• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:15

Құндылықтар құнтталған құжат

10 рет
көрсетілді

Ақтөбеде өткен «Жаңартылған Конституция – тұрақты даму» форумында белсенді жастар, мемлекеттік органдар өкілдері мен сарапшылар, депутаттар жаңа Конституция жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылады.

«Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Ораш еліміздің түкпір-түк­пірін аралап, жұртшылықпен кез­десіп жүрген «Әділетті және прогрес­сивті Қазақстанның халықтық Конс­титуциясы үшін» жалпыұлттық коа­­лиция мүшелеріне «Жаңа Конс­титу­ци­яны қабылдаудың қанша­лық­ты қа­жеттілігі болды?» деген сауал жиі қойылатынын жасырмады. Оның айтуынша, қазіргі жүргізіліп жатқан Конституциялық реформа – 2022 жылы басталған саяси өзге­рі­с­тердің заңды әрі логикалық жалғасы. Сол жылы Ата заңымызға енгізілген реформалардың алғашқы пакеті қабылданып, ел дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 2025 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев суперпрезиденттік басқару үлгісінен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын ұсынды. Осы кезде бірқатар қоғам белсенділері мен сарапшылар Парламентті унитарлық мемлекет құрылысына сай реформалауды ұсыныс етіп, 2025 жылы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет бас­шысы осы мәселені талқылауға шы­ғарды. Арнайы жұмыс тобы құ­рыл­ды. Комиссия мүшелеріне 2 мыңнан аса ұсыныс түссе, оның 600-і Парламент жұмысына қа­тысты, ал 1 500-і мемлекеттік билік­тің басқа тармақтары мен Консти­ту­­ция­­­ның кей баптарын рефор­малау­ды көр­­­сет­кен. Осылайша, Пар­ла­ментті реформалау ауқымды консти­ту­циялық рефор­маға ұласты.

«Қоғамдық келісім» РММ жетек­ші сарапшысы, PhD Ержан Ибраев Ата заң жобасында 77 бапқа қатысты өзге­рістер енгізіліп жатқа­нын хабарлады.

«Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамға бағдарланған сипаты мен идеологиялық мазмұны­ның күшейтілуі. Осы негізде мем­ле­кет­тің стратегиялық бағыты – білім мен ғылым, инновацияны дамыту, мәдениетті өркендету. Өйткені әлемде адам болжай алмайтын үр­діс­тер орын алып жатқан қазіргі уа­қытта білім мен инновация саласы өте өзекті. Ешбір табиғи қазба байлығы жоқ елдердің адам капиталын ұлғайтып, жоғары дамыған мемлекеттер қатарына еніп отырғаны бізді де ойландыруға тиіс. 1965 жылы тәуел­сіздік алған кезде өте кедей мем­лекет Сингапур «елдің байлығы – білімді адам» деген ұстаныммен, білім мен технологияға, оған қоса тәр­тіп пен еңбекқорлық сияқты ада­ми қасиеттерге басымдық бе­ріп, 25 жыл ішінде «Азия барысына» айналды. Сингапур 2025 жылы экономикалық бәсекелестік бо­йынша Швейцариядан кейін екінші орынға, сол жылы капиталы бойынша бірінші орынға көтерілді. Өткен жылы Қазақстан адам даму индексі бойынша әлемде 67-орынға ие болды. Бұл ортадан сәл жоғары деңгейдегі мемлекеттер қатарына енгенімізді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің әлеуеті өте зор. Оған еліміздің кейінгі жылдары білім мен ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатқаны дәлел болады. Мемлекетіміз жастарға инвестиция құйып жатыр. Біліммен қоса тәр­бие­ні де қатар алып жүруіміз өте ма­ңызды», деді Е.Ибраев.

Облыстық жастар саясаты бас­қар­масы басшысының орынбаса­ры Мәди Жайлыбайұлы өңір жас­тарын 15 наурыз күні болатын рефе­рен­дум­ға қатысуға шақырды.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында 18–35 жас аралығындағы 220 мыңдай жас тұрады. Жас белсенді Дастан Құрманбай жаңа Конституция жоба­сындағы волонтерлік қызметке қатысты баптың енгізілуі жастарға сенім беріп, қайырымдылық іс жасауға құмар жандар қатарын көбейтеді деген пікірде.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар