтитын 25 жұлдызды күн бастау алды. Жыл басынан бері Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында 4 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Біздің басты міндетіміз – әр адамға, соның ішінде көмеккке мұқтаж жандарға мемлекеттің қолдауын сездіру. Сол кезде ғана біз бір отбасы, бір мемлекет екенімізді көрсетеміз,-дей келіп Бердібек Сапарбаев жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады. Бұдан кейін залға М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанттары мемлекеттік Елтаңба мен Туды әкелді. Жиынға  қатысушылар орындарынан тік тұрып, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен еліміздің Әнұранын орындады. Мерекелік бағдарлама «25 жұлдызды күн» композициясымен басталып, «Ұлттық мемлекеттік рәміздер», «Ядролық қарусыз әлем», «Ұлттық валюта», «Мемлекеттік тіл», «Отбасылық құндылықтар», «Ғылым мен жаңа технологиялар», «Спорт жетістіктері» және басқа тақырыптық қойылымдармен жалғасты. Бағдарламаның «Отбасылық құндылықтар» тақырыптық бөлігінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары - Нұсқабаевтар әулеті сахна төріне көтерілді. Жұбайымен 72 жыл отасып, 10 бала өсіріп, тәрбиелеген, олардан 31 немере мен 22 шөбере сүйіп отырған Абдолла Нұсқабаев ақсақал жиналғандарға өзінің ізгі тілегін жеткізіп, ақ батасын арнады. Балалар үйінен 11 бала асырап алған Өмірхан және Амангүл Жетесовтер балаларымен бірге өнер көрсетті. Жалпы жұлдызды күндер өтетін 21 қараша мен 15 желтоқсан арасында тек Ақтөбе қаласында ғана 200-ден аса ауқымды мәдени-көпшілік, әлеуметтік-маңызды шаралар ұйымдастырылады, 37 өндірістік және әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мерейтойлық салтанатқа арналған шаралар барлық аудандарда да өткізіледі. Шара соңында «НұрОтан» партиясы облыстық филиалы ғимараты алдында жастар мен балалар көк аспанға 25 мың шарды әуелете ұшырды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Хайреден Раушанов Ақтөбе.