• RUB:
    6.11
  • USD:
    472.03
  • EUR:
    540.29
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Астанамен бірге есейген полицей: Туған қаласына қызмет етіп жүрген Ризат Сейілқановтың өмір тарихы

Елорда күні Сарыарқа аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Ризат Сейілқанов та туған күнін атап өтеді. Биыл полиция қызметкері де, Астана қаласы да 28 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Ризат Сейілқановтың өмірі Астанамен тығыз байланысты. Ол осы қалада дүниеге келіп, өсіп-жетілді, білім алып, отбасын құрды. Оның айтуынша, Сарыарқа ауданы өзіне ерекше ыстық, өйткені балалық және жастық шағы дәл осы ауданда өткен. Бүгінде ол туған ауданындағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.

Әке жолын жалғап, киберқылмыспен күреске келді

Ризаттың болашақ мамандығын таңдауы ерте қалыптасқан. Бұл жолда оған әкесі үлгі болған. Мектепті тәмамдаған соң ІІМ академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы полиция қызметінің қыр-сырын меңгерді.

Оқуын аяқтағаннан кейін туған қаласына оралып, соңғы алты жылдан бері Астана қалалық полиция департаментінде қызмет атқарып келеді.

Қазіргі таңда полиция лейтенанты киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінде еңбек етеді. Ол әріптестерімен бірге интернет-алаяқтық қылмыстарын ашумен айналысып, зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді және тұрғындар арасында интернет қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Қызметтен тыс уақытта Ризат –  ардақты жар, қамқор әке. Жұбайы Дильназбен бірге ұл тәрбиелеп отыр. Сондай-ақ бос уақытында футбол ойнап, Астана қалалық полиция департаментінің құрамасы сапында өнер көрсетеді.

«Мен Астанамен бірге есейдім және бүгін туған қалама қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Елордамыз бұдан әрі де дамып, әрбір тұрғын үшін қауіпсіз әрі жайлы қалаға айнала берсін. Әр адам өз қаласын сүйіп, оны аялай білуі керек», дейді Ризат Сейілқанов.

Соңғы жаңалықтар