Әз Наурыз. Ұлыс Наурыз, ұлыстың ұлы күні атанған ұлық Наурыз. Той Наурыз, думан Наурыз. Аузымызды аққа толтырған, бір төлімізді екеу, екеуін бесеу қылып, қорамызды малға, төрімізді жанға толтырған құт Наурыз, береке Наурыз! Сонау бір алыс ғасырларда той болып, думан болып үрдісімізге айналып, әлдиленіп алшаң басқанымен, бертін келе қызыл қырғынның қармағына ілініп, қағажу көріп, жадымыздан өшіріле жаздаған Наурыз еді бұл.
Тарихты зерттеп, зерделеп жүргендер Наурыз соңғы рет 1926 жылы мерекеленді, одан кейін оны тойлауға тыйым салынды дейді ғой. Оның дұрыс, бұрыстығына төрелік айтар ойым жоқ. Бірақ бала күнімде – қырқыншы жылдардың соңғы шенінде бастан кешкен мына бір жағдай есте қалыпты. Он жасқа да толмаған шығармын онда. Балалардың сүт кенжесі болғандықтан, шешемнің жанынан қалмайтынмын. Бір жолы көрші әйелдер мен қыздарды кірістіріп бас-аяғы бір ғана бөлмелі үккіштей үйіміздің ішкі қабырғаларын ақтап, еденін жуып, жалтыратып дегендей, шешем өмірі істеп көрмеген шаруа тындырғанын көріп таң қалғаным бар. Онымен де қоймай, кешкісін өзінің үстіндегісін қоса, бар ішкі киімімді шешіп алып жуды да, жіп керіп жайып тастады. Таңертең тұрғанда түнімен кеуіп қалған киімдерімді киіп алып, жаңа дүние қолыма түскендей масайрай қуанғаным әлі есімде. Одан соң үстіне бар тәуірін киіп, мені қолымнан ұстап ерекше бір көтеріңкі көңілмен қотанға шықты. Өз көзіме өзім сенбей мен келемін. Көше бойы қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер. Менің шешем сияқты егде әйелдер де қалыспай маң-маң басып көшеге шығыпты. Қарсы кездескендері бір-біріне анадайдан бас шұлғып: Наурыз құтты болсын, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деген сияқты тілектерін айтып мәз бола қалады. Бала да болсам бұрын мен көрмеген көрініс, мен естімеген сөздер екенін аңдадым. Мәнісін сұраймын шешемнен.
«Оның реті бар ғой, құлыным, – деп анам шешіліп кетердей мінез аңғартты. – Ертең, Алла нәсіп етсе, Наурыз тойын тойламақпыз. Ел болып, жұрт болып көзге көрсете тойламақпыз. Сен әлі баласың ғой, бәрін біле бермейсің. Бұрын біз Наурыз тойын ашық тойламайтынбыз. Оған рұқсат бермейтін. Ертең жасырып, бұқпай-ақ тәуір киініп, ән шырқап, би билейтін жастарды бастап көшеге шығып, көрмекпіз. Өз тойларын сырнайлатып, алаулатып, жалаулатып дүрілдете тойлап жататындардан біз кембіз бе, әлде біздің Наурызымыз басқа тойлардан төмен бе! Тойдың бәрі – той. Баяғыда үлкендеріміз Наурыз тойда ат шаптырып, балуан күрестірдік, күміс іліп, теңге аттық, қыз қуып, аузынан сүйдік, жұмбақ шешіп біліктілік, тақпақ айтып сөз жарыстырдық, деп отырушы еді. Біз неге сөйтпейміз? Тіпті тап сөйтпеген күннің өзінде де соның рәсімін жасап, жөн-жоба көрсете алсақ, ежелден бар ескі дәстүріміз қайта туып, қайта жаңғырып кетер ме еді, қайтер еді?».
Осыны айтып шешем ауыр күрсіне сөзін аяқтады. Сол түні біздің үйдің жермай шамы таң атқанша сөнбей жанып тұрды. Ертерек қисайып, тәтті ұйқыға енсем де анамның түні бойы әлде не шаруа қамдап, шала ұйықтағанын біліп жаттым...
«Наурыз – табиғаттың мейрамы» деп бағалаған екен Алаштың ардақтылары. Осынау сөзді растағандай, ертеңіне күн де жадырай жайнап, табиғат мүлде құлпырып, түрленіп кетті. Бұл күні «Самарқанның көк тасы жібиді» деп жатады ғой. Сол рас шығар. Сарыарқаның сары аязы қысып келген арқамыз жазылып, шекемізді күн қыздыра бастады. Маужырап масайрай қалған күн райы қатыңқы қабақ атаулыны да ашып, әр көңілдің хошын келтірді. Қотанға шыққандардың бәрі мырза мінез, бірімен бірі бауыр, туыс болып кеткендей. Жаңа көргендей бірін бірі бауырына басады, бетінен сүйеді, ыстық құшағына алады. Неткен шат көңіл, жайсаң жандар десеңші. Енді бір сәтте көшенің ана бір тұсынан шырқай салған ән естілді. Мен қолымнан ұстап келе жатқан шешемді солай қарай бейімдедім. Ән естілген соң, өзі де елегізіп келеді екен, аяғын тезірек басып, жүрісін үдете түскендей болды. Ән бастаған ауыл қыздары екен. Күн көзі жадырап, жылуын төгіп тұрған мына Наурыз тойына орай үкілі тақияларын киіп, шолпы-моншақтарын тағынып, желбіреуікті көйлегі жарасып, әркім өз қадір-қасиетіне қарай сән-салтанатын асыра шығыпты. Ән асқақтап барады. Қысылмай, қымтырылмай төгіліп жатыр. Толассыз тасқындаған ерке ән талайды тебірентіп, талайдың делебесін қоздырды, жастықтың беті қайтпаған бұла күші енді бір сәт дене қимылына ұласып, кейбір сылқым қыздар бұрала басып билей жөнеліп еді, оған ауыл бозбалалары қосылып одан әрі қыздырып әкетті. Сол есіме түскенде бүгінгі бір білгіштердің «қазақта бұрын би болмаған» деген далбасасына қалай ызаланбассың. Кең даласы әндетіп тұратын бұл қазақ биді де әннен кем қылмай билеп берген. Әнмен ашық айтып жеткізе алмаған тұнық сырларын, құпия ой-армандарын, нәп-нәзік көңіл-күйлерін жастар келісті қимылмен, би тілімен білдіретін болған. Қазақта бұрын би болмаса, талайды таң қалдырып, тамсандырып жүрген анау «Қаражорға» биі қайдан келіпті, аспаннан түсіп пе?! Бір адам емес, тіпті жүз емес, мың емес, сан мың биші қатысып, бір ілкісі, бір шашауы жоқ биді бір кісідей бір мінсіз орындап береді десең, бұған көзбен көріп, бар жан-тәнімен, бүкіл болмысымен сезінбеген кісіні сендірудің өзі қиын. Мұндай бірегей қимыл, біртұтас ырғақ, сұлу сазға ұласқан би құдіретімен ғана тербеліп, би күшімен ғана шешімін табады.
Басқа халықтарды білмеймін, ал біздің қазақ үшін ән мен бидің арғы атасы, түп төркіні біреу ғана. Оның аты – сезім. Кәдімгі ыстық сезім, өзіңді мас, көңілді жас қылатын іңкәр сезім. Сезімге құрылмаған ән де ән болып жарытпайды. Абай айтқандай, «құр айқай» болып шығады. Сезімге құрылмаса би де би болып оңдырмайды, құр тыртаң, одағай секіріске айналып кетеді.
Сонау бір алыс жылдарда, менің бала кезімде алғаш тойланған сол Наурыз мерекесі зерек көңіл шешеме осы сияқты ой салды білемін, ол маған сол Ұлыстың ұлы күніне орайластырып көп-көп әңгіме айтып, көп-көп сыр шерткен еді. Шешем сонда әр үйге бас сұғып, арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, ақ тілегін білдірді. Наурыз көже ішіліп, Наурыз бата беріліп жатты. Тәтті атаулының қазіргідей емес, тапшы кезі ғой. Оның есесіне қойны-қонышымыз кептірілген құрт-ірімшікке толды. Анамның көңілі бір көтеріліп, төбесі көкке жеткендей болып еді. Бірақ онысы өзіне жақпады, басына пәле болып жабыса жаздапты. Кешкісін жастар жағы бір үйде бас қосып, өздерінше ойын ойнап, менің анаммен тұрғылас егде әйелдер мен ер-азаматтар ауыл мектебіне жиналып, «ұзын сарыға» деп сақталған сүр еттен жеп, бабы келіскен қою шайға ден қояды ғой. Осы маңайдағы үш-төрт ауылға қожа болып шаш ал десе бас алып жүретін Жанай деген бір «қызыл жаға» бар еді. Сол кіріп келіп лаң шығарыпты. «Сендер совет заңына қарсы шықтыңдар, сол үшін Наурыз деген бірдеңені ойлап тауыпсыңдар», – деп осында жиналғандарды қуып таратыпты. Әсіресе, «Осының бәрін ұйымдастырған сен», деп менің шешеме көп шүйлігіпті. Ауылымызда аудандық кеңеске депутат болып сайланған бір белсенді ағамыз бар еді. «Аққа құдай жақ» дегендей, әңгімеге сол араласып, Алла сақтапты, әйтеуір.
Сөйтіп әз Наурызымыз, ұлыс Наурызымыз, ұлық Наурызымыз бір кезде тұтқынға түсіп, дін мерекесі делініп 60 жыл бойы тұтқын болып келген екен. Бостандық, азаттық, тәуелсіздік деген ұлы сөздер қоғамды, заманды ғана емес, сананы сілкіп, наным-сенімді өзгертері, ақыл-ойды нұрландырары хақ. Асып туған ақын Мағжан Жұмабаев бір кезде «Қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы», – деп қадай, шегелей айтса да, оған ешкім құлақ аспапты. Қазақстанмен қоса бүкіл Шығыс халықтары тойлайтын Наурызды қазір діни мереке деу күлкілі болып естілер еді. Мағжанның «тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы» деуі өте дәл айтылған сөз. Наурыз – көктемнің бірінші айы. Күн көзінің жылуы артып, табиғаттың мейірімі молая түседі. Жердің тоңы жібіп, қатқақ кетеді. Диқан қауым бау-бақша баптап, егін егуге дайындала бастайды. Мал төлдеп, әнші құстардың тынбай сайрайтыны да осы кез.
Арғы ата-бабаларымыз наурыз айын жыл басы деп есептеп қандай көрегендік жасаған десеңізші. Әдетте сәтті басталған істің сәтті аяқталары анық. Жыл да сол сияқты. Қыстың қаһарлы күндері артта қалатын наурыз айында басталған жылдың да сәтті болары күмән туғызбайды. Наурыздан соң Ыбырай бабамызша айтқанда, рахмет туы көтерілетін сәуір тұр. Сәуірден кейін мамыражай мамыр тұр. «Мамыр» құс балапаны дегенді білдіреді. Екінші мағынасы тоқшылық деген сөз екен. Наурыз айынан кейін рахмет туы көтерілер болса, құс балапанындай мамырлап тоқшылық кірсе, одан әрі маусым, шілде болып жалғасып жадыраған жаз тұрса, жақсылықты, жақсы күндерді алдан күтіп, шаруасын тындыра беретін біздің қазаққа бұдан артық не керек! Көгілдір көктеміміз Наурыз болып туып, сәуір болып, мамыр болып, маусым, шілде, тамыз болып ұласып кететін жаңа жылымыз құтты жыл, ырысты жыл, ырысымыз келешектің көп күндерінің бәріне жұғысты жыл, тоқ жыл, уайым-қайғы жоқ жыл, естен кетпес қызық қуанышы көп жыл болсын! – деп тілейміз.
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ.
Алматы.