• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

Жұмыс бар, маман жоқ

615 рет
көрсетілді

«Оңтүстік облыстарда халық тығыз орналасқан. Сондықтан жұмыс табу қиын». Осындай пікірді соңғы кездері жиі естіп жүрміз. «Солтүстік облыстарда жұмыс та, жағдай да бар. Оңтүстіктегі халықты солтүстік облыстарға қоныстандыру керек». Осындай ой айтып жатқандар да бар. Негізі Үкіметтің ұстанған саясаты осындай. Бұл тақырыпты «Егемен Қазақстан» газеті бірнеше рет көтерген еді. Бірақ, бүгінгі әңгіме арқауы бұл жайлы емес.

Мәселе мынада: оңтүстікте де, солтүстікте де жұмыс орындары бар, бірақ қажетті мамандар жоқ болып шықты. Дәлеліміз бар. Оңтүстік Қазақстан облысында «Аманкелді» ЖШС жұмыс істейді. Алғашында егін шаруашылығымен айналысқан серіктестік кейінгі жылдары жүзім, алма, басқа да жеміс түрлерін өсіру­ді мықтап қолға алды. Өнімдеріне сұраныс та жоғары. Тіпті, Қазақстанды былай қойғанда, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран және басқа шет мемлекеттерге өнімдерін экспортқа шығара бастады. Оның ішінде астық та бар. Астанада Оңтүстік Қазақстан об­лысының күндері өткен кезде кор­порацияның алма-жүзімі көрмеге қойылып, астаналықтар мен елорда қонақтары ерекше ілтипат білдірген болатын. Алматының апортын қай­та қалпына келтіруге қам-қарекет жасалып жатқан шақта корпора­ция бағбандары үлкен іс тынды­рып үлгерді. Дәмі тіл үйіретін алма сұрыптарына жұрт жоғары баға беріп жатыр. Кезінде солақай саясаттың сал­дарынан Оңтүстік Қазақстан об­лысындағы жүзімдік алқаптар жап­пай шабылып, тып-типыл болған еді. Осы олқылықтың орны толып келе жатқандай. Адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай өнім Қытайдың дәмі жоқ жүзімдерін сауда сөрелерінен ығыстыра бастады. Сөйтсек, табысты шаруашылықта проблема да жоқ емес көрінеді. Соның бірі – кадр мәселесі. – Қазір ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуі мамандарға тікелей байланысты. Өйткені, кешегі кеңестік кезеңнен қалмай келе жатқан ескі сарынмен жұмыс істеуге болмайды, өндіріске жаңа технологиялар ене бастады. Қазақша айтқанда, жаңа технологияның бүге-шігесін біле­тін білгір мамандар ауадай қажет қазір, – дейді корпорация басшысы Н.Құралов. Оңтүстік Қазақстанда агрономдар даярлайтын қаптаған оқу орындары бар емес пе? Тапсырыс берсеңіздер, түлектерін жұмысқа жібереді ғой, деп сұрадық біз. – Сізге өтірік, маған шын, бұл мәселені зерттеп көрдік. Сөйтсек, оқу орындарында агроном мамандығы бойынша оқып жатқан жастардың 80 пайызы қыздар болып шықты. Олар ауылға келіп, агроном болуға құлықты дейсіз бе? Бар шығар бір-екеуі, бірақ, бәрі бірдей ауылға агрономдыққа келмесі анық. Сондықтан, бұл мәселені тиісті мекемелер жан-жақты сараптап, нәтижелі жұмыс жасағанын қалар едік, – деді кәсіпкер. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов шаруашылықтарды ара­лаған кезде ең алдымен «Маман­дар жеткілікті ме?» деп сұрайтын көрінеді. Өйткені, өндіріспен бірге ауыл шаруашылығы да қатар дамып жатқан облыстың елді мекендерінде білікті мамандар тапшылығы байқала бастаған. Себебі, олардың басым бөлігі зейнет жасына жеткен, жас­тар қалаға қарай ойысқан. Жермен жұмыс істейтін мамандар аз. Оның үстіне Павлодар облысы Ресейдің облыстарымен шектес. Кеңшарлар тарап, жұмыссыздық белең алған қысылтаяң уақытта көптеген отбасы көршілес мемлекетке қоныс аударған еді. Ресей – олардың тарихи отаны. Қоныс аударғандардың көбі білікті мамандар болатын. Қазір Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы да дамып келеді. Енді жұмыла жұмыс істейтін мамандар керек. Бір ғана мысал. Павлодар облысындағы Екібастұз қаласының қасында «ЭМПК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фермерлік шаруашылығы бар. Осы елді мекенді қиыншылық қыспаққа алған кезде Ресей Федерациясының Волгоград облысына 10 отбасы көшіп кеткен. Олардың арасында агрономдар, зоотехниктер, механизаторлар бар. Қазір облыстардағы әлеуметтік салаға жауапты департаменттер немесе басқармалар бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы бос жұмыс орындары жайлы жиі-жиі мәлімет беріп жатады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарға да сұраныс көп. Осының өзі-ақ аталмыш мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғанын білдіреді.

Ғалым Омархан,

«Егемен Қазақстан»