• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2017

Мақсат – қауіпсіздік пен дамудың үйлесімін орнықтыру

322 рет
көрсетілді

Қазақстан өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған кезде еліміздің нақты немен шұғылданатыны қазақстандықтар үшін белгісіздеу және көмескілеу сияқты еді. Дегенмен, қандай істің де жүзеге асуының белгілі бір уақыты, дәл ұрымтал тұсы болатынын да ескерген жөн. Міне, дәл осы сындарлы сәт биылғы жылдың басына, яғни Қазақстан жоғарыда аталған халықаралық миссиясын бастаған кезге тұспа-тұс келіп отыр. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ ҚК-ге Саяси үндеуі болып табылады. Үндеуде Қазақстанның қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі тұжырымдамалық көзқарасы тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Сондай-ақ, Үндеудің БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш мырзаның өз қызметіне кіріскен кезіне және Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы мүшелігіне 25 жыл толу қарсаңында жариялануының да айтарлықтай сәйкестілігі бар екенін айтқым келеді. Қазақстан Президентінің атынан айтылған тұжырымдамалық көзқарас артық та емес, кем де емес, тұп-тура жеті басымдықтан тұрады. Жалпы айтқанда, жеті санын халқымыз кие тұтатынын, бұл сан тек сәтті, бірыңғай жақсылық пен тек оң ниеттегі жорамалдармен сабақтастырыла, байланыстырыла айтылатынын да ескерген жөн. Тағы бір айтайын дегенім, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты және тұрақты емес мүшелері бар екені белгілі. Қазақстан олармен бірлескен іс-қимылды қалай қалыптастыра алады? Бұл жөнінде Саяси үндеуде көрсетілген нақты тұжырымдар кез келген адамның сана-сезіміне тез қонақтай қалаты­нына ешқандай күмәнім жоқ. Яғни, мұның басты жолы жаһандық және өңірлік сын-қатерлердің шешімін бірлесіп табуды іздестіру және бірлесіп шешу болмақ. Сондай-ақ, бұл жөніне ұжым­дық жауапкершілік қалып­тастырудың қажеттілігі де ортақ іске тек тиімділік әкелмек. Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Саяси үндеуде көр­сетілген жеті басымдық – Қа­зақстанның БҰҰ-да алдағы екі жылдың ішінде атқаратын қызметінің айқын бағдарламасы іспеттес. Бұлай деу аз. Осы жеті басымдық БҰҰ қызметінің басты мақсаты – ядролық қарусыз әлем құруға қосатын Қазақстанның қа­рыш­ты қадамының құжат түрін­дегі көрінісі деуге де болады. Өткен сейсенбі күні Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде оның «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталасына қатысқаны белгілі. Осы пікірталас кезінде Қазақстан Президентінің Үндеуі отырыс қатысушыларының жоғары бағасына ие болғаны әрі осы Үндеуді БҰҰ ҚК-нің ресми құжаты ретіне тіркеу туралы шешім қабылданғаны да тектен тек емес. Бұл, біріншіден, Саяси үндеудің салмағы мен маңызының және өзектілігінің басты белгісі. Бейбітшілік және қауіпсіздік пен даму ұғымдарын бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Бұл үшеуі қашанда бір-бірімен үндесіп және бірін-бірі толықтырып отырады. Қазақстан Президентінің Саяси үндеуі соның бәрінің байланыстылығын дәл әрі нақты түрде тұжырымдай білуімен құнды деп білеміз. Хайдар ҚАПАНОВ, саясаттанушы