Ауданымызға қарасты Тереңкөл ауылдық округінің орталығы Нұрсай ауылының тұрғындары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту болған тағы да бір қуанышты сәттің куәгері болды. Нұрсайлықтардың басын ауыртатын мәселеге айналған – Тереңкөл орта мектебі. Бұл білім ордасы ірге тасы қаланғаннан бері жөндеу көрмеген еді. Биылғы жылы күрделі мәселенің түйіні шешіліп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 162 млн 636 мың теңге қаражат бөлініп, Тереңкөл орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөндеу жұмыстарын «Батыс Строй Сервис» ЖШС жүргізді. Жөндеуден өткен мектептің іші жылы және жарық. Қазіргі заманға сай жылыту жүйесі мен ауыз су тартылған. Мектеп жанындағы интернаттың да жөндеу жұмыстары сапалы орындалғанын байқауға болады.
Күрделі жөндеуден өткен бұл мектеп болашақта оқушылардың сапалы білім алуына негіз болатыны сөзсіз.
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы