Алматыда құқық қорғау органдары түнгі көше жарысын тоқтатты. Жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көліктер айып тұрағына қойылды, деп жазады Egemen.kz
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ереже бұзғандарды патрульдік полиция экипажы байқап қалған. Рациямен хабарлама беріліп, маңайдағы полиция жасақтары Рысқұлов даңғылы мен Күдерин көшесінің қиылысында көліктер легін қоршауға алып, тоқтатқан.
Алматыдағы қауіпті кортеж: Түлектер мен ата-аналарға айыппұл салынды
Жалпы саны 10 автокөлік ұсталды, арасында қымбат бағалы көліктер де бар.
«Әрбір жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді. Көліктер мамандандырылған айып тұрағына жеткізілді», делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматы қаласында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде қауіпті жарыс өткізген көлік жүргізушілері жауапқа тартылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.